"Өзбекстанның жігіті пайдаланып кетті": Қазақстандық қыз аңғалдығына өкінеді

0
5 007

Бой жетсе де, ой жетпейтін жағдайлар болады. Маржанның оқиғасы бойжеткен қыздарға ой саларлық екен. Міндетті түрде оқыңыз!


Басқа қалаға барып вахтерлік жұмыс істейтін еркектердің арасында уақытша жылы төсек пен жайлы жай іздейтіндері көп кездеседі. Олар құрбандығын «кәрі қыздар» мен ажырасқан келіншектер арасынан табатын көрінеді. Ал Маржан Өзбекстаннан келіп сауда жасайтын, өзінен кіші жігітке алданып қалған. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Маржан ауылда өскен қыз. Оның әпкесі мен сіңлісі де, аға-інілері де бар. Маржан мектепті бітірген жылы әпкесін алып-қашып кетеді. Әпкесі тұрмысы жұпыны отбасына келін боп түсіп, алғашқы айда-ақ қиыншылығын айтып жылап жиі келеді. Сондықтан да анасы Маржанның да ауылға тұрмысқа шыққанын қаламайды.

Әйтпесе Маржанның ауылда жігіті бар екенін бәрі білетін. Маржан 11-сыныпты аяқтаған соң оған тұрмысқа шығатын боп, ал ол үйленетін боп сөз байласып жүрген.

Бірақ бір күні анасы Маржанды қарсы алдына отырғызып қойып, әңгімесін бастайды. «Әпкеңнің өміріне қарап ой түйгің келмей ме? Айтшы, әпкең не көрді? Ауылдан шықпаған. Күйеуі де, өзі де жоғары білім алған жоқ. Олардың болашағын мен әлдеқашан болжап қойғанмын. Әпкең бала туады, соның жәрдемақысымен күн көреді. Ауылға тиді деп мен оны кемсітіп отырған жоқпын. Тым болмаса қолында дипломы болғанда қазір ата-енесіне, бізге алақан жайып, жаутаңдамайтын еді. Жұмыссыздық адамды тоздырады ғой, әне, жездең күні бойы не істерін білмегендіктен, ішіп жүр. Басына алма түсіп кейін әлемдік жаңалық ашқан Ньютон секілді әпкең мен жездеңнің де басына апма құлап, ғажайыптан өмірлері өзгеріп кетпесе, дәл осылай бірсыдырғы өте береді» деді. Сол бір шақты есіне алған Маржан:


- Алайда әркімнің тағдыры әр басқа. Дипломсыз-ақ үлкен кәсіпкер болып жатқан азаматтар бар қазақта деп едім, анам ауылдағы басқа келіншектерді мысал ете бастады. Біреуді «жаман, жаман» дей берсе, расында да ол адамды жаман көріп кетеді екенсің. Анамның сөздерінен кейін мен бірте-бірте Жәнібектен суып, әу бастағы жоспарымнан айнып, ауылдан кеткенше асықтым, - дейді.

Ол студент атанады. Қаланың өміріне төселе бастайды. Уақыт өткен сайын дұрыс таңдау жасағанына қуанып, адына биік мақсаттар қояды. Ал Жәнібек бұл уақытта екі баланың әкесі атанып үлгерген.

Маржан студент кезінде жақсы бір жігітке жолығады. Оған тұрмысқа шықпақ болғанында да анасы «Оқуыңды жарты жолда тастап кетпексің бе? Бітіріп алсай, күйеу ешқайда қашпайды ғой» дейді.

Маржан ана сөзінен аттап кете алмайды. Маман атанады. Жұмысқа тұрады. Жалақы алып жұмыс істеген адам ай сайынғы табысына нелер алатынын, қайда жұмсайтындығын жоспарлап, кейінгі айда келесі жалақыны солай күтіп, уақытының қалай зымырап өтіп жатқанын аңғармай да қалады. Маржан да уақыттың қалай зуылдап өткенін аңғармай қалады.

Қас-қағым сәтте қалай жасының 30-дан асып кеткенін байқамайды. Күйбең тіршілік айналаға зер салып қарап, ойлануға да мұрша бермеген секілді. Ол әбден жалғыздыққа үйреніп қалғандықтан, құрбы-құрдаспен де араласпайтын. Олардың үйіне қонаққа барса, үпір-шүпір балаларын көріп, мүмкін «Мен де тұрмысқа шығуым керек екен ғой. Мен де ана болуым қажет» деп ойланар ма еді, кім білсін?! Ешкіммен араласпаған соң, ешкімнің үйіне бармаған соң ол бұл туралы кеш ойланды.

