​«Немерелерін қуып жіберіп, жиендерін бағып жатыр»: қызылордалық әйел екі жастың ортасына түспеуге шақырды

0
2 339

«Әжептеуір әртіс деп жүрсем, күллі әлемге әйелін жамандап, өзінің масқарасы шығып отыр»


​«Немерелерін қуып жіберіп, жиендерін бағып жатыр»: қызылордалық әйел екі жастың ортасына түспеуге шақырды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Шыны керек, бүгінде өз немерелерін емес, күйеуден қайтып келген қызының балаларын бағып отырған ата-әжелер көп. Үзаққа бармай-ақ бір танысымның басынан өтіп жатқан оқиғаны айтып берейінші. Қызы күйеуден қайтып келіп, ұлы ажырасып отыр. Екеуінің де үш-үштен баласы бар. Ұлының балалары келінімен бірге нағашыларына кетті де, қызының балаларына өздері қарап отыр», - деп әңгімесін бастады ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Майра есімді әйел.


Оқырман өзі көрген, білген оқиғаны айта отырып көпшілікке ой салғысы келіпті. Тілшіміз тілдесіп, әңгімесін тыңдады.


«Әлгі танысымның айтуынша, күйеубаласы ішіп келіп, қызын ұрып-соғады екен. Үйіне талай мәрте көзі көгеріп келіпті. Тіпті бір жолы қызын ата-анасының үйіне іздеп келіп, ұрыс-төбелес шығарып кетіпті. «Содан кейін бұл адам болмайды екен деп қызымызды ажыратып алдық» деді апай. «Ал келін не үшін кетті?» десек, ол да күйеуін сыйламайтын, кекірейген біреу болып шығыпты. Бертін келе күйеуінің көзіне шөп салыпты-мыс. Мұны естігенде «қазіргі жастар не болып барады» деп танысымызға, оның ұлы мен қызына жанымыз ашыған еді. Бірақ, «бақсаң бақа екен» демекші, арада біраз уақыт өткенде өздерінен де кінә бар-ау деп қалдым.


Күйеуінен заңды түрде ажырасқан қызы үш баласын шешесіне тастап, қалаға жұмыс іздеп кетті. Кейде айына, кейде екі-үш айда бір келеді. Ал балалары қашан көрсеңіз көшеде ойнап жүреді. Киімдері кірден көрінбейді. Кейде әлгі танысымның аулада жиендерін ұрсып жатқанын естіп қаламын. Балаларын ұрысқанда әкесінің сау-тамтығын қалдырмайды. Қарғап-сілеп, «Тексіздің тұқымдары, сендер қызымның басына көктас қоям деп тұрсыңдар ма?» деп бақырып жатады.


Бірде келіні үш баласын әкеп тастапты. Онысы балаларын ата-әжесінен, әкесінен бөлгісі етпегеннен шығар. Әлде араға балаларды салып күйеуімен қайта қосылғысы келді ме екен? Бірақ келіннің жан-дүниесіне үңілген енені көрмедім. Немелеріне де мейірімі түсіп қарамайды. Қызының балаларымен қосылғасын шулайды, арасында ойыншыққа таласып ұрысуы мүмкін ғой. Ондайда әлгі апай жиендердің жағына шығып, өз немерелерін «Құрсағынан құтырғандар», «Шешелері оңбаған, бұлар қайбір жетіссін» деген секілді ащы сөздерді қарша боратып жатады.


Бұл бала өз немерең ғой, балалықпен жасаған азғантай қателігі үшін шешесін, ал жиендеріне әкесін жамандап, ауыр сөз айтуға бола ма? Өзге емес, өз әжесінің аузынан осындай сөз естіп өскен баланың ата-анасына деген сый-құрметі қала ма? Күні ертең әке-шешесінің сөзіне құлақ аспайтын, тоңмойын біреу өсіп шықса оған кім кінәлі болады? Апайға барып осы ойымды айтқым келген, бірақ артынан «турасын айтып туғаныма жақпай қалармын, өздері білсін» деп өзімді тоқтаттым.


Біраз күн өткен соң келін келіп, балаларын алып кетті. «Арада бала болған соң қиын ғой, ұлыңыз бен келініңізді татуластыруға әрекет жасап көрмедіңіз бе?» деп сұрадым. "Балам жақындатпай отыр" деп қоя салды. Отбасынан ажыраған ұлының жағдайы қайбір оңсын, үйіне бір күн қонса, екі-үш күн жоғалып кетеді. Кейде мас болып, ыржалақтап, ауылдағы қыздарға көз салып, қырғидай тиісіп жүреді. Қыздың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Дәмханада ыдыс жуып ақша табады екен. Онысын мына апай түгелімен сыпырып алады екен, «балаларыңды бағып отырмын» деп. Көрген күні күн емес, Құдай есіркесін...


Осыларды ойлап отырып, өздерін өздері қинап жүр ғой деген ойға қаламын. Ұрыс бір жақтан шықпайды ғой, күйеуі анау айтқандай зәбір көрсетпесе, бір еркектің тілін тауып, отбасының берекесін қашырмай , түтінін түтетіп отырғаны жақсы емес пе еді? Күйеубаладан да, келіннен де бір қателік кетсе, кеткен де шығар. Бірақ сондайды кешіруге, ұсақ-түйек кемшіліктерін көрмей өтіп кетуе, ұл-қыздарын ақылға шақыруға болмас па еді?


Жақында әнебір актердің екі баласымен ажырасып, әлеуметтік желіде әйелін жамандап жазған постын оқыдым. «Мамама сөз қайтарды, сыйламады. Ал мен үшін анамның разылығы бірінші орында» деп әңгіме айтыпты. Ал сонда Алланың алдындағы аманаты ше? Әйел еріне аманат емес пе? Екі баласының тағдырын ысырып қойып, әйелін күллі әлемге жамандап отырғанына қарным ашты. Әкесі де келініне «Кет, менің әртіс балама сенен жақсы қыз табылады» деп әңгіме айтыпты. Ал шешесі ажырасқан ұлына қыз іздеп әлекке түсіп жүр екен. Үлкендердің өзі осылай дегесін жастарға не өкпе?!


Жалпы, ата-аналар жас жұбайлардың арасына түсті дегенше, бала тірі жетім болып, жиендер қолыңызға келіп, немерелер нағашыға кетті деп есептей беріңіз. Ал бұл кім-кімге де абырой әпермейді...