"Сөз салған жігітіме тұрмысқа шыққым келмей қалды"

0
665

"Маған әйел емес, тек үй тірлігін істейтін адам керек, бала да сұрамаймын"


"Ажырасқан әйелмін. Алғашқы некемнен бір ұлым бар. Тұрмыста бақытты болмағандықтан, ендігі өмірімді тек ұлыма арнаймын, қайта тұрмыс құрмаймын деп шешім қабылдап қойған едім. Бірақ, бұл өмір ғой. Өзім жас болғандықтан, табиғаттың заңдылығына да қарсы шығу өте қиын екен" дейді ERNUR. KZ порталының тараздық оқырманы.


"Әйелі қайтқан, дәл мен секілді бір ұлы бар ер адамды кездестірдім. Білмеймін неге екенін, оны бір көргеннен өзімнің адамымдай көріп, ол үшін бәріне де дайын едім. Сөзіміз жарасып, көзқарастарымыз да сәйкес келгендіктен, онымен бірге көп уақытымды өткізгім келетін. Солай біз жиі жолығып, кездесіп тұрдық. Ол мені өз ұлымен, мен оны өзімнің ұлыммен таныстырып, жақсы араласып кеттік. Оның ұлы менің ұлыма қарағанда кішілеу еді. Ес білмейтін кішкентай бала болғандықтан шығар, мен оны бірден бауырыма тарттым, жақсы көрдім. Ол да мені көргенде «мама» деп құшақтайтын. Өзінің анасына ұқсатты-ау деймін, құшағымнан шыққысы келмейді.
Бір-бірімізге бауыр басып, жақсы отбасы бола алатынымызға көзім жеткен соң, мен ол адамның ұсынысын қабыл алдым. Бірақ, әлі үйленген жоқпыз.
Бір-бірімізді ұнатамыз, бақытты отбасы боламыз деп тек мен қиялдаған сияқтымын. Екеуміздің жақын араласатын ортақ танысымыз бар болып шықты. Соның айтуынша, сеніп жүрген жігітім: «Маған тек үй қызметін атқарып, шаруамды істеп отыратын, кірімді жуатын, тамағымды істейтін әйел керек. Мен одан бала сұрамаймын. Ары кетсе бір бала болса болды, өйткені, менің қайтыс болған әйелімнің орнын ешқашан баса алмайды» депті. Осы әңгімені естіген соң, біртүрлі болып қалдым. Әрине, оның өз ойы, өзіне дұрыс та шығар. Дегенмен, мен біртүрлі болып отырмын. Ол айтпаса да, әйелдік міндеттерімді орындап, үй жинап, кір жуып, тамақ жасау – ол менің міндетім ғой.
Сол сөздерді естігелі бері жаман боп жүрмін, бетім қайтып қалған сияқты. Ол мені адам құрлы көрмегені ме, сыйламағаны ма деп қапаландым.
Ол кісінің өзіне де осы естіген сөздерімді айттым. Мойындап отыр. «Онда тұрған не бар екен? Рас қой енді» дейді. Күнде хабарласып, мен телефон тұтқасын алмай қойсам, ұлыма хабарласып, тыныштық бермей жүр.
Осының барлығы мен үшін уайым, қызық кісі екен деп қабылдай алмай жүрмін. Тіпті мен оған тұрмысқа шыққым келмей қалған сияқты. Не істесем болады, бұл уақытша сезім бе, әлде шынымен де ойланатын нәрсе бар ма?"