"Саналы, оқыған адамдар ондайға ақша салмайды"
иллюстрациялық фото: pixabay.com
Қаржы пирамидасына алданып, алаяқтарға жем болғандардың саны артпаса кеміп жатқан жоқ. Соңғы үш жылдың өзінде қаржы пирамидаларына алданғандарың саны елімізде 40 мыңнан асып, 20 млрд. теңгеге шығынға батыпты. Мұндай мәліметті ҚР Ішкі істер министірлігі келтіріп отыр.
Шығын шығынымен, «мал ашуы –жан ашуы» дегендей, осынау жеңіл болса да адамдардың өзіне желімдей жабыстырып, оңай табыстың жетегінде кеткендердің ауылдағы айрандай ұйыған ағайынның ауызбіршілігіне ауыз салғаны да белгілі. Бұл туралы редакциямызға келген оқырман көпке сабақ болуы үшін өз басынан өткенін айтып берген болатын.
- Қазір қызымның сондай алаяқтардың қолына ішпей-жемей жұмыс істеп тауып, қалғанын несиеге алып берген 2 миллион теңгесін төлеп отырмын, - дейді өзін Нұршахан деп таныстырған азамат.
Айтуынша, қызы мұндай алаяқтардың қармағына тұрмысқа шықпай тұрып түскен. Әке-шешесіне айтпай жаңадан тұрған жұмысынан алатын жалақысының барлығын «оңай олжа табасың, аз уақытта-ақ байып кетесің» деп миын улағандардың қолына санап беріп отырған.
- Жас кезде кім қателеспейді? «Соңыңнан ата-анаңды да тіркесейші, бір жылдың ішінде айына пәлен мың жалақы алады, зейнетақысына қосылады, шетелге саяхаттап барып келеді» дегенге сеніп анасы екеумізді де тіркеп, оған керек қаржыны несиеге алыпты. Бұл туралы білер ме едік, білмес пе едік, үйдегі екі жеңгесін, қаладағы әпкесін де сол алаяқтарға ертіп апарған. Олар да бізге айтпастан бала-шағаларының аузынан жырып бере салған ғой қомақты ақшаны.
Екі-үш айдан соң үйдегі келіннің біреуінің несие алғанын білдік. Баламен декретте отырған соң ай сайынғы төлемін төлей алмаған, банктен балама хабарласыпты. Ал сосын, үйде айғай-шу басталды. Келін қайтсін, қайынсіңлісінің апрғанын жайып салды. Арасында кімдер болғанын білдік. Байғұс аналарының онсыз да денсаулығы мәз емес еді, мұны естіген соң мүлде жатып қалды.
Балаларымның бәрін жинап, мәселені анықтадық. Сөйтсек, қолдарында не ақша төленді деген түбіртек жоқ, не бір келісімшарт сияқты құжат жоқ. Ақшаны алғандарға хабарласып едік, басында «бүгін-ертең келісімшарттарыңыз дайын болады» деген олар ертеңіне телефондарын өшіріп тастап жоқ болды. Бұларды ертіп апарған кеңселеріне барсақ мүлде бөтен адамдар, оларды танымайтынын айтты, - деп күйінді ол.
Алаяқтарға алданғанын білген ұл-қыздары содан кейін бір-бірімен ұрысып, бет көріспейтіндей жағдайға жетіпті. Амал жоқ, перзенті үшін жаны ауырған әке бәріне тоқтау айтып, қызының бірнеше айдан бері төленбей қалған несиесін де осы күні өзі төлеп жүр екен.
- «Екі-үш айда айлыққа ілінсем, ешкімге білдірмей жауып тастаймын деп ойладым. Сіздерге тосынсый жасап, шетелге апармақ едім» деп жылайды қызым. Үйдегі келіндердің қарызын кемпірімнің зейнетақысынан жырымдап жинап жүрген қаржымыздан жаптық. Ал қызым енді мұндайға жоламауға уәде берді. Бірақ бәрібір бауырларымен арада салқындық қалды.
Мейлі ғой, уақыт өте сейілер ол да. Бірақ қазір осынау жағдайлар бірлігі ұйыған ауылдағы ағайынның да арасына түсіп, ашыған сүттей ірітіп жатыр. Жұмыссыз жатып, қорадағы малын сатып осындай бәлелерге кіріп кеткендер бар. Осы үшін отбасынан ажырап, шаңырағын ортасына түсіргендерді көріп жүрміз. Бұған қашан тоқтау болады?
Жеңіл жолмен келген табыспен байып кеткен кім бар? Бәрі де адал еңбекпен, ешкімнің ала жібін аттамай тер төккеннен келетінін қазағым қашан түсінеді? Қолындағы бар ақшасын бөтенге ұстатып жібермей тұрып заңды ма, заңсыз ба, ең ақыры құжатын сұрауды қашан үйренеміз? Мен соған күйінемін. Осы турасында заңгерлер көбірек кеңес беріп тұрса, халық оқып алаяқтан сақтанса деген ниетпен кеп отырмын, айналайын.
Артық бір тиының болса, банкке салып қойсаң сол ұтымды екенін бұл жұрт түсінсе, шіркін, - деп аяқтады ол сөзін.
