​«Тоқал әпергім келеді»: Шымкенттік келіншек күйеуіне екінші әйел әпергісі келетінін айтты

0
2 884

Солай ғана ол өзінің арманына қол жеткізгісі келеді...


​«Тоқал әпергім келеді»: Шымкенттік келіншек күйеуіне екінші әйел әпергісі келетінін айтты

36 жастағы шымкенттік келіншектің арманы – күйеуіне тоқал әперу. Яғни, өзінің үш баласының әкесіне, сүйіп қосылған еріне екінші әйел әперуді жоспарлап жүр.

Осы ойын айтып, көпшіліктің көзқарасын байқағысы келеді. Не үшін мұндай қадамға барып отырғанын келіншек ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


Мені жұрт еріккен деп ойлайтын шығар. Мейлі, ойлай берсін. Тек өзімнің арманыма қол жеткізсем болды. Ол үшін оны басқамен бөлісуге бармын. ОЛ да тынышталатын шығар..., - дейді ол.

Өзін Жайна деп таныстырған келіншектің бұл қадамға баруына күйеуінің өзі себеп болыпты. Айтуынша, күйеуі тым қызуқанды. Түн баласына өзіне маза бермейді. Тіпті, сәбиі кішкентай кезде де әйелінің денсаулығына қарамастан төсекке сүйрей беретін көрінеді.

- Осы үшін қаншама рет ұрыстық. Қаламайтынымды айтсам да ештеңеге қарамайды... Мазам болмай тұрса өзімнен күдіктеніп шыға келеді. Жүйкем әбден жұқарды, - деп күрсінді Жайна.

Бірақ күйеуі ешқашан қол жұмсап қорлық көрсетпеген. Тек жұбайлық міндетін артығымен орындағанды дұрыс көретін сыңайлы.


- Мен оны сүйіп қосылғанмын. 23 жасымда тұрмысқа шығып, үш ұлымды өмірге әкелдім. Аллаға шүкір, бәрі жеткілікті, жиған-тергеніміз де бар. Ұлымыздың үлкені 14-тен асты, жігіт боп келеді. Кішіміз 7 жаста.

Тұрмысқа шыққанша мамандығым өзге болса да, түрлі жиында әжептеуір ән айтатынмын. Ән айтуды жаным сүйеді, көңіліме қонымды ән естісем, соны орындағанша асығатынмын. Бала кезімнен бойымда бұғып жатқан, ешкім қолдамаған, қайта тұншықтырып тастаған арманым – әнші болу еді. Алдымен әкем, одан кейін ағаларым сахнаға шығуға тыйым салды. Тек марқұм анам мен сіңлім ғана мені үнсіз ғана, көздері жасаурап қана қолдайтын. «Күйеуің шопыр, әйелің әнші болмасын» деген бір еріккеннің ойлап тапқан жиіркенішті мәтелін алға тарта беретін әкем. Қаламасам да мұғалімдік мамандық алдым, бірақ шәкір тәрбиелемедім. Ол менің мамандығым емес еді.

Оқу бітірген соң осы күйеуімді жолықтырып, оның қоластына жұмысқа тұрдым. Сүйдік, бір-бірімізді танып-біліп үйлендік. Бірақ оның уақыт өте келе өзгеретінін кім білген?!


Келіншектің айтуынша, күйеуі отыздан асқан соң қылық шығара бастаған. Бастапқыда «жұбайлық міндетім ғой» деп оның айтқанына үнсіз келіскен келіншек уақыт өте келе өз күйеуінен жеріне бастапты. Онысын ашық айтып күйеуі өзінен күдіктенуді шығарған көрінеді.


- Бір жолы қатты ұрыстық. Сол төсекке бола... Басыла ма десем, «сенің біреуің бар» деп өзіме жармасты. Қай қылығым болса да соны «көңілдесің барға» теліп, тынышымды кетірді. Содан соң үйдің берекесі қашпасын деп қарсыласпайтын да болдым. Бірақ өзің қаламасаң төсекке қалай көңілді жақындайсың? Өзімді зорланғандай сезінетін болдым әр түні. Ал мұндай мәселені кімге айтасың? Қалай айтасың?

Жайна содан бастап неке төсегіне деген ниетінен айырыла бастаған. Сезімі сөніп, бұрынғыдай күйеуіне ынтызар болудан қалыпты. «Бұлай болмас па еді, егер ол менің ең бір арманымнан ажыратпағанда?!» дейді ол.


- Үйде домбыра, гитара, басқа да музыкалық аспаптарым, дискілер мен микрофон сияқты құрылғыларым бар еді. Бір күні аушланып соның барлығын құртып жіберді. Гитарамды сындырып тастады. Оған дейін өзі де менің ән айтқанымды жақсы көретін еді. Ара-тұра екеуден екеу қалғанда ән салғызып, тыңдайтын. Дауысыма, әніме ғашық екенін айтатын еді. Ең ақыры сол арманымды таптаған соң мүлде суындым. Тек балаларым үшін ғана көз жасымды көрсетпей жылап алып, қайта өмір сүре бастадым. Қазір оны жек көрмеймін де, жақсы көремін деп те айта алмаймын. Соңғы кезде көлденең жүрісі бар екенін сеземін, бірақ оған көңілім түспейді. Қайта қуанатын сияқтымын ба?


Осыдан соң Жайна күйеуіне екінші әйел әперуді ойлай бастапты. Күйеуінің қуаты тасып тұрғанда көлденең жүргізгенше некесі қиылған екінші жары болғанын дұрыс көреді. Бірақ ол ойын балалары, туған-туыстары қалай қабылдарын білмейді әлі.

- Төркініме не деп айтамын? Күйеу баласын жек көріп кете ме? Ата-енем не дейді? Бәрін қойшы, балаларыма қалай түсіндіремін? Олар қалай қарайды? Әкелерінен көңілі қалып кете ме деп қорқамын. Егер екінші жары болса, мені мазалауын қойып, мауқын басар еді. Әрі балаларының көп болғанын қалайды, сол мақсатына да жетер еді. Мен оның талабының барлығын орныдай алмайды екенмін...

Осылай деп мұңын шақты күйеуіне екінші әйел әпергісі келетін келіншек. Бірақ ол ойын қалай іске асырарын білмей жүр. Әлі күйеуін де айтпаған, бірақ сәтін күтіп жүргенін айтады. Тек сахнада болмаса да бұрынғыдай көңілді ортада ән шырқағысы келеді. Күйеуі тоқалмен алданса, өз арманына қол жеткізгісі бар. Ән жазумен айналыссам ба дейді Бірақ оның қашан орындалатыны белгісіз...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


Күйеуі шетелге жұмысқа кетіп қайтпай қойған 4 баланың анасы не істерін білмей жүр


«Күйеуім басқаға кетіп қалса да ата-енеме қызмет еттім» - Көрші елде туып-өскен қазақ қызының тағдыры


"Мен кінәлімін": Алматылық әйел қызын баладан бас таруға көндірген


«Түрік жігітіне тұрмысқа шығуға мәжбүр болдым»: Жетісайлық бойжеткен не үшін басқа елге кеткенін айтты


«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты