"Тамақ істемейтін шығарсың" деп күледі": шымкенттік келін тойдың дастарханын "сыпырып" кететін енесі үшін ұялады

0
3 091

"Кетіп бара жатып қонақтары тұрып кеткен дастарханды да «жинап» кете салу түк емес...."


Тойдың дастарханы туралы әңгіме ел арасында аз емес. Ас та төк дастархан жаюды біреулер қолдаса, екінші біреулер оның ысырап екенін алға тартады. Ал тойдан сарқыт алу туралы сөз мүлде басқа. Ол да әжептеуір пікірталас тудыратын жағдай.

Шымкенттік келіншек ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып өзінің енесінің ұятты жағдайға қалдырып жүргенін айтып берген еді.

Оның айтуынша, тойдың дастарханынан сарқыт алу құптарлық іс емес.

- Алуға болады ғой, бірақ біздің апам сияқты емес... Кейде қарап отырып ұялып кетемін. Апаммен бірге тойға барғым келмейді. Тойдан қайтарда пакет-пакет етіп мені шақырып алып қолыма ұстатып жібереді. Сол үшін енеммен бірге тойға барғым келмейді, - дейді ол.


Бірде тіпті, енемнің дастарханнан қалай алып жатқанын біреу видеоға түсіріп маған салып жіберіпті. Етті де, салатты тәрелкеден қалтаға аударып жатқанын алыстан отырып жақсылап түсіріп алған. «Үйге барған соң екі күн тамақ істемейтін шығарсыңдар, иә?!» деп жазғанда намыстан жарылардай болдым. Енеме оны қалай айтамын? Қалай түсіндіремін?


Оған апам әбден үйренген. Бір жаққа шықса міндетті түрде сөмкесіне бірнеше қалташа салып алады. Сосын тойға барғанда дастарханда не тұр, соның барлығынан алдына өз үлесін жинай бастайды. Өзі сәл ғана ауыз тиіп, бәрін салып алып үйге әкеледі.

Тек өз дастарханынан болса мейлі ғой, кетіп бара жатып қонақтары тұрып кеткен дастарханды да «сыпырып» кете салу түк емес.


«Апа, қойыңызшы. Ұят қой, үйінде тамағы жоқ адам құсамай...» деп бір-екі рет айтқанмын. «Несі бар, бекерге ашып-сасып қалады. Одан да мұны жеп қойса сол сауап. Қоқысқа тастайды бәрін!» деп бой бермейді.


Ол ол ма, енем мен келін боп түскенде төркінім шақырған құдалықтың дастарханынан да салып алып келген ғой. Ұялғаным-ай! Менің көңіліме қараған шығар, ешқайсысы айтпады. Бірақ көрді ғой бәрі. Енді өзі жаңа құдағи боп барып отырған жерінен сарқыт салып алу деген шектен шығу емес пе? Менің де әке-шешемнің ағайыны бар, солар көріп сөз еткеніне шүбәм жоқ.


Ең жаманы, үйдің кішкентайлары, мектепте оқитын қайындарым мен қайынсіңлілерім соған үйреніп қалған. «Тойдан не әкелдіңіз?» деп дәметіп отырады. Расында апам әкелген тамақпен ертеңіне кешке дейін ештеңе істемейміз. Үйге әкелген соң бәрін реттеп, етін бөлек, бауырсағы мен алма-жүзімін, салатына дейін бөліп салып тоңазытқышқа қояды.


Жақында күйеуімнің досының тойына барып келдік. Үйге келсек бәрі ұйықтамай күтіп отыр. Қолымызда ештеңе жоғына қарап «түк әкелмедіңдерме тойдан?» дегенде аңтарылып қалдым. Үйімізде тойдан сарқыт әкелу міндетке айналғанын сонда түсіндім. Үндемей бөлмеме өтіп бара жатқанда енемнің «тойдан тобықтай деп бірдеңе ала келмей ме екен?» деп соңымнан сөйлеп қалғанын естідім.

Иә, тойдың дастарханынан дәм алуға қарсы емеспін. Егер тойдың иесі салып беріп жатса алуға болар. Той соңында онсыз да қалта таратып береді біз жақта той иесі. Барлығы ішіп-жеп болған соң ғана қалғанын алып кетуге болатын шығар. Бірақ той басталмай жатып қалтаға сүңгіту деген жақсы әдет емес қой?!

Бәлкім, менікі жөн емес шығар. Бірақ еш қабылдай алмадым, - деп мұңын шақты келіншек.

Ал бұл жағдайдың дұрыс-бұрысын айтуды көпшіліктің талқысына қалдырдық.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


ОҢАЙ ОЛЖА ҚҰРБАНДАРЫ: "Екі миллионға жуық теңгеміз кетті"


«Қайынатам ұятсыз кино көреді»: Шымкенттік келіншек үйде қалғысы келмейтінін айтты