Сурет: stock.adobe.com
"Эльвирамен университетте бір топта оқыдық. Екеуміз бір облыстан болғасын бір-бірімізге «жерлес» деп жылы қарап, бірден достасып кеткенбіз. Жан құрбы болдық. Бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсеткен кездеріміз аз емес еді. Бірақ сол құрбым тұрмысқа шыққаннан кейін өзгеріп кетіпті. Дәлірек айтсам, тұмысқа шыққасын емес, ажырасқасын өзгерген сияқты. Бірақ мен соны байқамаппын"
Келіншек ERNUR.KZ тілшісіне өзіне сабақ болған жайтты айтып берді.
"Эльвира күйеуімен екі жылдай ғана тұрды. Кейін екеуі жараса алмай, екі жаққа кетті. Әлі жасқа толмаған балалары әрине құрбымның қолында қалды. Ажырасу кезінде араларындағы дау-дамай ушығып кетті де, құрбым күйеуіне баланы көрсетпеймін деп қорқытты. Ол да ашуға беріліп, «Көрсетпесең, қой. Іздемеймін де. Өскесін әке керек кезде өзі іздеп келер» деген көрінеді.
Сөйтіп, Эльвира баласын бір өзі өсірді. Төркінінен ауыз толтырып айтатындай аса бір көмек болмады. Кішкентайы жасына толар-толмас жұмысқа шығып кетті. Пәтерақы мен күнкөрісіне әрең жеткізіп жүргенін білгесін, мен қаржылай жәрдем бере бастадым.
Жөргек әперем, киім-кешек, азық-түлік апарамын. Баласы ауырып, ауруханаға түсіп қалғанда артынан үй киімдері, іш көйлек, пижама, сүйретпе сияқты керек-жарақтарының бәрін жаңасын сатып алып, апарып бердім. Баласына жаным ашиды ғой сондағы. Өз балаларымды қыдыртуға алып шыққанда құрбымды да баласымен шақыратынмын. Күйеуім менің өтінішіммен бір-екі рет қомақты ақша берген, араға таныс-тамырларын салып үлкен мәселелерін шешіп берген кезі де болды. Бір сөзбен айтқанда, сол құрбыма қаржылай көмектесу біздің әдетімізге айналып кетті.
Соңғы уақыттарда ол жаңа жұмысқа тұрғалы көп жолыға алмай, сөйлесудің реті болмай кеткен. «Таңнан кешке дейін жұмыстамын, тапсырмаларым көп, тексеру келіп жатыр, есеп тапсырып жүрмін» деп неше түрлі себеп айтады. Бірақ арасында «Балама аяқкиім әперуім керек еді, айлық түспей жатыр. Ауырып қалыпты, дәрі алуым керек боп тұр» деп әртүрлі сылтаумен ақша сұрайтын әдеті қалмады. Мен де беріп үйреніп қалғам ғой, азын-аулақ болса да барымды салып жіберемін.
Жақында сол құрбым салоннан су жаңа көлік алдым деп сүйінші сұрағанда, таң қалып қалдым. «Құтты болсын» дедім, бірақ шын қуана алмадым, несін жасырамын. Осы уақытқа дейін туысынан артық көмектесіп жүрген біздің өзіміз ондай көлікке әлі жете алмай жүрміз. Сонда да жағдайымыз жақсы деп санап, құрбымның жағдайын нашар деп ойлап, артық-ауыс ақшамызды соған беріп жүрміз ғой. Ал ол болса ақша жинап, бастапқы жарнасын құйып, несиеге көлік алып тұр. «Несие төлеуден қиналып жатса, көмектеседі деп бізге арқа сүйеген болар» деген оймен бір жағынан күлкім келді, бір жағынан ызам келді өзіме.
«Соншалықты ашықауыз, аңқау болармын ба? Құрбыма, баласына жаным ашып, осы бес-алты жылдың ішінде қанша ақшамды құрттым екен? Сол ақшаны жинасам, осы күнде өзіміз де салоннан көлік алуға бастапқы жарна жинап қояр едік қой. Оған керек нәрсе бізге керек емес пе еді?» деп өз-өзіме ұрыстым. Құрбым болса «Кезінде талай көмектестің ғой, енді міне артық ақшам пайда болды, менің де көмегім не сыйым болсын» деп бір нәрсе берген емес. Ол түгілі, шын ниетімен рақмет те айтпады. Тағы ұялмай «Көлігіме кілем жабатын шығарсыңдар. Сатып алып әуре болмай-ақ, ақшасын бере салсаңдар да болады» деп сақ-сақ күледі.
Біреуге жасаған жақсылығыңды, берген садақаңды айтпа дейді ғой. Бәрін жіпке тізгенім дұрыс емес екенін түсініп отырмын. Бірақ, есепке алмай, санаспай, Алла разылығы үшін деп жасап, есіңнен шығарып тастаған жақсылығың тіпті алғыс та әкелмесе, ішің ашиды екен. Әлде менің ішімде көеалмаушылық, іштарлық оянып кетті ме екен? Әйтеуір енді Эльвирамен араласқым келмей қалды."