Жеңгелеріне, жұмыстағы апайларына өзі қолқа салып жүріп, екі-үш жігітпен танысады. Бірі іздеп жүргені 25 жасқа дейінгі қыз екенін айтса, екіншісі менің оның бойын аласа деп ұнатпайды. Үшіншісі «Жақсы қыз ғой, бірақ 30-дан асқан қыз бала туып бере ала ма?» деген көрінеді.

Үш жігіттің үш түрлі сөзі Маржанға дәуренінің өтіп кеткенін ұқтырғандай болады. Енді ол емес, оны таңдайтынын жақсы түсінеді. Осындай өкпелі күйде жүргенде базарда тәттілер сататын саудагер жігітпен танысады.


- Жүйкеме салмақ түсіріп, көп ойлансам тәттіні көп жейтін әдетім бар. Бір күні жұмыстан қайтып бара жатып, жол бойындағы базардан 1-2 кг шоколад сатып алмақ болғанымда бір жігітпен таныстым. Бұрын сұрақ қойған, сөйлескісі келген жігіттерге жауап қатпайтынмын мүлде. Бұл жолы күлімсіреп жауап бере салған едім. Телефон нөмір алмастық. Ол күнде маған қоңырау шалатын болды. Өмірге өкпелеп немесе жалғызсырап жүрген адам мұндайда өзіне тынымсыз телефон соғып, хал-жағдайын сұраған адамға тез бауыр басып қалады екен, - дейді Маржан.


Сөзі жұмсақ, тілі майда жігіт жабырқап жүрген қыздың жүрегін әп-сәтте баурап алады. Қайда тұратынын сұрап алып, шоколад-конфетін көтеріп Маржанның пәтеріне де келеді. Құрбысы тұрмысқа шығып кеткен соң, ол екі айдан бері жалғыз өзі тұрып жатқан. Не керек, жігітті пәтеріне кіргізеді. Жігіт Өзбекстанның қазағы екен. Мұнда сауда жасау үшін келген. Базар маңындағы бір атаның екі бөлмелі қоржынтамын төрт жігіт жалға алып тұратынын айтады.


- Ол көбіне шариғат тақырыбында әңгіме айтатын. Алланы аузынан тастамайтын. Өтірік сөйлеу, біреуді алдау үлкен күнә екенін есіме салып отыратын. Аз уақытта іші-бауырыма кіріп, қалай жүрегімді баурап алғанын сезбей қалдым. Ролан деп өзін таныстырған ол жігіт бойдақ екенін де айтты, - деген Маржан жігіттің діни уағыздарынан соң оны болашақ күйеуі ретінде елестетіп көргенін жасырмады.


Бір күні жігіт қызға ұсыныс жасайды. Олар үйленеді. Бірақ АХАЖ-ға тіркелмейді, беташар да өтпейді. Әке-шешесімен танысуды да кейінге қалдырады.

Маржан заңды түрде некелесу немесе оның ата-анасымен танысу жөнінде сөз қозғай қалса, «33 жастағы сен бала көтере аласың ба, менің күдігім осында. Сен алдымен жүкті бол, сосын заңды түрде некелесеміз, әке-шешеммен де сосын таныстырамын» дейді Ролан. Кез келген «кәрі қыздың» жанды жері осы емес пе?! Көп қыз осындай сөзден соң өзін кінәлі санап, жігіттің айтқанына көнеді.

Маржан аз уақытта өзінен 3 жас кіші, көрікті жігітке ессіз ғашық боп, айтқанына бас шұлғып келісе беретін боп қалады. Ролан Маржанды туысқандарымен де, құрбыларымен де араластырмай қояды.


- Алты ай бірге тұрдық. Менің жүкті болғанымды естігеннен соң екі-үш күннен кейін ол үйге мүлде келмеді. Біржолата кетіп бара жатқанын қалай сезбей қалғанмын десеңізші. Әйтеуір сол күні ол үш футболкасын қабаттап киді. Оның сыртынан екі жемпер киді. Қазір ойланып отырсам, ол киімдерін сөмкемен алып кетсе мені сезіктеніп қояды деп, осындай әрекетке барған екен ғой. Тіпті, кетерінде ұялы телефонының бұзылып қалғанын айтып, сим-картасын менікіне салып алып кетті. Мені екіқабат етіп тастап кетіп бара жатқанымен қоймай, телефонымды жымқырып кеткеніне қынжыламын. Не деген сұм, имансыз, қасиетсіз адам еді?! – деген Маржан екі аптадай күдік болмағанын айтады.


