"Миллионерлерді тәрбиеледім": көпбалалы ана жоқшылықта қалай қиналғанын айтты

0
399

Абысыным "Сен ақымақсың, көп бала туған" деп еді"


Сурет: Pinterest

"Мен миллионер емеспін. Бірақ үнемі "Мен миллионерлерді тәрбиелеп жатырмын" деп айтатынмын. Көп айтылған сөзіме періштелер «әумин» деген болар, қазір миллионерлердің анасы болдым. Артта қалған қиын күндерді күліп отырып еске алам деп ойламағанмын."

Бұл - ERNUR.KZ тілшісі сұхбаттаса барған "Алтын алқалы" батыр ананың сөзі.


"Ауылда жұпыны тұрмыс кешсек те, он баланы дүниеге әкеліп, маңдай теріммен өсірдім, тәрбиеледім. Байлықты армандаған емеспін. Жалғыз ғана мақсатым болды – балаларым жоғары білім алса екен деген. Өйткені олардың өмірі менікіндей болмағанын қаладым.

Шынымды айтсам, менде уақыттан басқа ешқандай байлық болмады. Бүкіл уақытымды солардың болашағына арнасам, әйтеуір бір нәтиже болатынына сендім. "Балаңды аясаң – аяма" деген сөз менің бала тәрбиесіндегі басты ұстанымым болды.

Үлкен ұлдарым тектепті бітіргенде Алла қолдап жоғары балл жинап, грантқа ілігіп, университетті тегін оқыды. Жыл сайын бір балам студент атанады. Қалтамда қалаға барып-келетін ғана ақша бар. Ауылдан қалаға пакетпен ұн, картоп, пияз арқалап апарған күндерім әлі есімде. Қалаға жеткен соң балаларымның жатақханасына жаяу барам. Картоп-пиязды қаптап алуға жағдайым жетпейтін, бірақ шамам келгенше балаларыма жөргемнен жырып жеткіздім.

Күйеуім ақша тапқанымен, ол ақкөңіл, тапқанын достарына, қыз-қырқынға шашып жіберетін. Ал мен болсам, әр тиынды үнемдеп, бір үзім наным болса да, балаларым аш қалмасын деп жанталастым.

Қиналдым. Балаларым есейіп кетсе де қалада жүрген оларды уайымдап түн ұйқым төрт бөлінді. Жеткізе алмай, көршілерден қарыз сұрап қиналғанда ешкімге көрсетпей көз жасымды төгіп-төгіп алатынмын.

Тұңғышым диплом алатын сәтте тағы бір балам мектеп бітіріп жатты. Екеуінің бітіру кешіне киетін киімі, жинайтын ақшасы бар, жеткізе алмай кеттім. Бірақ қатарынан қалдырғым келмеді. Сөйтіп тұрмысы тәуір абысынымнан қарызға ақша сұрадым. Ол ақшаны қолыма ұстатып тұрып: "Сен ақымақсың, көп бала туған. Ертең қыздарың қайтып кеп, ұлдарың ажырасып жатқанда "Неге тудым бұл проблемаларды?" дейсің әлі" деді. Бұл сөз маған қатты батты.

Абысынымның сөзінен кейін балаларыма "Жазғы демалыста қалада жұмыс істейсіңдер" дедім. Намысқа тырысып, ешкімнен ақша сұрамаймын дедім іштей. Балаларымды да ешкімге алақан жаймауға үйреттім. Оларды тек білімді ғана емес, қайсар, еңбекқор етіп тәрбиеледім.

Жылдар жылжып, менің ақылым мен адал еңбегім зая кетпегенін көрдім. Бүгінде балаларым – әр салада табысқа жеткен, өз ісінің майталмандары. Әрқайсысы бір кәсіпті дөңгелетіп отыр. Шүкір, бәрі отбасын құрды. Әкесі екеумізге қаладан үй әперген. Жыл сайын шипажайда демаламыз. Қажылыққа да бардық.

Балаларым кішкентай кезде жоқшылықпен тұрмыс кешіп жатқанда той-томалақтан көңіл күйім түсіп қайтатынмын. Абысындарымның алтын әшекейлеріне қызығам ғой сол кезде. Үйге кеп "Алтын сырға тақпадым, бірақ мені бәрі "алтын құрсақты ана" деп құрметтейді. Мен қазір қымбат киім кимеймін, бірақ құдағи болғанда ең жақсысын кием" деп өзімді жұбататынмын. Қазір расында да балаларым барлық жақсыны алдыма тосады. Ағайын-туысқан құрметтеп, той төріне отырғызады...

Мен көп армандайтынмын. Сол арманымның бәрін балаларым орындап жатыр."