«Мені видеоға түсіріп, күйеуіме көрсеткен»: түркістандық әйелдің отбасын сыныптасы бұзғанын айтты

0
7 418

«20 жылдықтан бас тартуға тура келді»


«Мені видеоға түсіріп, күйеуіме көрсеткен»: түркістандық әйелдің отбасын сыныптасы бұзғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Әрбір адамның басынан алғашқы махаббат, ғашық болу сияқты балалық шақтың тәтті естелігі болса керек. Біз кейде сол тәтті естелікті ешкімге зиянсыз, «өтті – кетті» деп ойлаймыз ғой. Бірақ сол естелік араға 20 жыл салып бір отбасының шырқын бұзды. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектерді түлен түртіп, сыныптасының отбасын ойрандауға шақ қалыпты.


ERNUR.KZ редакциясына Айша есімді оқырман хабарласып, басында болып жатқан проблемасын айтып берді.


«Менің басымнан өтіп жатқан жағдайды біреулерден естісем «мүмкін емес» деп сенбес едім. Бірақ өз басымнан өтіп, шарасыз күйге түскен соң сіздермен бөлісіп, жеңілдеп алғым келіп отыр.


Күйеуім Мейірбек екеуміз көршілес екі ауылда өстік. Ауыл арасы тым жақын еді, бәрі бірін-бірі танитын. Біз де мектеп бітірер жылы серттесіп, сөз байласып, үш жылдан кейін шаңырақ көтердік. Қазір біздің екі ұлымыз бар. Үлкеніміз жоғары сыныпқа өтіп қалды. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, тәп-тәуір тіршілік кешіп жатқанбыз. Әйел болғасын кейбір дүниеге көңілің толмай, күйеуіңе ренжитін кездер болып тұрады ғой. Соңғы жылдары менің де жүйкем сыр берді ме, күйеуіме «осы үйдің бар шығыны менің мойнымда, сенің тапқаның тамақтан артылмайды, қашан жұрт сияқты тәуір өмір сүреміз» деп айтып қоятынмын. Сондай майда-шүйде нәрселермен ара-тұра ренжісіп қалғанымыз болмаса, одан әріге бармағанбыз.

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болады екен. Былтыр сыныптастар уатсаптан ортақ чат ашып, бәріміз соған қосылғанбыз. Біздің жақта мектеп бітірген түлектердің 20 жылдық кездесуі ерекше өтеді. Алдымен қыздар жағы жігіттерді келіншектерімен қосып қонақ етеді. Одан кейін сыныптас жігіттер ауылда көкпар, футболдан жарыс ұйымдастырады, үлкен ас береді. Мамыр айында мектептің бүкіл түлегі бір тойханада бас қосып, думандатады.


Сол себепті қыздар жағы бұл басқосуға жыл бұрын дайындалады. Жігіттерді күтетін кафе іздеп, оларға беретін сыйлықты таңдап, концерттік бағдарлама әзірлеп дегендей ғой. Содан біз қыздар жағы жеке чат ашып, «қаншадан жинаймыз, қайда істейміз, қанша адам болады» деген нәрсені ортаға салдық. Бірақ он үш қыздың он үш түрлі пікірі бар, ортақ шешімге келу қиын болды. Сөйтіп отырғанда арамыздан біреуі «Бүйтіп ештеңе шеше алмаймыз, бір жерде кездесіп, бетпе-бет талқылайық, әрі сағынысып қалдық қой, бір кездесіп, шай ішейік» деген ұсыныс айтты.


Арасында мектеп бітіргелі көрмеген қыздар бар, барынша дайындалып, барымды киіп мен де бардым. Күшті отырыс болды. Караокемен ән айтып, баяғы балалық шақты еске алдық. «Пәленше есіңде ме, сенің артыңнан жүгіріп еді ғой» деген әңгімелер де айтылды. Кезек маған келгенде параллель сыныптағы алғашқы махаббатымды айтып, әбден ұялтты.

«Айша, соған бекер тие салмадың, қазір аудандағы әкімдікте жақсы қызметте отыр. Күшті боп кеткен» деп құрбым тиісті. Даудырап отырған мен байғұс «Соны айтсайшы, бекер тимеппін. Осы күні Пәленшенің әйелі боп отырар едім. Не болды енді, Мейірбекке тиіп өзім қатын, өзім бай боп отырмын» деп күле салғам.