Расында бүгінде қоғамның дертіне айналып бара жатқан түрлі алаяқтық жолмен ақша тапқысы келетіндерге жем болғандарың «дүбірін» жаңалықтар легінен жиі байқайтынымыз жасырын емес. Редакцияға да осы мағыналас шағыммен хабарласып көмек сұрайтындар көп. Осынау мәселеде біз көптің сауалын құқық қорғаушы Махметова Айнұр Хасенқызына жолдап, пікірін білген болатынбыз.
- Қаржы пирамидасы туралы түрлі бағдарламаларда жиі айтып жүрмін. Ол қылмыс және оны жарнамалағандар да әкімшілік жазаға тартылады. Мен қаржы пирамидасы туралы істерді өте көп жүргіземін. Байқағаным, оған алданатындар да, алдайдындар да бір-біріне өте ұқсас адамдар. Алдайтын адамдар да тез байып кетуге құмар, оңай олжаны жақсы көретін кедейлік психологиясы басым болса, алданатын да былайша айтқанда, біреуге бір тиын қимайтын адамдар қаржы пирамидасы, тұрғынүй кооперативтері сияқтыларға ақша салады. Сөйтіп өздерінің жақынын, досын, көршісін дегендей айналасындағыларын тартады. Тез байып кетсем, байлыққа бата қалсам деп ойлайды. Әрине, мен қарапайым тілде түсіндіріп отырмын.
Біреулерді сондайдан шығара алмай жатсаң, тағы біреуіне барып кіріп кетеді. Бір-бірін алдап, «үй аласың, жер аласың, шетелге саяхаттайсың» деп жалған сөздермен ақша табу мақсаттары. Екеуін де аяудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Бұрындары мен алданып қалғандарды аяйтынмын, бірақ қазір олармен өте көп жұмыс жасағандықтан түсіндім. Олардың өздері де сол деңгейдегі адамдар. Адекват, саналы адамдар алданбайды. Олардың алдандық дегенінің өзі өтірік. Олар оны біліп тұр. Екінші деңгейлі банктің өзіне депозитке ақша салғанда ондай кепілдік бермейді, тек пайызбен ғана. Ал банктегі ақша жоғалса, оған кепіл болатын мемлекет бар, - дейді ол.
- Бұл жерде адамдар қарапайым ғана логиканы іске қосу керек. Соған ақша салғандардың барлығы саналы, оқыған-тоқыған азаматтар. Содан кейін көбіне «Неге қаржы пирамидасын елімізге кіргізеді?» деп сұрап жатады. Ешқандай қаржы пирамидасы өздерін «пирамидамыз» деп айтпайды. Олар түрлі тауар сатуы мүмкін, желілік маркетинг ретінде жұмыс істеуі мүмкін, солай неше түрлі айла-тәсілдермен кәдімгі заңды салығын төлеп ЖШС ретінде құрылып, адам тарта бастайды. Олар психологияны өте қатты меңгерген. Ал адамдар әбден алданған соң ғана оның пирамида екенін түсінеді. Басындағы екі-үш адамға көз қылып беруі мүмкін, бастапқыда шынында байып жатқандай көрсетеді. Бірақ шындығында олай емес. Халықтың сеніміне кіріп, ақша жымқыру ғана. Басқа ештеңе емес. Өздеріңіз де білесіздер, қазір пирамидаға алданған қаншама қылмыстық істер республикалық деңгейде қаралып жатыр. Қанша дабыл қағылып жатыр, сонда да халық алдануын тоқтатар емес. Оған адамдар саналы түрде барады, - дейді құқық қорғаушы ханым.
Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?
Сонымен қатар, Айнұр Хасенқызы көпшілікке осынау алаяқтық жолмен ақша табатын қаржы пирамидасының ерекшеліктерін де атап өтті.
- Қаржылық пирамида дегеніміз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебінен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдісі. Яғни, пирамиданың бірінші қатысушыларына табыс кейінгі қатысушылардың салымы есебінен төленеді. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды.
Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған жәнеоның қызметіне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 бабы бойынша, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ оның қызметiн жарнамалаған адамға әкімшілік жаза да қарастырылған. Ол жеке тұлғаға 150, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 600 айлық көрсеткіш есебіндегі айыппұл.
Олардың құзырында депозиттерді қабылдауға рұқсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ;
Ұйымның қаржылық капиталы туралы мәлімет те жоқ;
Ұйымға келгендерге қойылар басты талап – мүшелік жарна төлеуді міндеттеу;
Бонус солардың мүшелік жарнасының мөлшеріне қарап анықталады;
Ең соңғы белгісі БАҚ арқылы жарнамасы - олар бұдан ақша аямайды", - дейді ол.
Расында талайдың таңдайына бал емес сор татқызған алаяқтан аузы күйгендер толастар емес. Оңай олжаны, тез байып кетуді жөн көргендердің қатары азаюы үшін құқық қорғау органдары мен заңгерлер дабылды қағудай қағып жатыр. Бірақ соны елегендердің қарасы көбеймей тұрған секілді.
А.Уалиханқызы,