​«Сегіз жылдан бері өлі-тірі екенін білмейміз»: анасынан көз жазып қалған жігіт отбасында болған жағдайды айтып берді

0
2 400

«Жұмысқа кеттім деген, содан бері көрген жоқпыз»


​«Сегіз жылдан бері өлі-тірі екенін білмейміз»: анасынан көз жазып қалған жігіт отбасында болған жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Дүниеде ең жаманы – біреуді күту, жақын адамыңнан көз жазып қалу. Әсіресе іздеген адамыңның айдың-күннің аманында із-түссіз жоғалып кетсе, одан асқан қасірет жоқ», - дейді қызылордалық Данияр есімді жігіт.


Осыдан 8 жыл бұрын анасынан көз жазып қалған Данияр ол кезде небәрі 11 жастағы бала еді. Бүгінде студент болған. Оң-солын тани бастағаннан анасы туралы дерек жинап жүр. Оқиғаның жай-жапсарын, анасынан қалай көз жазып қалғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Өзімнен кейінгі қарындасым екеуміз қазір нағашы әжемнің қолында тұрамыз. Анам жоғалған кезде қарындасым небәрі бір жасар еді. Қазір екінші сыныпқа өтті. Оның әкесінің кім екенін білмеймін, ал менің әкем жасыма толғанда өмірден өтіп кеткен екен. Содан кейін анам төркініне келіп қалған.


Анашым қаладағы ауруханалардың бірінде мейірбике болып істейтін. Тірлігі тындырымды еді. Қолынан келмейтіні жоқ, жұмыстан босай қалса бізге неше түрлі тәттерді пісіріп беретін. Ән салатын, даусы күшті еді. Қазір сол күндерді сағынышпен еске аламын. Анам әкелеріміздің орнын басу үшін күні-түні еңбек етті. Сол жағдай да оны қажытып жіберді ме деп ойлаймын.


Бәрін басынан баяндайын. Оқиға 2011 жылдың сәуірінде болды. Анашым жұмысынан кеш келді. Келді де дереу тамақ істей бастады. Кешкі ас үстінде «Апа, мен ертең тағы түнгі сменге түсетін болдым. Жанымдағы қыздың мамасы ауырып қалған екен, еліне кетті» деді. Апам онысын жақтырмады. «Өзің бір тынбайсың, шаршап жүргенде неге келістің? Басқа адам құрып қалып па?» деп ренжіді.


Тамағымызды ішіп болып, сабақ оқып отырғанмын. Кенет анама біреу телефон соқты. Ол ыдыс-аяғын да жумастан, «Мен дереу банкоматқа барып келемін. Ақша шешіп алуым керек» деп ай-шайға қарамай шығып кетті. Үйден шығып бара жатқанда телефоны тағы шырылдап еді, мамам құлағына тосты да, «Міне, шығып жатырмын. Күте тұр» деді.


Арада екі сағаттай уақыт өткенде үйге келді. Біртүрлі көңілсіз көрінді. Әжем де оны байқаған екен. Кейін, анам жоғалып кеткен соң көргенін айтты ғой. Үйге келген соң анам ештеңе істемей жатып қалды. «Шаршап тұрмын, ертең ерте тұрып, жұмысқа кетуім керек. Ыдысты сен жуа салшы» деген. Айтқанын екі етпей орындап қойдым.


Таңертең ұйқыдан тұрсам, мама жұмысқа кетіп қалған екен. Оның ерте кеткеніне үйреніп қалғанбыз ғой, ештеңеден күмәнданбай, таңғы шайымызды ішіп отыра бердік. Бір уақытта үйге ауруханадан бас мейірбике хабарласты. «Гүлмира жұмысқа келіп, ауысымды қабылдап алуы керек еді. Төбе көрсетпеді, Ауырып қалған жоқ па?» деп тұр. Апамның есі шығып кете жаздады. Дереу ұялы телефонына хабарласып еді, онысы сөндірулі болды. Содан бері анамды көрдім-білдім деген адам жоқ...


Мен мұның бәрі анамның түнде банкоматқа шығып кеткенімен байланысты ма деймін. Себебі ол алдын ақша туралы әңгіме қозғамаған. Аяқ астынан әлгі адамның анамды қояр да қоймай банкоматқа шақырғаны әжемнің көңіліне күдік ұялатты. Бұл ойымызды полицейлерге де айттық.

Олар сол күні кешкісін анама қоңырау соққан адамның кім екенін анықтапты. Ол өзімен бірге істейтін мейірбике апай екен. «Мен ол күні Гүлмираны көрген жоқпын» деп жалтармақшы болған. Бірақ телефонның «распечаткасын» көрсеткенде, айтқан сөзінен айнып шыға келді. «Менің төленбеген кредитім көп болған соң, есепшімен келісіп, уақытша жұмыссыз көрініп, айлығымды Гүлмираның шотына аудартқызатын болып келіскенбіз. Сол күні түнде Гүлмираға «айлығымды алып берші» деп өтініш айтқанмын. Оны інімнің көлігімен көшенің басынан күтіп алып, ақшамды ұстатқан соң әкеткен жеріме қайта жеткізіп тастадым. Содан кейін көрген жоқпын» деп түсінік берді.

Ол апайдың анамның жоғалуына қатысы барын дәлелдейтін айғақ болмаған соң, куәгер ретінде тіркелді де, ақыр соңында еш дерегі табылмады деп іс қысқарып кетті.


Анамыз қарындасымның есінде жоқ. Тек суреттен таниды. Бәрінен де әжеме қиын болды. Соңғы уақытта жиі қан қысымы көтеріліп, төсек тартып қалады. «Не өлі, не тірі деген хабар болсайшы» деп жылғанда жаның ашып кетеді.


Менің де түсіме жиі кіреді. Баяғыша ас үйде, бізге бәліш пісіріп жатқанын көремін. Кейде домбырамен ән салып отырады. Кейде арқасында ауыр сөмке арқалап, бізге сағынышпен қарап тұрады. Маған ол тірі сияқты, үйге жете алмай, әлдекімдер қинап ұстап отырғандай көрінеді.


Анамның жоғалуына байланысты қылмыстық істің ашылмай қалуына мәйіттің табылмауы басты себеп екен. Аудан, ауылдың бәрін іздеп шығыпты. Тіпті ауылымыздың маңындағы өзенді де тінтіпті. Еш дерек жоқ. Құдды аспанға ұшып кеткендей...


Басымнан өткен оқиғаны баяндағым келді. Анам жайлы білетіндер болса, оны танитындар табылса деген оймен суретін де шығарайын дегенмін. Әжем қарсы болды. Мен сонда күдер үзбеймін. Анамның тірі жүргеніне, бір күні кездесетініме сенемін».