«Қызыма да керек емес екенмін»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жақсы қызмет, жайлы үй, қымбат көлік, банктегі ақша... Мұның бәрі маған қазір ешқандай қуаныш сыйламайды. Себебі мен жалғызбын», - дейді Сәкен есімді түркістандық азамат.
Кезінде бір бойжеткеннің көз жасына қалып, бойдақ өмірінен бас тарта алмаған азамат басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
"Әке-шешем мені немеренің тұңғышы болған соң ата-апамның бауырына берген екен. Өзімнен кейін тетелес қарындасым болды. Екеуміздің бетімізге жел тиген жоқ. Ата-әжем де құрметті азаматтар болатын. Өте тентек, ерке болып өстім. Барлығы менің дегеніммен болған.
Әкем менің заңгер болғанымды қалады. Университетке түсіріп, тиын-тебенін төлеп «Тек қана оқы!» деп жағдайымды жасады. Оны тыңдаған мен жоқ. Жігіттермен қосылып, қыздарға барамыз, сыра ішеміз, сабақтан қашамыз. Сөйтіп жүргенде үлкен қателік жасадым.
Үшінші курсқа көшкен кезіміз. Бірінші курсқа түскен қыздарға көзіміз түсіп, жігіттермен сол қыздарға баратын болдық. Басында «Жаңа студенттерге көмектесеміз» деп сылтауратып, кейін өзімізге қаратуды көздеп жүрдік. Айтып-айтпай не керек, сол кезде Сәуле деген қыз менен жүкті болып қалды. Сәуле оны маған бірден айтты. Бірақ мен мойындамай, «аборт жасатып таста, қанша ақша берейін» деп намысына тиетін небір сөздерді айттым.
Қыста емтихандарды тапсырып, ауылға кеттік. Ол кезде Сәуленің іші көріне бастады. Ол мені сүйді, мені күтті, қосыламыз деп үміттенсе керек. Баланы сол бойы алдырмады. Жаңа жыл мерекесі күні біздің үйге Сәуле мен оның әпкесі келді. Ол кезде атам өмірден өткен-тұғын, әжем мен ата-анам оларды тыңдады.
Әпкесі «Сіңліміздің басын айналдырып, балаңыз осындай күйге түсіріпті. Бұл әлі жас, небәрі 17 жаста. Не үйленсің, не сотқа береміз» деп қатты айтты. Оған біздің де тарап келіспеді. Тоқсаныншы жылдардың басы ауылдағы жігіттердің барлығы теріс жолға түсіп кеткен.
Әкем соны ескеріп: «Қалекеңнің баласы сотталыпты деген сөз керек емес. Үйленуге де бұған әлі ерте. Отбасын асырай ма, әлде оқуын оқи ма? Мына ақшаны алып, бізден аулақ жүріңдер. Қыздың өзі де тегін емес, балама оңай беріле салған» деп тыйып тастады. Әкемнің сөзін анам да, әжем де қолдады. Мен болсам, жастық жігермен, кінәмді мойындамадым.
Сонда Сәуленің әпкесі «Құдайдан безгендер! Құдай бар болса, алдыларыңызға келсін, мына біздің көз жасымыз мың есе алдыңа келсін!» деп ақшаны да алмай менің бетіме түкіріп кетті. Біз бұл жағдай туралы ешкім білмеуі тиіс деп өзара келістік. Кейін оқуға келгенде Сәуленің оқудан кеткенін естідім.
Мен оқуымды аяқтадым. Әкем қаладағы жақсы қызметке орналастырды. Әжем ауырып, біраз уақыт төсек тартып жатты да, өмірден өтті. Соңғы сөзінде «сенен шөбере көрем деп ем, арманда қалдым» деді. Жасым отызға таяған шақта өзімнен 10 жас кіші, университеттің екінші курсында оқитын қызға үйлендім. Әйелім жаман адам емес. Бірақ бір үйдің жалғыз қызы болған соң, ата-анасы мен ағалары «Оқысын, диплом алсын» деген соң, біз қалада тұрдық. Ол ауылдағы үйде бір күн тұрған жоқ. Әке-шешеме сәлем де салмады, келіндік міндетін де дұрыстап атқармады. Үлкендер біле тұра, көңілдері толмаса да, біздің өмірге араласпады. Бірақ екеуміз бақытты бола алмадық. Он жылға жуық сәби сүйе алмай, ақыры ажырастық. Соңғы үш жылда тіпті жеке бөлмелерде өмір сүрдік. Мен өз кәсібімен, ол өз жұмысымен айналысады. Ерлі-зайыптылар болып, той-жиындарға да бармаймыз. Ол өзінше, мен өзімше жүреміз. Осыдан төрт жыл бұрын ажырасып тындық. Қазір ол екінші мәрте күйеуге тиіп, бір ұл туып алыпты.
