​«Тиран енеден қашып құтылдым»: шымкенттік жас келін енесінен көрген қорлығын айтып берді

0
1 828

«Киімдерімді ұрлады, ыдыстарды сындырды...»


​«Тиран енеден қашып құтылдым»: шымкенттік жас келін енесінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасылық өмірде еркектер ғана тиран болмайды, келінге күн көрсетпейтін, отырса опақ, тұрса сопақ ететін тиран енелер де бар. Өкініше қарай, қазақ әйелдері «жасы үлкен адам ғой» деп тиран енелердің адам төзгісіз тірлігіне кешіріммен қарайды. Бірақ шектен шығып жатса кемшілігін айтып, шер тарқатып тұрған дұрыс. Іштен тынған адамның денсаулығы құриды», - дейді Ұлжан есімді жас келін.


Тұрмысқа шыққанына екі жыл болған оқырманымызды енесі үйіне сыйғызбай, қуып шығыпты. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуге оң-солымды біліп, университетті бітіріп, екі жыл мектепте мұғалім боп істеп, ақыл тоқтатқан жасымда шықтым. Бәлкім менің орнымда жастау қыз болса аузы ашылып, енесінің әр сөзін заң деп қабылдайтын шығар. Ал мен олай ете алмадым.


Беташар тойымыз өткен күннің ертеңіне енем мені алдына шақырып, «үйдің заңдарын жақсылап ұғып ал» деп әңгіме бастады.

«Бұл үйде менің айтқаным заң. Бала-шағам түгілі, қайныларым мен қайынсіңлілер де бағынады. Әлі күнге дейін «жеңеше, мынаны не істейміз» деп ақыл сұрап отырады. Сол себепті сен де менің тәртібіме көнесің. Бұл – бір. Екіншіден, үйге кіретін табыстың бәрі менің қалтама келіп құйылады. Кімге не керек, қайда жаратамыз, оны мен шешемін. Сондықтан айлық алатын банкоматтың карторчкасын қолмак тапсырасың» деп бұйрық берді.

Оның бұл айтқанын сол кезден жақтырмағам. Бірақ қазақшылыққа салып, «қойшы, үлкен кісі ғой» деп банкомат карточкамды қолына ұстаттым. Ақымақ басым, енемнің шық бермес Шығайбай екенін сол кезде білсем-ші.


Мектептің ішкі тәртібін көбіңіз білетін шығарсыз, үлкен ұжым болғасын күнде біреуінің туған күні болады, оған жинайсың. Тексеріс келіп қалса, оған да ақша шығарасың. Кейде ұжымдағы қыз-келіншектер «шай ішейік» деп ортадан кішігірім басқосу ұйымдастыра салады. Сондайда «менің ақшам жоқ» деп айту өте ұят екен. Бір-екі мәрте енеме «мектепте пәленге, түгенге ақша жинап жатыр» деп айтып едім, бәлеге қалдым. «Өзіңнің табатының мынанша, оны сол жерге таратып беріп жүрсең несіне жұмыс істейсің» деп өзіме ұрысып берді.


Затың әйел болғасын гигиеналық заттарың бар, кейде көшеден сүйген тамағыңды жегің келеді, анда-санда мамамды қуантып, көйлек-орамалын әпере салсам деймін, оған өз ақшам өзіме тимей, әбден қиналдым.

Бір күні мұғалімдердің жалақысы көтерілді. Маған да әжептеуір ақша қосылыпты. Есепшіге барып «менің үстіне қосылған ақшамды өзім қолма-қол алып тұрсам бола ма, ақшаны енем ұстайды, өзіме жарата алмаймын» деп сырымды айттым. Жасы үлкен апай еді, «Олай ете алмаймын, жалақыны автоматты түрде базадан аударады» деп түсіндірді. Сосын «Енеңнің есі дұрыс емес екен. Өз еңбекақыңды өзің алып, бергің келген сомманы қолына ұстатпайсың ба? Сен одан да банк карточкасын қайтадан аштыр, ескісін жоғалтып алдым деп. Сосын енеңе түсіндіріп айт» деп ақыл айтты.


