​«Өгей шешем күйеуімнің көзінше ұрды»: жамбылдық келіншек сіңлісіне араша болам деп таяқ жеген

0
1 910

«Бар ақшасын қалтасына басып, әйелін ұрып, кетіп қалыпты, қалай күйінбейсің...»


​«Өгей шешем күйеуімнің көзінше ұрды»: жамбылдық келіншек сіңлісіне араша болам деп таяқ жеген
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өз анаңның су бергені өгей шешенің сүт бергенінен артық екенін бес жасымнан біліп өстім. Ол біз отырған жерде «қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деп тұспалдап, кекетіп отырады. Ал шын мәнісінде бізді өзінің өгейлігімен суытып алғанын түсінбейді», - дейді Балжан есімді оқырман.


Жамбылдық келіншек өгей шешесімен арада болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне ақтарып салды.


«Шешем марқұм мені босанғаннан соң оңалмапты. Мінезі шатақ күйеу, адуынды ене, қызба мінезді қайынсіңлі, қайнылардың көңілінен шығу, одан қалса ,бірінің артынан бірі бес баланы туу оңай дейсіз бе, қаны азайып, қайта-қайта ауруханаға жата берген екен. «Сен бір ауру қатын болдың» деп енесі әкемізбен шағыстырып, арасында таяқ жеп жүріп, ақыры өмірден өтіп кетіпті.


Анамның бейнесі еміс-еміс есімде. Алтыншы сыныпты бітіргелі отырған әпкеме мені аманаттап, «Назерке, Балжанға жақсылап қара, ағаларың өз күндерін көріп кетер, ал Балжанды назарыңнан таса қылма, керек жерінде анасындай қамқор бол» деп айтып кеткен екен. Әпкем ерте есейіп, мені өзі жуындырып, киіндіріп, анамыздың алдында өз парызын орындады деп ойлаймын, әлі де қиналғанда қол ұшын созып, демейтін бір кісі болса , ол – әпкем.


Айтайын дегенім, анам қайтқасын екі жылдан соң әкем екінші рет шаңырақ көтерді. Бірақ бар «өнерін» біздің шешемізге көрсетіп, қайтыс болғалы жуасып қалған ба, екінші әйелге келгенде аса қаталдық танытпады. «Мына балалар өзіңе аманат» деп бір-ақ ауыз сөзбен табыстай салды. Бірақ екінші мамамыз бізге өгейлігін көрсетудей көрсетті. Үлкен ағаларыма тісі бата алмайтын, есейіп кеткен ғой. Әпкеме де онша зәбірі жоқ. Ал маған келгенде ерекше жыны бар еді. Бәрінің мені өбектеп, қатты жақсы көргенін көтере алмаса керек. Әкемнің көзінше одан жақсы адам жоқ-тұғын. Ал көзін ала бере шымшып, тістеніп тұрып ұрсып алатын.


Әлі бірінші сыныпқа бармаған баламын, не білем. Анда-санда мектепке ауданнан фотограф келіп, сыныпты түгел суретке түсіріп кететін. Соны білген өгей шешем «Сен мектепте суретке түсуші болма, оған төлейтін ақша жоқ» деп ұрсып жіберсе, «мен суретке түспеймін, мамам ұрысады» деп бақырып жылап, басқа жаққа қашып кететінмін.


Киім әперерде де солай, «сен кішкентайсың, шаршайсың, өзім таңдап әкелем» деп әкемізден ақшаны аямай алып, қаладан ең арзанын, өзіме үлкенін әкеп беретін. 5-6 сынып оқитын кезіміз ғой, қыз болып, жан-жаққа қарай бастаған уақыт. Бәрі неше түрлі киімдерді киіп жүрсе, соған қызығатынмын. Папам да «жылтыраққа құмарта бермеңдер, ақшаны мал қылайық» деп сараңдық танытатын. Қора тола қой болғанын қайтейін, етсіз тамақ ішіп отырушы едік. Бір қой сойылса, соның жарты еті шешеміздің төркініне асырылатын. Аптасына бір мәрте ауданнан інісі келіп, машинасына өңгеріп салып ап кететін. «Ей, қыз, әкеңе айтсаң жаныңды шығарам» деп көзімен тесіліп бір қараса, қорыққаннан қалтырап, үндемей қала беруші едім.


Қысқасы, сол шешем біраз жыл тумай жүріп, алты жылдан соң бір қызды өмірге әкелген. Сіңлілі болғанда жүрегім жарылардай қуанып, өзім бағып, өсірдім. Айдана сіңлім көркіне ақылы сай боп бойжетті. Мен тұрмысқа шыққан жылы мектепті бітіріп, қолымызда оқыды. Менің балаларыма қарап, жаныма жалау болды. Өзімнен артық жақсы көрмесем, кем көрген жерім жоқ. «Шешесі бөлек қой» деп арамызға от салғысы келгендер болды. Ешбіріне мән берген емеспін. Себебі сіңлімнің мінезі алтындай.