Отырыстың аяғында бәрі 25-мамырдағы кездесуді көз алдымызға елестетіп, әрдеңені бір айттық. Сыныптастардың жайы белгілі ғой, кезінде жаман оқыған жігіттерді менсінбейді. Қыздар жағы «Мен Мараттың қолынан ұстап шықпаймын, кішкентай кезінде мұрны ағып жүретін, әлі де солай, құры сандалып жүр» дегендей әңгіме айтты. Тура сол кезде қандай шайтан түрткенін білмеймін, «Жаңағы менің алғашқы махаббатымның қолынан менен басқа ешкім ұстамайды. Өмірде бір болмасақ та кездесуде қолын ұстап шығайын. Так что одан үміттеріңді үзе беріңдер» деп әзілдедім. Сөйтсем менің кафедегі әзілдеп айтқандарымның бәрін ең жақын деген құрбым видеоға түсіріп алыпты.


Арада екі аптадай уақыт өткенде мектептен жақын араласатын екі-үш қызды үйіме қонақ етіп шақырдым. Күйеуім үйде, арқа-жарқа отырыс болды. Түн ортасына ауа бастағанда қыздар қайтуға жиналды. Ішіндегі біреуі «Мейірбек, такси шақырсам келетін емес, мені апарып тастай аласың ба?» деп қиылды. Күйеуімде ондайда «отказ» жоқ қой, қоғамдық жұмысқа берілген адам, «болды, кеттік» деп алдына түсіп кетті.


Бірақ келген соң үйде сойқан-соғыс болды. Әлгі сыныптас қыз үйіне барар жолда менің видеоларымды түгелімен күйеуіме көрсетіп, «Айша біраз уақыттан бері Пәленшемен жүретін сияқты, әңгімесінен анық байқадым...» деп бірталай әңгіме айтыпты. Онша-мұншаға көтеріле қоймайтын, жуас күйеуім сол күні алғаш реті маған қол көтеріп, балаларымның көзінше айтпағанды айтты.


«Ертең ажырасуға арыз таста да, алғашқы махаббатыңмен бақытты өмір сүре бер» деп үйден шығып кеткен. Содан бері үш апта уақыт өтсе де үйге қайтпай қойды. Балаларымен сөйлеседі екен, «менде бәрі жақсы, бір пәтерде тұрып жатырмын» депті. Мен телефон соқсам көтермей қиын қылды.


Арамызға от салып, берекемізді қашырған сыныптас қызды жұмысына іздеп барып, ит-терісін басына қаптадым. Не деді дейсіз ғой, «мен сені бұрыннан көре алмаймын» деп неше жылғы өкпе-ренішін жайып салды. «Мектеп кезінен бәрімізден алда болдың, үйіңнің еркесі, жалғыз қызы боп ең әдемі киімді сен кидің. Апайлар да бірдеңе болса «Айша билейді, Айша ән айтады, байқауға Айша қатысады» деп сені ерекше жақсы көрді. Ал мен қарапайым еден жуушы Бағиланың қызы болдым. Қазір де жағдайың күшті, тәп-тәуір күйеуің бар, сөйте тұра Пәленшені аңсап, соған әуесің кетіп отыр. Оны күйеуіңнің білмей қалуы күнә, мен мұны құр жібере алмаймын» деп әкіреңдегенде айтарға сөз таппай қалдым.


«Сенің есің дұрыс емес, бала күннен бері ішіңе маған деген ыза-кекті жинап, қалай көтеріп жүрсің? Менің отбасымды бұзып не таптың?» деп сұрақ қойып, жауабын ала алмай кеттім. Осы оқиға өміріме сабақ болды. «Жағдайды түсіндіруге мүмкіндік бермей, неге өміріңде көрмеген адамның сөзіне сеніп, балалардың жүрегін жаралап отырсың?! Кел, сөйлесейік, бәрін түсіндіріп берем» деп жалынып жүріп күйеуімді үйге әрең қайтардым. Бірақ арамыз бұрынғыдай емес. «20 жылдық деген сөзді естімейін. Бармайсың, қатыспайсың!» деп шарт қойды. Амал жоқ, көндім. Тыныштығым үшін осылай істеуге тура келді.


Айтайын дегенім, адамдардың бәрін өзіңдей көріп, жалпылдай берудің керегі жоқ екен. Мысықтілеулес жандар алыста емес, өз айналаңда жүр. Сондықтан әр сөзіңді асықпай, алды-артыңды ойлап сөйлеу керек».