Есепшінің кеңесімен жаңадан карточка аштырдым. Сөйтіп енеме «мен енді өз айлығымды өзім аламын, сізге өзім әкеліп беріп тұрамын» деп жағдайды айттым. «Жетісейін депсің! Тамағың тоқ, көйлегің көк, құтырайын депсің! Шықпаған тілімді шығардың...» деп бірталай әңгіме айтты. Екеуміз ұрысып қалдық. Содан бері енем менің қас жауыма айналды.


Не істесем де жаратпай отырады. Жасап жатқан тамағыма тұз салып кетеді. Артымнан келген ыдыстарды «түсіп кетті, өзі сынайын деп тұрған сапасыз шыны» деп шағып тастайды. Жұмысқа кетерде бөлмемді тақадай қылып жинап, киімдерінді орын-орнына қойып кетем ғой. Келсем түгін қалдырмай шашып тастайды. Тіпті бір-екі орамалым, көйлегім жоғалды. Қайтер екен деп әдейі істейтінін білдім ғой, сол үшін ләм-мим деп аузымды ашпадым. Бірдеңе десем одан бетер қырылысып кетеріміз анық. Күйеуім үшін шыдауға тура келді.


Бірінші боп менің ұрыс бастағанымды күтіп, ниетіне жете алмаған соң күйеуім екеуміздің арамызға от салуды бастады. Дәрігерлерге қаралып, емделіп, әрең аяғым ауырлаған. «Сізде угроза бар, апта сайын келіп, көрініп тұрасыз. Ашуланбаңыз, өзіңізді күтіңіз» деп дәрігерлер ескерткен. Барынша сабырлы болуға, балама зиян тигізбеуге тырыстым. Бірақ енем сонда да тоқтамады. «Мына әйелің сұр жыланның өзі екен. Сенен көзін ала бере басқа біреулермен жүреді, тұрады. Енді сол еркектер ұялмай-қызармай есік алдына дейн әкеп тастайтын болған» деп жала жапты.


Бір жылдық қорлығына шыдап, көніп жүрген маған соңғы сөзі қатты тиді. Одан басқа да айтуға ауыз бармайтын сөздері бар ғой. Шыдай алмадым. «Маған осылай жала жауып, балаңызға жамандаудан не табасыз?! Құдайдан қорықпай осындай сөздерді қалай айтып отырсыз?! Үйге дейін әкеп тастаған адам таксист ағай ғой» деп жылап жібердім. Дауысым қатты шығып кетсе керек, күйеуім «Аузыңды жап, мамама қатты сөйлеме!» деп өзіме айқайлап, далаға шығып кетті.


Сенген-сенбегенін білмеймін. Осылай нақақ күйіп тұрған кезде сүйіп тиген адамымның бірауыз жылы сөз айтпай шығып кеткеніне одан сайын күйініп, киімдерімді жинап төркініме кетіп қалдым. Енем жайлы төркініме ешқашан әңгіме айтпағам, бәрін өз ішімде сақтап келгем. Болған жағдайды айтқанда олар аң-таң болды. «Қалай шыдадың осының бәріне» деп мамам жылап қалды.


Төрт айлық бөпем бар. Күйеуім келіп, баласын көріп кетеді. Ал енемнен ол бойы хат-хабар жоқ. Немерелі болғанын білсе де міз бақпай отыр. Күйеуім «бір ашуыңды маған бер, үйге қайтайық» деп айта береді. «Үлкен кісі ғой, кешірім сұрай салшы» дерін қайтерсіз? Мен не үшін кешірім сұраймын, айтыңыздаршы, әлде енемнің істеген ісі дұрыс па? Бөлек шығуға күйеуім көнбей отыр, «мамамнан асып кете алмаймын» деп. Қысқасы, алдағы өмірім бұлыңғыр тұман боп тұр...»