Сіз бұл заңды білетін бе едіңіз?
Түрлі себептерге байланысты заңды некесіз бала туып жатқан әйелдер көп. Баланы асырап-бағуда қиналса, олар сәбиіне алимент өндіре алады. Ол үшін ер адамның сәбидің әкесі екендігін куәлардың түсініктемелері мен генетикалық сараптама арқылы дәлелдеп, сотқа арыз жазса жетеді. Сот әкелігі анықталған еркекті заң бойынша алимент төлеуге мәжбүрлейді.
Жамбылдық Нұрсұлу жалғызбасты құрбысына осындай заң бар екенін айтып, алимент өндіріп беруге көмектескісі келеді. Бірақ...
Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Бес жыл бұрын қаладағы жаңа мөлтекауданнан үш бөлмелі жаңа үй сатып алдық. Екінші қабатта тұратын Шолпан есімді келіншекпен жақын араласып кеттім. Ол менен үш жас үлкен. Нақтырақ айтқанда жасы 43-те, 17 жасар қызы бар. Күйеуімен 10 жыл бұрын ажырасып кеткен екен. Шолпан да, мен де мейірбикеміз, ортақ тақырыбымыз болғандықтан әңгімеміз жарасқан болар, құрбылардай сырласатынбыз да.
Бір күні Шолпан бір жігітпен танысқанын айтып келді. Айтуынша жігіттің жасы 45-те, ажырасқан. Екі қызы мен әйеліне үй-жайын беріп, өзі жалдамалы пәтерде тұрып жатыр екен. Ол «Жедел жәрдем» жүргізушісі боп жұмыс істейді.
Иә, олар жұмыс барысында танысқан. Шолпан әлгі жігітпен төрт айдай кездесіп жүрді де бір күні үйіне ертіп келді. Сол күннен бастап олар бірге тұрып жатты. «Тойға қашан барамыз?» деп әзілдеймін Шолпанды көрген сайын. Ол жігіттен ұсыныс күтіп жүргенін айтады.
Фото: i.mycdn.me
Бірде мен Шолпанға жігіттерге әйелдің өзі «үйленейік» деп айтудың айып еместігін айттым. Бірақ арада тағы да 5-6 ай өтті, олар заңды некеге тұруға асықпады. Тағы бір күні Шолпанмен әңгіме барысында жігітімен ара қатынасы туралы сұрадым. Жігіт бұған дейін бірнеше қыз-келіншекпен азаматтық некеде тұрыпты. Қалауындағысын тапқанша сезімін заңдастырғысы келмейтін көрінеді.
Маған Шолпанның жігітінің бұл ойы ұнамады. Күйеуіме Шолпанның бірге тұрып жатқан жігітінің үйленгісі келмейтінін айтып едім, «Қазір жігіттердің көбісі жауапкершіліктен қашады, сондықтан заңды некеге тұрмайды. Демек, Шолпанның басына бір қиындық түссе немесе екіқабат болып қалса мұндай жігіттер тайып тұрады. Араласпа, ақыл да айтпа, бекерге ертең кінәлі сен болып қаласың» деді. Осыдан соң Шолпанмен сәлем-сауқат сұрасқаннан артық әңгімеге бармадым.
Әркімнің өз тіршілігі бар ғой, арада зырлап уақыт өтіп жатты. Жеке өмірі жайлы Шолпанның өзі айтпаса, мен де сұрамадым. Бірде оның құрсағын көріп, таңқалдым. Таңданысымды жасырып қала алмадым. «Құрбым-ау, құтты болсын» деп жақындадым. Бірақ оның жүзінен қуанышты көрмедім. «Тастап кетті» деді де еңіреп жылап жіберді. Жұбатып әлекпін. Аузымнан «Заңды некеге тұрғысы келмеген еркектен бала көтерерде неге ойланбадың?» деген сөз шыға жаздады. Тілімді тістеп қалдым.
