Ол сол бір күнгі оқиғасынан студент атанғалы отырған жастар сабақ алса екен дейді.
Фото: i.pinimg.com
Мектепті бітірген түлектердің көбісі биыл студент атанады. Ата-аналар оқу жылы басталғанша «ең бірінші досты дұрыс таңда», «ішімдік пен темекіге жолама» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып жатқаны белгілі.
«Десе де, алкогольді ішімдікті ішіп көрмеген студент бар десе, мен сенбеймін», - дейді алматылық Нұрлықыз есімді әйел.
Оның да ата-анасы талай рет айтқанымен, ол группаластарымен бірге шарап ішіпті. Бірақ өмірінде алғаш рет 3-курста ішіп, одан соң 40 жыл өтсе де ол спиртті ішімдікті татып алмапты. Нұрлықыз «бір-ақ рет іштім, алайда сол күні болған оқиға әлі күнге дейін мені өкіндіреді», - деп мұңайды.
Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Үшінші курстың жазғы емтихандарын тапсырып біткен соң топтың қыздары жатақханада отырыс жасадық. Ол уақытта кафе аз ба, әлде оған баратын ақшамыз жоқ па, әйтеуір туған күнді де, барлық отырысты жатақханада атап өтетінбіз.
Бөлмеміздің кішкентай үстелін жайнатып қойып, он шақты студент төртінші курсқа өткенімізді жудық. Басқа бөлмелерде де «жуу» болып, сол күн думанды өтіп жатты.
Сол күні жатақханада бөтен институттың жігіттері көп болды. Қыздар да, жігіттер де мас, көңілді.
Қарсы бөлмеде төртінші курстың қыздары тұратын, олар институтты бітіргендерін тойлауда. «Тост айтыңдар» деп, бізді бөлмелеріне қоярда қоймай шақырды. Көрікті үш жігіт отыр. Олар мүлде ішпейтін мені ішкізіп жіберді. Шарап таусылған соң арақ ашылды...
Бірінші рет спирттік ішімдік ішкеннен соң ба, мен аз уақытта аяғымды, тілімді меңгере алмай қалдым. Кәдімгідей буындарым былқ-сылқ. Жүрегім айнып, құсқым кеп бөлмеден әрең шықтым. Бөлмеге дейін қанша уақыт жүріп жеткенімді білмеймін, әйтеуір жеттім. Төсегіме кеп құлаған соң өзімді өзім тастап жібердім-ау деймін, бөлмеге кіріп-шыққандарға сөйлеуге шамам келмеді. Бөлмеден шатасқан бір мас екі жұп кіріп біраз уақыт сүйісті, біреу кіріп жарықты жағып Раушанды сұрады. Осылар ғана есімде, ары қарай ұйықтап кетіппін.
Көзімнің оты жарқ ете қалды да, оянып кеттім. Бөлме іші қап-қараңғы. Еңгезердей бір жігіт үстіме шығып алып, умаждап жатыр екен. Айқайлайын десем даусым да шығар емес. Әлгі жігіт жылдам бөлмеден шығып кетті. Орнымнан тұра алмай біраз уақыт жаттым. Аузым кеуіп шөлдеп барам.
Түс көріп жатқандаймын. Таңертең төсенішімдегі пәктік белгісін көргенде ғана түс емес екенін түсіндім. Не болғанын есіме түсіре алмай мең-зең боп отырғанымда, бөлмеге Раушан мен Оразкүл кірді. Бірі таңға дейін аулада төртінші курстың жігіттерімен гитара тартып, ән тыңдап отырыпты, ал екіншісі көрші бөлмеде ұйықтап қалыпты. Ал мен түнде зорланғанымды жасырып қалдым.
Олар сол күйі менің оқиғам туралы білмеді. Өйткені жазғы демалысқа шығып кеттік. Қыркүйекте оқуға келгенде құрсағымдағы шаранаға үш айлық болған еді. Жазғы демалыста ауылда алып-қашудың құрбаны болғанымды, мінезіміз жараспай ажырасып кеткенімізді айтып сұрақтардан құтылдым.
Әке-шешеме «жігітім тастап кетті» деп айтқанмын. «Не істесең де қалада бол, ауылға келіп қарабет етпе» деп, олар мені үйден қуып шыққандай болды.
Босандым. Өмірге қыз бала келді. Бөлмелес құрбыларымның көмегімен дипломымды да әйтеуір алдым.
Мен өмірімді қызыма арнадым. Жалғыз өзім өсірдім. Қазір қызым 16 жаста. Осы жасқа дейін «әкесі сыртымнан көріп жүрген шығар, кеп қалар» деп күттім. Түрін есіме түсіру үшін, кім екенін білу үшін гипноз маманына да, балгерге де талай рет барғанмын. Әрекетімнен түк шықпады. Мен әлі күнге дейін қызымның әкесінің кім екенін білмеймін. Жанымды, санамды қинай бермей, бұл сұраққа жауап іздеуді тоқтаттым.
Қиындықтың бәрі артта қалған. Ата-анам, бауырларым менімен араласып тұрады. Бұрынғыдай мен оқиғамды ешкімнен жасырмай айта беремін. Бірақ ешкім сенбейді.
Мен үшінші курстағы оқиғадан соң спиртті ішімдік татып алған емеспін. Тіпті десеңіз, содан соң ешқандай еркекпен тән жақындастығына да бармағанмын. Ұйықтап жатқанымда «болғандықтан», түпсанамда бір қорқыныш қалғандай, еркек атаулы жаныма жақындап кетсе, кірпіше жиырылып қалам. Шынымды айтсам, еркек құшағын қаламаймын да... қажет етпеймін.
Өкініштісі, менің бұл сөзіме ешкімнің сенбейтіні емес, құрбыларымның, жақындарымның маған Алматының бүкіл еркегінің құшағына жатып шыққандай қарайтындығы.
Жаңа көйлек сатып алсам, қызыммен шипажайға барсам да, инстаграмдағы суреттерімді көрген құрбыларым «Үндемей жүріп бәрін тындырып жүрсің бе?» дейді қулана күліп. Бір қызым мен өзімді қажеттіліктермен қамтамасыз етуге жалақым жетеді ғой. Оның үстіне мұғалімдердің қазір жалақысы да жақсы. Бірақ сонда да айналамдағы адамдар мен не алсам да күдікпен қарайды.
Жақында ипотекамен екі бөлмелі пәтер алғанымда да, құрбыларым «Кім әперді, біз танимыз ба?» деп сұрады.
Соңғы кезде ешкімге ақталмайтын болдым. Бірақ сонда да айналамдағы адамдардың маған күдікпен, басқаша көзқараспен қарайтыны зығырданымды қайнатады.
...Сол күні шамама қарап ішкенімде, жо-жоқ мүлде ішпегенімде қазір өмірім басқаша болар еді-ау... Бәрінен де қызымның әкесі кім екенін өмір бойы білмейтінімді өкінішті...»
Ұқсас оқиғалар:
«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды