​«Сәл-сәл кіргіздім»: үш қыздың анасы күйеуінен көрген қорлығын баяндап берді

0
3 023

«Күйеуімнің туыстары бетіме түкіріп кетті»


​«Сәл-сәл кіргіздім»: үш қыздың анасы күйеуінен көрген қорлығын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Соры қайнаған сормаңдай болдым. Әңгімемді ішімдегі запыранымды төгуден бастағанымды айыпқа бұйырмаңыздаршы. Сырымды айтып, ішімді босатпасам құсадан өліп кететін сияқтымын», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Маржан (есімі өзгертілді).


Үш баланың анасы күйеуін сотқа беріпті. Сол үшін оны бүкіл қайын жұрты айыптап, масқара еткен. Басынан өткен жағдайды тілшімізге баяндап берді.


«Балалар үйінде өскен жетім қызбын. Әкем кім, шешем қайсы, ештеңеден хабарсызбын. Өмірге келгеннен өзімді ешкімге керексіз сияқты сезініп келемін. Кемсіту, шеттетудің түр-түрін көріп өстім.


Мектепті бітірген соң кәсіптік колледжге оқуға түсіп, ол жерде Серік (есімі өзгертілді) деген жігітпен таныстым. Көп ұзамай мені алып қашып, ауылына апарды. Серіктің анасы, аға-жеңгелері, қарындастары менің балалар үйінде өскенімді естіген сәттен жақтырмады. «Кіммен құда боламыз, мына тастандыдан басқа қыз құрып қалды ма» деп бірінші күннен тиісті. Серікті сол үшін отырса опақ, тұрса сопақ етті. «Қатының жаман» деп күнде миын жей бергесін ол да «зомби» болып қалған. Қит еткен нәрсеге жұдырығын ала жүгіретін.


Құдай куә ғой, енемнің тепкісіне де, байымның сабағанына да шыдадым. Беттеріне қарсы келген емеспін. Бірақ, бекер-ақ сорлы болыппын. Сол үйдің тегін құлы болдым, ал құлды қай қожайын жақсы көруші еді. «Бұл сүмелек қатын» деп сөйлейтін. Абысыным да, енем де, қайынсіңлілерім де. Сөйтіп жүріп үш қызды өмірге әкелдім.


Сегізінші жылға аяқ басқанда қайнымыз үйленді де, біз аудан орталығына пәтер жалдап көшіп кеттік. Ішімдіктен аузы құрғамайтын күйеуім бөлек шықсақ адам болар деген арманым адыра қалды. Бір таңғалатыным, енем де, бауырлары да Серікке «ішпесейші, адам бол» деп айтпайтын. Оларға еркек ішіп, әйелін сабау заңдылық сияқты көрінетін. Бар бәле тәрбиесіздіктен басталады екен ғой.


Мен әркімнің үйін жинап, қора-жайын әктеп беріп ақша табам. Мемлекеттен алатын азын-аулақ жәрдемақымыз бар, әйтеуір өлме-талма күн кешіп жүргенбіз. Үлкенім сегіз жаста, одан кейінгідері 6, 4 жаста. Жұмыс шыға қалса кішкентай екеуін үлкеніме тастап, тамақтарын беріп кетемін. Әкелерінен қайран жоқ. Ішіп келіп, үйді қиратпай ұйықтап қалса қуанатынмын.


Сөйтіп жүргенде үлкен қызым ашушаң, ызақор, қит етсе жылап қалатын мінез шығарды. «Бұл да әкесінен, бауырларына қараудан мезі болды-ау» деп ойлайтынмын. Сөйтсем ол бергі жағы екен.


Бір күні біреудің үйін әктеп, кештетіп келдім. Қақпадан кірсем қызым сыртта жүрү Мені көре сала құшақтап, жылап жіберді. «Не болды» деп сұрап едім, «папам ғой» деді де, ары қарай әңгімесін айтпай қойды. Ішке кірсем Серік тағы да ішіп алып, қорылдап ұйықтап жатыр екен. Қыздарымды жұбатып, шай-тамағын беріп, жатып қалдық.


Тағы бірде үйге қас қарая келдім. Үлкенім жоқ. Екі кішкентайым папасымен ұйықтап жатыр. Үйдің іші арақ сасып кеткен. Тағы да мас. «Қызың қайда?» деген сұрағыма мардымды жауап ала алмадым. Дереу сыртқа шығып, атын атап іздедім. Қора жаққа тығылып қалған екен, дір-дір етіп әрең шықты. Бірақ бұл жолы бәрін айтып берді.


Соңғы кездері «мама, жұмысқа бармай-ақ қойшы» деп жылап қалатын еді. Сөйтсем әкесі оған тиісіп келіпті. Осымен үшінші рет. «Мамаңа айтсаң екеуіңді де өлтіремін» деп қорқытты. Сен түк білмегендей жүре берші» дегенде күйеуімді жатқан жерінде балталап тастағым келді. Бірақ есімді тез жинап, жедел жәрдеммен қызымды ауруханаға апардым. Өсек-аяңды ойлауға мұршам болмады. Балапаным сау болсыншы деп тілеп едім, «тоқ ішегі жыртылған, әбден қорқып қалған, психологтың көмегінсіз болмайды, оңалуы қиын» деді дәрігерлер. Сол кезде қызымның әкесін көрсе тұра қашатынын енді түсіндім.Оны ауруханаға қалдырып, жол-жөнекей полиция шақырып, күйеуімді ұйықтап жатқан жерінен ұстатып жібердім.


Сот болды, бес жарым жылға қамалды. Бәрінен де жаныма батқаны, Серіктің «мен оны зорламадым, тек жай ғана жеңіл-желпі кіргіздім, бастысы аман-сау, тірі ғой» дегені. Өйтіп айтқанша өле салғаны дұрыс еді, қарабеттің. Түк көрмеген енем, қайынағам, қайынсіңлілерім «Өз байының түбіне жетті, елге қарабет етті» деп сот залында бетіме түкіріп кетті. «Бәле жаптың, қызыңды басқа біреу зорлаған» деп дес бермей отыр. Неткен тасжүрек, намыссыз жандар! Енді ортадан ақша жинап, апелляциялық шағым түсіріп, жазасын жеңілдету үшін жүгіріп жүр екен.


Жетімнің жары – Құдай, соның көзі тура болсын. Он жылдай азап пен тозақта өмір сүріп келгенім жетер. Ендігі тек үш қызымның көзінен тек қуаныш көру үшін тіршілік етемін. Менің айтайын дегенім, қазіргі адамдарда ар-ұят, намыс, адамдық қасиет ада болған. Ішкіш күйеуден, тиран еркектен балаларыңызды аулақ ұстаңыздаршы. Ақылын сатып, арақ ішіп кеткендер өз балаларын да аямайды екен. Әйтпесе осындай жағдайды өз басымнан өткізем деп ойлаппын ба?»