​«Қызымнан бас тартып, өзге әйелдің қолына бердім»: тараздық келіншек өзегін өртеген өкінішімен бөлісті

0
1 656

«Сүйгенімнің үш баласы бар екен»


​«Қызымнан бас тартып, өзге әйелдің қолына бердім»: тараздық келіншек өзегін өртеген өкінішімен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде адам шарасыздықтан не істеп, не қойғанын білмей қалады екен. Содан шығар қазақ «қатты қуанып тұрғанда уәде берме, қатты ашуланғанда ауыр сөз айтпа» дейтіні. Мен таяуда орны толмас қателікке ұрынып, басымды тауға да, тасқа да соғып отырмын», - дейді Ақжарқын есімді тараздық оқырманымыз.


Таяуда ғана екінші перзентін дүниеге әкелген Ақжарқын нәрестесін өз еркімен басқаға беріпті. Мұндай шешім қабылдауына себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Дәл қазіргі менің күйімді ешбір анаға тілемеймін. Осы отырғанда менің омырауым иіп, кеудемді сүт керіп, қиналып отырмын. Уызына қанбай, бөтеннің қолында кеткен кішкентай періштемді ойлаған сайын өзімді жек көремін. Бірақ көзіме жас келмейді, тек көкірегім солқылдап, ішім қан жылайды. Мен өмірдегі ең жаман адаммын, мен ана деген атқа лайық емеспін. Өйткені мен тоғыз ай көтеріп, толғатып туған қызымды өз қолыммен басқа әйелдің бауырына салдым.


Жасым жиырма бесте. Ата-анам, бауырларым бар. Бірақ жоқшылықта өмір сүрдік, елдің кигенін кие алмадық, жегенін жей алмадық. Ата-анам тіпті жоғары оқу орны туралы әңгіме қозғасақ ұрыс шығарып жіберетін. «Аштан қатырмай өсіргенімізге риза болыңдар, оқуларыңды төлейтін шамамыз жоқ. Қара жұмыс істегендер де ешкімнен кем емес, төрт жыл босқа сенделгенше жұмыс істеңдер» деп отыратын. Сол себепті мектеп бітіргеннен кейін бір жыл дүкенде сатушы, ауылдың тойханасында даяшы болып жүрдім. Бірақ келесі оқу жылында өз күшіммен университетке құжаттарымды тапсырып, студент атандым. Оқуымның ақысын күндіз жұмыс істеп, өзім табамын деп ойлғам. Бір жыл солай болды да. Екінші курстың ортасында мені Данияр деген жігіт алып қашып кетті. Екеуміз танысып, біраз уақыт кездесіп жүргенбіз. Менің келісімімді сұрамай, айтпай алып қашып кеткеніне қатты ашулансам да «тағдырыма жазылғаны осы шығар» деп көне салдым.


Келін болып түскен шаңырағым мені қабылдай алмады. Бірінші күннен отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Жолдасым да өте жуас жігіт еді. Енем мен қайынсіңілілерімнің, абысындарымның түрnпегінен әбден шаршадым. Оның үстіне күйеуім маған тірек болудың орнына өз бетімен жүретін. Аяғым ауыр кезде бір рет те маған көңіл аударған емес. Не жұмысы жоқ, тауып жатқан табысы жоқ, титықтап кеттім.


Сенесіз бе, тұңғышымды босанғанда тіпті бір жаялық алуға ақшамыз болмады. Мен осының бәріне ары қарай да шыдар едім. Бірде ол үйге ішіп келіп, ұрыс-керіс шығарып, анасының сөзіне еріп, мені баламмен үйден қуып шықты. Амал жоқ өзімнің туған үйіме қайтып бардым.


Біраз уақыттан кейін күйеуім ойланып, балам екеумізді алып кетер деп үміттеніп жүрдім. Бірақ Даниярдан хабар-ошар болмады. Кейін анам құдағиына хабарласқан еді, ол кісі «Ұлым әйелімен қосылғысы жоқ» депті.


Сонымен баламды құшақтап жалғыз қалдым. Балам екі жасқа келіп, әжептәуір өсіп қалғанда оны анама тастап өзім жұмыс істеуге қалаға келдім. Тынбай жұмыс істеп, тапқан-тергенімді анама жіберіп тұрдым. Уақыт зымырап өте берді.