Өксігін басқаннан кейін көршім жүктілігіне бесінші ай болғанын айтты. Аборт жасатуға кеш. Жігіті Шолпанның жүкті екенін естіген соң, әйелімен қайтадан татуласқанын айтып кетіп қалыпты. Ал Шолпан қайтып келер деп күтіп жүр.
Шолпан ешнәрсеге зауқы соқпай үйінен шықпайтын болды. Қашан барсам да төсекте жатады. Жігітін сағынғанын айтып жылайды. Мен оған «Жігітті емес, нәрестеңді босанғаннан соң оны қалай асырайтыныңды ойла. Қажетті заттарын осы бастан сатып алып түгендей бер» десем, Шолпан махаббаты туралы айтады. Мен оны түсіне алмадым, адам 40-тан асқаннан соң да осылай көзсіз ғашық бола ма?
Фото: avatars.mds.yandex.netКөрші келіншекке қанша айтқаныммен тыңдай қоймады. Тастап кеткен жігітін күтумен кешті батырады. Ал қызы бұл уақытта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген болатын. Анасын уайымдады ма екен, оқу үлгерімі жақсы қыз ҰБТ-дан аз балл жинап, грантпен оқуға түсе алмады. Ол «Келесі жылы түсермін, оқу ешқайда қашпас. Жұмыс іздеп жатырмын» деген бір көргенімде.
Шолпан сүйкімді қызды өмірге алып келді. Перзентханадан шыққаннан соң үйіне қойдың етінен дәмді етіп ыстық сорпа пісіріп, алып бардым. «Білесің бе, мен оны қатты жақсы көрем» дегенде, «Әрине, бала деген бақыт қой» деп жас нәрестеге сүйсіне қарадым. «Еламанды айтам. Қыздарымнан да оны қатты жақсы көремін, ал ол мені тастап кетті» деді Шолпан. Құрбыма ақыл кірмепті әлі. Құрбым мен барғаннан қайтқанша жігітімен өткен күндерінен естеліктер айтумен болды.
Ғашық болуды түсінем, бірақ, еркекті балаларынан да артық көретін әйелдерді түсіне алмайды екенмін.
Шолпанның қызы күнде кешкілік пакетпен азық-түлік алып келе жатады. Сырттай көріп сүйсінемін, бір жағынан аяймын. Жаным ашып кетті жас қызға. Сондықтан да тағы да Шолпанның жеке өміріне араласауыма тура келді. «Заңды некеге тұрмасаңдар да ол алимент төлеуге тиісті. Мен саған заңгер тауып берейін» деп ақылымды айттым. Алайда Шолпан жігітіне алимент төлетіп қинай алмайтынын, аяйтындығын айтты. Ашуым келді. «Ал өз армандарын құрбан етіп, жұмыс істеп жүрген қызыңды аямайсың ба?» дедім. Шолпан не деді деп ойлайсыз?
Ол «Бұл менің өмірім, араласпашы. Өз отбасында бақытсыз адам ғана басқалардың шаңырағындағы мәселелерге араласады» деп қойып қалды. Ары қарай тыңдап тұра алмадым. Бірақ ұрыспадым. Үн-түнсіз шығып кеттім. Осы кезде бірінші рет күйеуімнің үнемі «араласпа, ақыл да айтпа» деп айтып отыратын сөзін тыңдамағаныма өкіндім.
Шолпанмен қазір сөйлескім де келмейді. Бірақ оның көршілерінен қарыз сұрап қиналғанын естігенде, тағы да «Заңды некеге тұрмай туған балаға да алимент өндіре аласың» деп қайталап айтқым келеді. Бірақ ол тыңдар емес...»
Нұрсұлу тастап кеткен ер-азаматқа деген махаббатты перзентке деген мейірім жеңгенде ғана әйел алимент өндіруге арызданады деп ойлаймын дейді. Сіз ше, қалай ойлайсыз?
Ұқсас оқиғалар:
«Барлық ана зейнеткерлікке 53 жасында шықсын»: түркістандық әйел ұсыныс айтты
«Күйеуінің жазасын әйелі өтеп бермекші»: алматылық келіншек күйінішін айтты