«Барлық ана зейнеткерлікке 53 жасында шықсын»: түркістандық әйел ұсыныс айтты

0
4 628

​Әйелдердің зейнеткерлікке қанша жаста шыққанын қалайсыз?


«Барлық ана зейнеткерлікке 53 жасында шықсын»: түркістандық әйел ұсыныс айтты

фото: avatars.mds.yandex.net

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер зейнеткерлікке 60 жаста шығады. Әр жылы жарты жылдан қосылып, 2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестірілмек. Қазір бұл мәселе қызу талқылануда.


Елімізде заңға өзгеріс енгізілген сайын адамдар да түрлі айла-тәсіл ойлап табуда. Заң сияқты айла-амалдар да бір тарапты сүйіндіргенімен, екінші тарапты күйіндіруде. Өкіндіретін де оқиғалар орын алып жатыр.



Бұған түркістандық Балқия есімді әйелдің ERNUR.KZ тілшісіне айтқан екі оқиғасы мысал бола алады.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бір ананың жаға ұстатар ісіне куә болғандықтан, көп балалы әйелдерге күдікпен қарайтын болғанмын. Сол бір оқиғадан бері күдігімнен арыла алмай жүрмін.

Біздің ауылда бір ана тұрады. Өзінің ұлдары да, қыздары да бар. Үлкен ұлы ерте үйленді және өмірден де ерте өтті. Оның артында келіншегі мен бес жасар баласы еңіреп қалды.

Жастай жесір қалған келіні күйеуінің қырық күндігінен соң кетем дегенде, енесі немересін алып қалмақ болды. Бірақ қай ана баласын беріп қояды дейсіз?!


Екеуі ұзақ арпалысты, таласты. Қалай болғаны тек өздеріне ғана аян, әйтеуір бала әжесінде қалған еді соңында...

фото: collaborativepracticesimcoecounty.com

Кейін мен қалаға жұмысқа орналастым да, бұл жөнінде ұмытып та кеткенмін. Жақында сол әйелмен бір құдалық тойда жолығып қалдым. Әңгіме арасында екі-үш жыл бұрын жыр болған жағдай мен немересі жайында сұрадым. Ішінде сәл қызуы бар ауылдасым «Немерем анасымен бірге» деді. Таң қалдым.

«Қалайша?» дей бергенімде, «Негізі келін мен айтқандай жаман емес. Қағаз жүзінде немерем менің атымда болғанымен, ана мен баланы айыратын тасжүрек емеспін ғой. Басында келінім шынымен баласын алып қоятындай қорқып, істі даурықтырып жіберді. Әйтпесе бәрі де тыныш қана тынатын еді. Кейін түсіндіріп айттым, түсінді. Немерем зейнеткерлікке ерте шығу үшін ғана керек болып еді. Бес және одан көп баланы тәрбиелеп өсірген аналар 53 жаста шығады ғой зейнеткерлікке» деді.


Керемет бір іс жасағандай кеудесін керіп күлген оның қасынан кетуге асықтым. Өйткені өзімді ақымақ сезіндім.

фото: i.ytimg.com


Бірнеше жыл бұрын немересінің өміріне алаңдап, құжаттар жинап шапқылап жүргенде, оған сүйсініп, сырттай таныстарыма талай рет мақтағанмын. Ал келінін жек көргенмін, сырттай жамандағанмын басқаларға қосылып. Сөйтсем, бәрі өтірік екен ғой. Баланы осылай пайдалану адамдыққа жата ма? Түсіне алмадым.

Ал жақында өзімнің бір туысым сегізінші баласын туу үстінде қайтыс болды. Тұрмысы нашар, денсаулығы да оңып тұрған жоқ. Соған қарамай жүктілікті жоспарлады.

«Балаларың бар ғой. Осылардың амандығын тіле. Өзіңді де ойла» дегенімде, «2018 жылдан бастап заң өзгерді ғой. Сен 63 жаста шығасың зейнеткерлікке. Ал мен ертерек зейнетақы алғым келеді» деп еді. Марқұм зейнетақының ғана емес перзенттерінің де қызығын көре алмай кетті.

Зейнеткерлікке ерте шығу үшін әйелдер бұдан басқа амалдарды жасап жанталасып жатыр. Бірақ ол амалдың бәрі де қуантып жатқан жоқ. Сондықтан да аналарды бір баласы бар, көп баласы бар деп бөліп-жармай, бәрін 53 жаста зейнетке шығару керек...»


Балқия осылай дейді. Сіз ше, зейнеткерлік жасы туралы не дейсіз? Ойыңызды комментарийге жазып қалдырыңыз.


Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуінің жазасын әйелі өтеп бермекші»: алматылық келіншек күйінішін айтты


«Мені досына сыйлап жіберген»: Жаңа жыл мерекесін жек көретін әйел ауыр тағдырымен бөлістісті