«Құтқарып алатын кім бар?»
иллюстрациялық фото интернеттен алынды
Күні кеше Түркістан облысы, Ордабасы ауданында сұмдық жағдай орын алды. Өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен төрт баланың әкесі қамауға алынды. Қызғаншақ күйеу 37 жастағы әйелін балаларының көзінше әбден соққыға жығып, тістерін түгел қағып алып, шашын жұлып тастағаны жарияланды.
Осы оқиға жария болған соң ERNUR.KZ тілшісіне Тараз қаласынан бір әйел телефон шалды. «Болған оқиғаны естігелі бері берекем қашты. Күйеуінен таяқ жеп, көз жұмған әйелдің тағдырын мен де қайталайтын сияқтымын», - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген оқырманымыз.
«Өтірік айтып қайтейін, мен мектептегі ең сұлу қыз едім. Сұлулығыма атты кісі бұрылып, жаяу кісі жығыла қарайтын. Сол сұлулығым қазір өзіме сор болып тиюде.
Мектеп бітірген жылы көрші ауылдың баласы қарсыласқаныма қарамай алып қашты. Ол жігітті сырттай танитынмын, спортпен шұғылтанатын, ірі денелі, достарының арасында абыройлы жігіт еді. Мысы басты ма, әлде оны іштей ұнаттым ба, білмеймін, келін болып түскен жерімде қала бердім.
Беташар өтіп, үйдің шаруасына кірісе бастағанмын. Үйге көрші үйдегі қайным келіп қалды. «Жеңеше, айдай сұлу жеңеше, мен сіздің қайныңыз боламын, бізден не көмек керек?» деп күле сөйлеген. Мен де оған «танысқаныма қуаныштымын, қиын болмаса мына столдарды сыртқа шығарып тастау керек» дедім. Бары – осы. Кешке қарай күйеуім тамағымнан ұстап, қылқындырып «Бұдан былай сен менің әйелімсің! Бөтен еркекпек сөйлеспек түгілі, көзіңді де салушы болма!» деп ұрыс шығарды. Не жазып қойдым деп әбден ойландым. Артық ештеңе айтқан жоқ сияқтымын. Сөйлесем бөтен емес, бауыры ғой деп өзімді ақтап алғым келді. Сонда да күйеумінің қылығын түсіне алмадым.
Күйеуімнің қызғаншақтығы жыл өткен сайын үдеп барады. Үйге кейде жарық, газ тексеріп адамдар келіп қалады. «Мынауың кім? Қай байың?!» деп олар кете салысымен жұдырығын ала жүгіреді.
Тұрмысқа шыққаныма екі жыл болғанда күйеуімнің ұрғанына шыдай алмадым, төркініме баламды көтеріп кетіп қалдым. Екі апта жаттым, болмаған соң ата-анам «Қызым, күйеуіңнен кеткенің дұрыс болмады, ашуың басылса, үйіңе қайт» деп қуып шыққандай болды. Амал жоқ, үйге келдім. Күйеуім мені кетті-ау, келді-ау деген жоқ. «Құмарыңды қандырып, байларыңа барып келдің бе?!» деп мені одан ары азаптай бастады. Ұят та болса айтайын, зорлап тастады. Екі қолымды белдікпен байлап тастаған. Тырп етуге шамам келмеді.
Бүкіл лас тірлігін тындырып болған соң, «Мен сені қалың мал беріп сатып алғанмын, біреуге болған жағдайды айтып, өзіңді масқаралама. Бәрібір ешкім көмектеспейді» деп қатаң ескертті.
Қазір біздің екі ұлымыз бар. Кей күндері тәп-тәуір болып отырады. Бір уақта көзі қызарып, құтырған иттей, жын соққан адамдай бәрімізге тиісіп, әрдеңеден ілік іздеп, мені төмпештеуге дайын тұрады. Соған қарағанда бірдеңе шегеді-ау деймін. Сұрауға да батылым бармайды.
Бір күні әпкем cүндет той істейтін болды. Бауырларым «бәріміз қызыл түсті көйлек киейік» деп келіскен екен. Базардан әп-әдемі қызыл түсті көйлек сатып алғанмын. Тойдан кейін қызыл көйлек киіп, жездеммен бір рет би билегенім үшін атылып кете жаздадым. «Қызыл киіп, кімнің көзіне түскің келді? Құтырайын деген екенсің!» деп аңға алып шығатын мылтықты маңдайыма кезегенде «өлген жерім осы шығар» деп ойладым. Менің шыңғырғанымнан екі балам оянып кетіп, әкесінің аяғына жығылып, жылап, мені өлімнен алып қалды.
Болған жағдайдың шет-жағасын шешеме айтып едім, «Қайтып келгенде екі балаңмен төркінге сыямын деп отырсың ба? Не бітірген оқуың жоқ, жұмыс та жоқ, қалай күн көресің? Кіммен қарайсаң, сонымен ағар, Құдайдан күйеуімнің жүрегіне иман бер деп тіле. Күйеу деген қызғанады, демек ол сені сүйеді...» дегеннен ары аспай отыр.
Туған әке-шешеден қолдау таппаған соң, басқадан не үміт, не қайыр? Қазір өлме-талма күн кешіп жатырмын. «Бүгін не шығарар екен?» деген үрей бір минут та миымнан шықпайды. Қай жерімнен мін тауып қалады деп қас-қабағына қарап отырудан шаршадым. Кей күндері бәріне қолды бір сілтеп, өмірден баз кешіп кеткім келеді. Ондайда екі баламның жәутеңдеген көздері ғана құтқарып қалады.
Не істесем болады? Маған көпшіліктің қолдауы мен ақыл-кеңесі қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді қолдайтын арнайы қор немесе ұйым бар ма? Мені мына тиран күйеуден аман-есен ажыратып алатын адам іздеймін...»