Қалаға келгеніме екі жыл толғанда бір жігітке сезімім оянды. Аты Самат еді. Баламның барын, бұрын тұрмыста болғанымды жасырмай айттым. «Өзіңе де, балаңа да қамқор боламын» деп уәдесін беріп, қолыма алтын жүзік тақты. «Енді ата-анаммен таныстырайын» деп жүрген кезіміз еді, бір күні аяғымның ауырлағанын білдім. Жаңалықты естігенде Самат қуанған еді. Бірақ бірте-бірте кездесуді сиретіп, арамыз алыстай берді.


Бір күні жұмыстан шаршап келіп, шай ішіп отырсам, бөтен біреу телефон соқты. «Мен Саматтың әйелімін. Екіқабатпын деп басын айналдырып жүр екенсің. Үш баласы тұрғанда Самат сені алмайды, армандама!» деп тұтқаны қоя салды. Бұл кезде ішім әжептеуір білініп, бала қимылдап қалған. Әлгі сөздерден кейін баланы алдырарымды да, алдырмасымды да білмей, дал болдым. Некесіз сәбимен ауылға барсам әкемнің тірідей көметіні анық. Онсыз да Даниярдан туған балама қырын қарайды. Алдырсам адам өлтіргендей болмаймын ба? Осындай оймен бір апта жүрдім.


Сөйтіп жүргенде Самат бірнеше рет телефон шалды, бірақ оның қоңырауына жауап та бермедім. Осыншалықты өзімнің алданғаныма, оның менің сезіміммен ойнағанына ызам келді. Ауылдан анам хабарласқан сайын көмейіме өксік тығылатын, бірақ жүкті екенімді айта алмадым. Ай-күнім жетіп перзентханаға түстім де, әп-әдемі қызды дүниеге әкелдім.


Перзентханадан шығатын күні педиатрға барып «мен мына қыздан бас тартамын, асырауға шамам жоқ, әкесі жүктілігімді білгенде тастап кеткен» деп басымдағы жағдайды жасырмай айтып бердім. Ол кісі мені мұқият тыңдады да, «Баладан бас тартқың келсе, онда алдымен перзентханадан шығып ал. Әйтпесе мұнда қалған баланың тағдыры қандай боларын, кімге, қайда кетерін білмейсің. Мен сені өз үйіме апарайын» деп ертіп кетті.


Дәрігер апайдың туған сіңлісі он жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген екен. «Қызың сіңлімнің қолына түссе жаман болмайды, алақанына салып өсіреді. Заңмен, құжаттарын туралап сіңлімнің атына аударып бер. Сенің бөбегің махаббатқа бөленіп, жақсы отбасында тәрбиеленеді» деді. Мен амал жоқ, келістім, өйткені келіспеске амалым жоқ еді.


Көп ұзамай бала асырап алғысы келетін отбасымен де таныстық. Бала сүйе алмай жүрген әйелдің жүзі жылы екен. Ол менің қызымды қолына ала салып жылап жіберді. Біреулер бір перзентке зар болып жүргенде туған баламнан бас тартып отырған менің тірлігім айуандық сияқты көрінді. Бірақ елдің өсегіне қалудан, жоқшылықтан қорықтым. Сонымен мен баламнан заңды түрде бас тарттым, осыдан бір апта бұрын сот болып, қызым енді нағыз ата-анасына берілді. Бірақ өзегімді өртеген өкінішті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Омырауымнан шыққан сүттің дәмі кермек татиды. Көзімнің жасы сүтпен қосылып ағып жатқандай. Түнімен жаман түс көріп, мазам кетті.


Өмірде мен сияқты жігіттің әдемі сөзіне сеніп, сан соғып қалған қыздар көп шығар. Басыңыздан осындай оқиға өтсе, онда еш уақытта баладан бас тартпаңыздаршы дегім келеді. Ал ең дұрысы – жігіттің құрғақ уәдесіне алданбау. «Сүйем, күйем» дегеннің бәріне сырыңды да, жүрегіңді де аша бермеу керек екен».