Сол сіңлім үш жыл бұрын қайдағы бір жігітке тұрмысқа шыққан. Не тұрақты жұмысы жоқ, мектептің аттестатын ала алмаған біреумен байланысып қалды. «Жаным, әлі жап-жассың ғой, өміріңде небір жігітті көресің, асықпай шешім қабылда, ойлан. Не өзінің басында, не әке-шешесінде баспана жоқ екен, қалай, қайтіп күн көресіңдер» деп ақылымды айтқам. «Сүйем, күйем» деп жүріп тиді.


Бірақ келін боп барған кезінен басынан таяқ арылмады. Күйеуі қызғаншақ, қит етсе ұрып тастайды. Бара сала жүкті болған, дұрыс тамақтануға ақша таба алмай, маған жылап келетін. Үйдегі барымды беріп, қалтасына ақша тықпыштап, арасында киім-кешегін әперіп жіберіп жүрдім. «Әпке, менің проблемамды үйдегілер білмей-ақ қойсыншы» десе, аузым ашылып әке-шешемізге білдірмей қоя салатынбыз. Күйеуі екеуінің талай «концертіне» әпкем екеуміз куә боп, «разборкасын» өзіміз шешіп тастап жүре беретінбіз.


Сіңлім қазір екіншісін босанайын деп отыр. Жүктілігі ауыр өтті, баласының жүрегінде ақауы бар екен. Дәрігерлер Алматыға тексеруге жіберіпті. «Әпше, декретный ақшам әлі түспеді, барып-қайтуға жолкіре бере тұрыңыздаршы» деп бізден ақша сұрап, барып келген. Біраз күн өткесін «балама киім-кешек алғанға ақша керек боп тұр» деп тағы сұрады. Бұл жолы әпкем қалтасынан шығарып берді.


Жақында «Дәрігерлермен алдын-ала келісіп, беретінін беріп қою керек-ау, әпке. Қалай дейсіз» деп хабарласқан. «Иә, күйеуіңе айт, барып сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп айтсын» десем, күйеуі Шымкентке құрылысқа кетіп қалыпты. Жай кетпей, сіңлімді ұрып, «декретный» ақшасын тиынына дейін сыпырып алып кетіпті. Мынаны естігенде үш жылдан бері келе жатқан шыдамның жібі үзілді. Дереу күйеу балаға хабарласып, шақырып алдым да, жер-жебіріне жеттім.

«Саған бала, әйел керек емес пе, мынаның босанайын деп отырғанын білесің, жүктілігі ауыр екенін естідің. Өзің кетсең мақұл, қалтасындағы ақшасын сыпырып алғаның қай сасқаның сенің?! Болды, осымен бітсін, менің сіңлім сендерге іздеу-сұрауы жоқ біреу емес, ажырасасыңдар! Қазір алып кетем де, өзім босандырам» деп өзіммен ертіп кеткем. Бір ойым, қалада болса жедел жәрдем шақыруға да жеңілдеу ғой дегем. Күйеу бала ойланып, ақылға келсін деген ниет те болған.


Сөйтсем ақымақ күйеу бала салып ұрып ауылға, әке-шешемізге барып, мені жамандап кетіпті. «Балжан әпке Айдана екеуміздің арамызға түсе береді, барлық тірлігімізге араласады. Екеумізді ажырастырмақшы» деп отқа май құйып келіпті.


Күйеуім, бала-шағам, Айдана, бәріміз тамағымызды ішіп отырсақ өгей шешем үйге баса-көктеп кіріп келіпті. Сәлем жоқ, басқа жоқ, бас салып менің бетіме салып қалды. «Сен жетімек, кішкентайыңнан қақшаңдап қалған едің, әрдеңеге бір араласатын. Енді менің қызымның басын жалмайын дедің бе, байсыз қалдырып?!» деп аузына келгенді «құсты». «Әпкемнің кінәсі жоқ» деген қызының сөзін тыңдар емес. «Қызымды өзім апарып, құдағидың қолына табыстаймын» деп үйімнен сүйреп әкетіп қалды.


Менің жазығым не, айтыңыздаршы? Сіңліме қорған болғаным ба? Әлде «шешең бөлек, білгеніңді істе» деп отыра беруім керек пе еді. Бауырмашылдығым басыма сор боп жабысты. Қазір өгей шешемді көрмеу үшін төркініме де барудан қалдым. Ішім әлем-тапырық боп тұр. Ауылға әпкем қыдырып барған екен «қызсыңдар, тыныш келіп, тыныш кетіңдер» деп әкем әңгіме айтып тастапты. Сонда біздің жазығымыз не?!»