​«Омырауымды үлкейткісі келеді»: Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ота жасатқысы келмейді

0
1 306

Бұл оны күйеуінің қалауы көрінеді.


​«Омырауымды үлкейткісі келеді»: Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ота жасатқысы келмейді

Қазір пластикалық ота жасату, сырт сымбатты қалауынша жасап алу қиын емес. Хирург мамандар пациенттің қалауы бойынша кез келген дене мүшесін түзете алады. Бірақ оны қаламайтындар да жоқ емес.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 29 жастағы Азада есімді келіншек күйеуінің осындай ота жасатуға өзін үгіттеп жүргенін айтады. Мұның алдында ол бірінші болып өзі ұсынып, келіншегінің ернін үлкейтуге көндірген көрінеді.


- Отау құрғанымызға 11 жыл болған, екі баламыз бар. Өзім оңтүстік жақтың қызы болған соң ерін тыңдау керек деген тәрбиемен өскенмін. Мүмкін, жастай тұрмысқа шыққандығымнан да шығар. Некелескенде жұрт сияқты сәнін келтіріп бояна да алмайтынмын. Маған бәрін күйеуім үйретті десем болады. Өзі түрлі косметика әкеп беріп, интернеттен көрсететін. Ал бір қонаққа, қыдыруға шықсақ, міндетті түрде сән салонына апарып боянып шыққанымды қалайтын, - деп есіне алады келіншек.


Азаданың айтуынша, күйеуі өз келіншегінің трендтен қалмайтын қыздар сияқты тырнағы сәнмен боялған әрі ұзын, жарасымды кірпік жапсырғанын қалапты. «Сен де ел қатарлы болсаңшы. Жұрттың әйелі не жаңа сән шықса, соны жасап жатады ғой» деп алға тартатын көрінеді.

Ал Азадаға, керісінше, табиғи болған көбірек ұнайды екен.

- Тырнақты қойшы, ол аса бір мәселе емес. Маған бастапқыда жасанды кірпік жапсыру қиын болды. Басында тек қонаққа барғанда ғана жапсырып, кейін алып тастаушы едім. Күйеуім алып тастағанымды қаламайтын. Ал мен денемде артық нәрсе тұрса шыдай алмайтын. Кейіннен үйрендім. Оның үстіне жұмысқа шықтым, айналаңның барлығы сәнденіп жүрсе өзіңді біртүрлі сезінеді екенсің. Солай үйреніп кеттім, - дейді ол.

Енді жақын уақыттан бері Азаданы күйеуі омырауын үлкейтуге үгіттеп жүрген көрінеді. Осы жайт келіншекті қатты алаңдатып жүр.

- Рас, жаратылысымнан омырауым кішкентай. Тіпті, тым кішкентай дей алмаймын. Осы омыраумен екі баланы емізіп өсірдім ғой. Айтпақшы, күйеуім баланы көп емізуіме де қарсы болған, «сымбатың бұзылып кетеді» деп... Енді міне, сол омырауымды ота жасатып үлкейткісі келеді. Осы үшін ұрысып та қалдық. «Мен сен үшін жасап жатырмын бәрін, әдемі, сымбатты боп жүргеніңді қалаймын! Басқа ешқандай мәселе жоқ!» дейді ол. Түсінбеймін, неге менен қуыршақ жасағысы келетінін?, - деп ренжіді келіншек.


Айтуынша, астаналық келіншектің күйеуі ота жасайтын емхананы да тауып қойған. Тек келіншегінің келісім бергенін күтіп жүр. Ал Азада оны жасатқысы келмейді.

- Жасанды нәрсенің қайсыбірі жақсы дейсіз? Ертеңгі күні қандай да бір қателік болып ауруға ұшырасам қайтпекпін? Оның үстіне, тәніңде басқа бір бөгде зат жүрсе...оған көндіге аламын ба?

Күйеуімнің айтқанының бәрін жасап келе жатырмын. Бірақ тап осыныс артық. Бірақ ол соған бола ренжіскім келмейді. Ол да мені сөзбен үгіттегені болмаса, алда-жалда «жастасың» деп мәжбүрлеп жатқан жоқ. Білмеймін, неге менің тәнімді өзгеркісі келетінін? Ертең толысып кетсем де, бетіме әжім түссе де пластикалық ота жасататын шығар?!, - деген ойын да айтты келіншек.

Дегенмен, олар әлі бір шешімге келмеген және бір рет сөзге келісіп қалғандары болмаса, соған бола отбасылық жанжалға ұласпаған. Тек күйеуінің қалауына қарсы екенін, оның неге бұлай қалайтынын түсінбейтінін айтады ERNUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында.

иллюстрациялық суреттер ашы дереккөзден алынды