Ролан үнемі «Жүкті болсаң ғана ата-анаммен таныстырамын, өзіммен алып кетемін» деуші еді. Сондықтан да Маржан тосынсый жасамақ боп Өзбекстанға хабар беруге кетті ме екен деп ойлайды. Бірақ арада үш апта өтсе де жігіт хабарласпайды. Маржан жігіттің жұмысына іздеп барады. Ондағы сатушылар Ролан деген жігітті танымайтын боп шығады. Сонда ол есімін де шын айтпаған болды ғой.

Маржан ішкі күйігін кімге айтарын білмей қиналады. Бір күні жұмысындағы бір апайға болған жайды айтып қояды. Әріптес апайы «Аты-жөнін жазып учаскелік полицияға шағымдан» деп кеңес береді. Ал Маржан азаматтық некеде тұрған жігітінің фамилиясын да білмейді. Тіпті төлқұжатын да көрген емес.

Полиция фотосын сұрайды. Оның фотосының бәрі Маржанның ұялы телефонында кеткен. Полиция қызметкері дәл осындай шағымның екі-үш жылда көп түскенін. Көбіне Өзбекстаннан келіп сауда жасайтын отбасылы ер-азаматтар аңғал қыз-келіншектерді алдап, уақытша пайдаланатынын ескертеді. Мұндай құрбандардың қатарына көбінесе мүгедек бойжеткендер, «кәрі қыздар», бір баласы бар ажырасқан келіншектер кіреді екен. Маржан полицияның сөзінде жан бар екенін айтып:


- Шынында да алты ай бойы пәтерақыны өзім төлеп, азық-түлікті де мен сатып алғанмын. Ол тек анда-санда шоколад алып келетін. Одан ешқандай шығын шықпапты. Қыс бойы жайлы пәтер, дәмді тамақ, жылы төсекті пайдаланыпты ол. Мен полицияға оның фотосын да, аты-жөнін де тауып бере алмағандықтан, ешнәрсе істей алмадым. Алданғанымды анық білген соң, ішім өртенді. Үйге келіп айқайлап жыладым. Басқа қолымнан ешнәрсе келмеді, - деп терең күрсініп алды.

Маржан ішкі сырын жан баласымен бөлісе алмай, өзін ғана кінәлап жылаумен болады. Жүйкесіне ауырлық түсті ме екен, жатырынан қан кетіп, түсік тастап қояды...

Содан бері үш жыл уақыт өтіпті. Маржан Роланды Шымкенттен жолықтырмапты. Ол Роланның басқа қалада өзге де қыздарды алдап-арбап жүр деп топшылайды. Не болмаса Өзбекстанда әйелі, бала-шағасының ортасында алаңсыз жатыр деп те ойлайды. Қайда жүрсе де оны бір құдайға тапсырғанын айтты.


- Адамның қайсысы болса да шариғаттан мысалдар келтіріп, дін жөнінде көп әңгімелейтіндерге тез алданады. Әке-шешесімен таныстырудан қашса, заңды некеге тұруды кейінге қалдырса, төлқұжатын көрсетпесе, оңдай жігіттен аулақ жүру керек. Сондай-ақ, жігіт берген шоколад секілді тәттілерді де жемей-ақ қойыңызшы. Өйткені, көзі байланып ессіз ғашық боп қалсын, айтқанымды орындап жүре берсін деп, тәттіні де молдаларға оқытып әкеп беретін жігіттер болады, - дейді Маржан.


«Сақтықта қорлық жоқ». Маржанның оқиғасы қыз өсіріп отырған аналарға да, бойжеткен қыздарға да сабақ боларлық. Маржан егер өмірді артқа қарай шегіндірер мүмкіндік болса, «Мектепті бітірген соң-ақ ешкімді тыңдамай тұрмысқа шығып кетер едім» дейді ол.

(Иллюстрациялық фотолар ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Мүшесін ұстатты»: Зейнеткер әйел бала күнінде педофил құрбаны бола жаздаған


«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айттыы