Жақында институтта оқыған таныстардың жиынына бардым. Сол жиынға кезінде Сәулемен бір курста оқыған Гүлжанды көрдім. Ол мені көре сала «Сәкен, қалай өзгеріп кеткенсің? Шашың ақ басып, түрің жаман болып кеткен ғой» деп әзілдеп қалды. Әзіл болса да, шындық қой.
Барлығы жеткен жетістіктерін айтып, отбасын таныстырып, бала-шағаларының қызықтарымен бөлісе бастады. Кезек маған келгенде не дерімді білмей қалдым. Айтатын да ештеңе жоқ. Шешем мен әйеліммен ажырасқан жылы инсульт алып, қайтыс болған. Әкем де екі жылдан бері көлік апатына ұшырап, төсекке таңылған. Қарындасым да алдына келген жігіттерді менсінбей жүріп қалды да, ақырында әйелі бар бір кісіден ұл туып алған. Ойланып қарасам, менің бірде бір жетістігім жоқ екен.
«Әйеліммен ажырасқанмын, ауру әкеме болысып жүрмін, жеке кәсібім бар» деп қысқа қайырдым. Кеш жалғасын тапқанда жиынға келмегендерді еске ала бастадық. Сонда Гүлжан «Сәуле сендерге сәлем айтып жатыр, ол қыз естеріңде ме?!» дегенде барлығы шу ете қалды. «Ее, жүкті болып, оқудан шығып кетіп еді ғой» деп бәрі күбір-күбір сөйлей бастады. Мен шыдамай, түк білмегенсіп: «Қазір ол қайда екен? Неге келмеді?» дедім. Гүлжан «оның үлкен қызы оқу бітіріп, қызыл диплом алып жатыр екен. Содан келе алмады» деді.
Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей болдым. Өңім бұзылып, бетімнен отым шықты. Гүлжан сөзін ары қарай жалғастырды.
«Сәуле негізі сондай мықты адам ғой. Оқудан шығып кеткен соң, оны әпкесі Алматыға алып кетті. Қызын сол жақта босанды, кейін тұрмысқа шықты. Күйеуі алтын адам болып кездесті. Айдананы кемсітпей, өз атына жаздырып алған. Сәулені оқытты. Ол қазір мықты компанияда заңгер болып істейді. Жасы қырыққа келді демейсің, жап-жас қыздай. Түріне қарасаң, төрт бала туған әйелге ұқсамайды. Кенже ұлының жақында тұсаукесерін өткізді, үлкен той жасады, көп әншілерді шақырды» деп біраз әңгіме айтты.
Барлығы соны тыңдап, Сәулеге қызығып отырды. Бір кезде институтта оқыған тағы бір қыз «Сәулені сол кезде қарабет қылған жігіт не істеп жүр екен?! Баласының барын біле ме екен? Сәуле бірде «Қызым басқа әкесі бар екенінен хабардар. Білген кезде «Мені іздемегенді, мен де іздемеймін. Менің әкем бір ғана адам, ол - қазіргі папам. Басқа одан артық ешкім жоқ. Ал менің бұл өмірге келтірген анау кісі аман болсын» деп жылы жауып қоя салыпты» деп қалды.
Осы әңгімеден кейін менің жүрегім қысылып, біртүрлі мазам кетті. «Әкем жалғыз қалып еді» дедім де, отырыстан кетіп қалдым. Жол бойы небір ой келді. Өлгім де келді. Алматыға барып, Сәулеге жолыққым келді. Көзімнен тарам-тарам жас ағып, ерекше сезімді бастан кешірдім. Өкініштің өксігі ішімде толып қалған екен. Тіпті атам мен апам, шешем қайтқанда да бұлай аһ ұрмағаншығармын. Өзімнің босбелбеулігіме, ақымақтығыма, қуыскеуде болғаныма налыдым. Әкеме қарсы тұра алмай, Сәулені алып қалмағаныма өкіндім.
Сол кезден бері бір апта өтті. Қызымның бар екеніне мәз болып жүрмін. Көргім келеді, кездескім келеді. Бірақ, олардың алдына баруға ұяттымын. Барғанда не деймін?! Оған қай бетіммен қараймын? Әттең, фамилиясын да білмеймін. Әйтпесе, әлеуметтік желілер арқылы суретін бір көргім келеді. Жолын таба алмай жүрмін.
Жас кезде мансап деп, ойын деп, біраз батпаққа кіргенім үшін бүгін жазықтымын. Сәуленің әпкесі айтқан сөз есімнен шықпай-ақ қойды. Сол кісілердің қарғысы, көз жасы менің өмірімнің астаң-кестеңін шығарды-ау. Осы оқиғаны сіздерге айта отырып, қызымнан, Сәуледен кешірім сұрағым келеді. Қызым, қайда жүрсең де амандығыңды тілеймін. Мені кеше гөр!
Бұл өмірде біреудің ақысын жеуден, наласына қалудан асқан қарғыс жоқ екен. Жігіттер, жастықтың буымен қателік жасаудан сақтанғайсыңдар!»
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: