​«Сығаннан 100 сомымды тартып алдым»: шымкенттік келіншек гипнозға алданып қалғанын айтып берді

0
4 758

«Шәйнегін 10 мың теңгеге сатып кетті»


​«Сығаннан 100 сомымды тартып алдым»: шымкенттік келіншек гипнозға алданып қалғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Таяуда бір қалада зейнеткер кемпірді гипноздап, баспанасын тартып алған» деген жаңалықты оқып, өз басымнан өткен оқиғалар еске түсті. Талай мәрте гипнозға түсіп, қалтамнан қағылып едім», - деді Нұрипа есімді шымкенттік кейуана.


Оқырманымыз сығандардың қолынан қалай сытылып шыққанын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бұрын шешеміз «көшеге шықпаңдар, жөйт бар, сығандар жүр» десе, бізді қорқыту үшін айтып жатқан шығар деп түсінетінбіз. Сөйтсек, бізді алданып қалмасын, бірдеңеге ұрынбасын деп сақтандырған екен-ау.


Әлі есімде, сексенінші жылдардың аяғы-тұғын. Ауылдан әкем қыдырып келіп, қолыма 100 сом ұстатты. «Шешең қайтыс боп, артыңнан тірлік те, бесік те бармады. Мына ақшаға өзің қалаған дүниеңді ал, мойныма қарыз болмасын» деген. Ақшаны әмияныма салып, кішкентай қызымды жетектеп, әкемді автовокзалға шығарып салдым да, жаяулатып «Детский мир» деген магазинге келдім. Ол заманда импорт киімдер тапшы еді ғой, қарасам жаңадан түсім болған екен, іші ығы-жығы. Қызыма күздік киім әпере салайын деп қойып кеттім.


Ойымда ештеңе жоқ, киімдерді қарайын деп қолымдағы әмиянды сөреге қоя салыппын. Бір қарасам ұшты-күйлі жоқ. Іші тола ақша, есім ауысып кете жаздады. Кішкентай қызым жайына қалған, әркімге бір барып, «менің әмиянымды көрмедіңдер ма» деп сұрайм. Бір кезде сатушы қыз теріс қарап тұрып «Бұл жерде сығандар жүр, дәу де болса солар алды. Олардың дүкенде жүргенін айтсақ біздің киімдерімізді тіліп-тіліп кетеді. Сондықтан менің айтқанымды ешкім біліп қоймасын, жайлап дүкенді аралап көрсеңіз, өзіңіз байқайсыз, бірақ олар енді оңайлықпен қайтармайды-ау» деп бәрін айтып берді.


Қызымды жетектеп алып дүкен толы адамдардың арасынан сығандарды іздей бастадым. Бір уақта қарасам арғы басындағы есіктен төрт сыған шығуға ыңғайланып жатыр екен, қызымды сол жерге қалдырдым да, әлгілерге қарай жүгірдім. Бағыма орай есіктің алдына жетіп үлгердім. Ашудан қалшылдап кетсем керек, әлгі сығандарға «Отдай мой кошелек! Отдай быстро!» деп айқайладым. «Біз көрмедік» деп бет бақтырар емес. Бір уақта ішіндегі жастау біреуінің қолтығына қыстырулы тұрған әмиянымды байқап қалдым. «Вот, это мой кошелек! Быстро отдай, или я тебе шею сверну!» деп бар білген орысшаммен тосқауылдап тұра қалдым. Айқай-шуға дүкеннің ішіндегі адамдардың бәрі жиналып қалды. Әлгі сығандар топ адамның ортасында қоршалып қалған. Жабылып ұрып тастайды деп қорықты-ау, «Бери свой кошелек» деп қолыма ұстатты да, тез-тез шығып кетті.


Аяқтан әл кеткен, көзімнің жасы тарам-тарам боп ағып адасып кеткен қызымды іздедім. Бір кісі келіп «Ер мінезді екенсің, сығандар оңайлықпен алғанын қайтармайды, кейде алдынан шыққан адамдардың бетін тіліп қашып кететін» дегенде есім адаса жаздады. Бұйырған ақша екен, өзіме қайтты.


Тәуелсіздік алып, елдің бәрі саудаға шығып жатқан кезде мен де қысқартуға ұшырап, біреудің дүкеніне сатушы боп кіргем. Айына 7 мың теңге жалақы береді. Арасында «сындыратынымыз» бар, барына береке тілеп істеп жаттым.


Бір күні дүкенге көптен көрмеген құрбым келген. Екеуміз әңгімені соғып отырғанда екі әйел кіріп келді. Ұлтын түсініп болмайсың, қазаққа келіңкіремейді. Олар менен «500 единица бар ма» деп сұрады. Ол кезде бірлікті картамен сататын едік қой. Әлгілердің әңгімесіне айналып тұрып бір бумасын беріп жібергенімді кейін білдім. Олар шығып кеткенде құрбым «Сен жаңа аналарға бір бумасын ұстата салдың ғой, жүгір арттарынан» деп айқай салсын. Артынша шықтым, бірақ ізін суытып үлгерген. Не керек, бақандай 15 мың теңгеге «банкрот» боп, екі ай тегін жұмыс істедім.


Осыдан он бес жылдай бұрын қалтамда он мыңдай ақша бар, өзіме көйлек алайын деп «Озеро» базарына барғам. Көйлекті іздеп, базарды аралап жүргем. Бір кісі алдымнан кесе-көлденең шықты да, «шәйнек аласың ба?» деп тұра қалды. Негізінде үйге шәйнек керек боп жүрген, әлгіден бағасын сұрап, тауарын ары-бері аударып қарап тұрғам. Есімді жисам автобуста кетіп барам, қолымда шәйнек. Ал әмияндағы 10 мың теңге жоқ. Гинозға тұтылғанымды сонда білдім. Бірақ оның өтеуін кімнен сұрайсың, күйеуімнен жасырып қалдым.


Бір жолы әлгі «Озероға» тағы бардым. «Пал ашам, аластайм» деп жүрген екі сығанды кездестіріп қалдым. Біреуіне «маған пал ашып берші, сендер сияқты сығандарға жиі алданып қала берем, оның себебі неде, мені біреу дуалап қоймап па» деп сұрақұты төтесінен қойдым. Әлгі сыған бетіме қарап мырс етті. «Қолыма сал, айтып берем» деді сосын. Қалтамда мың теңге жүрген, «барым осы» деп ұстаттым да «гипнозды қалай жасайсыңдар» дедім. «Сен түгілі бұл құпия өз арамызда айтылмайды, әуре болма» деп қысқа қайырды. Сосын «хотун, алданатын сен ғана емес, бірақ сен оған еш ренжіме, майда-шүйде күнәларың осылай жуылып кетеді, бұл сенің басыңның амандығының садақасы ғой» деп жүріп кетті.


Содан кейін қалтамда артық ақша болса садақаға салып жүретін болдым. Құдайдың есебі түгел екен. Осы оқиғалар тапқанымыздың бәрін өзімізге деп тықпалай бермей, жағдайы жоқтармен бөлісіп отыру үлкен сауап екенін ұқтырды».