​«Төрт әйел алып тентіреп кетті»: ақтөбелік бойжеткен әкесінің тағдырын айтып берді

0
2 599

«Жаназада әжем мамамның аяғына жығылып кешірім сұрады»


​«Төрт әйел алып тентіреп кетті»: ақтөбелік бойжеткен әкесінің тағдырын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өзіне сатқындық жасаған адамды кешіріп, қиналғанда қол ұшын созу тек үлкен жүректі әйелге ғана тән шығар. Мысалы, менің анам сондай адам. Сыртта жүріс жасап, төрт баласымен қоса тастап, үсті-үстіне бірнеше әйел алған әкемді арулап көмді. Жаназада әжеміз егіле жылап, анамның аяғына жығылып рахметін айтты», - дейді Зарина есімді бойжеткен.


Әкесінің миға қонымсыз әрекеттерін оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Бақуат өмір сүрдік. Анам мектепте мұғалім болатын. Ал әкемнің жеке бизнесі көп еді. «Мықты еркектің артында мықты әйел тұрады» дегендей, анам әкемнің әрбір бастамасына қолдау білдіріп, төрт баланың тәрбиесін, ата-ененің күтімін өз мойнына алған-тұғын.


Алайда әкеміз қырыққа келгенде қылық шығарып, отбасымыздың шырқы бұзылды. Мен ол кезде тоғызыншы сыныпта оқимын, есімді біліп қалғам. Мамам жылап, атам мен әжем оны сабырға шақырып, біраз уақытқа дейін үйдегі жағдайға үйренісе алмай жүрдік. Атам марқұм «келін, кеткен болса қайта келеді, мен оны алдыңа тізерлетіп әкелем» деп уәде беретін. Бірақ бір әйелге есі кете ғашық болған әкем ешкімнің сөзін құлағына ілмеді. Үйге сол күйі қайтқан жоқ.


Әкемнің екінші әйелі бір ұл туып берді. Сонда да мамам үмітін үзбей, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырды. Бірақ ұзынқұлақ арқылы әкемнің жағдайының мәз еместігін бәріміз біліп отырдық. Үйден кеткелі ісі кері кетіп, бизнестері шетінен жабыла бастады. Бұрын аузына татып алмайтын, бірте-бірте ішімдікке үйін болған. «Анау қатын бұны сүлікше сорды ғой» деп апам күн сайын жылап отыратын. «Қайтейін, іштен шыққан шұбар жылан болды ғой» деп мамамды жұбататыны есімде.


Екінші әйелі тағы бір ұл туғанда мамам бізді алып, төркініне кетті. «Мен енді елдің мазағы боп отыра алмаймын, риза болыңыздар» деп ата-әжемнің сөзін тыңдамай, кетіп қалдық. Бірақ көп ұзамай әкеміз әлгі әйелмен түбегейлі ажырасыпты. Дымы қалмаған еркекті қайтсін, әкем сатып әперген үйден қуып шығыпты.


Сол кезде нағашылардың бәрі әкемді кешірім сұрап келетін шығар деп күткен. Бірақ олай болмады. Әкем бес-алты айдан кейін өзінен он бес жас кіші қызбен көңіл қосты. Онда да қара шаңыраққа келген жоқ. Әке-шешесіне сол күйі қарайламады. Осы жағдайдан кейін әкемнен іні-қарындастары да бас тартып, ала арқанды кесті.


Нағашылардың ауылында жалға алған үйде тұрдық. Екі інім де, сіңлім де әкемізді жек көріп өсті. Ол туралы айтылған жерден тұрып, кетіп қалатын. «Бізге ондай әке керек емес» деп әңгімені тоқтатып тастайтын. Тек мен ғана әкеме жақын болдым. Сол себепті мамама айтпай ара-тұра хабарласып, жағдайын сұрап тұрдым.

Үшінші әйелмен де көп тұрмады. Жас жігітпен көңілдестік жасап, әкем онысын біліп қойғасын көк ала қойдай етіп сабап, он бес күнге түрмеге қамалды. Сол кезде артынан іздеп барып, «әке, мамамнан кешірім сұрап, үйге қайтсаңызшы» деп жылағам. «Менің кешірім сұрайтын лимитім бітіп қалған, енді баруға бет жоқ» деп қарсы болды.


Сол уақыттан кейін мен әкемнің пәтеріне барып, ара-тұра киім-кешегін жуып беретінмін. Онымды бір күні анам біліп қойды. Бірақ ештеңе деп ұрыспады, «дұрыс, хабарын алып тұр» деді. Әкемнің реңі кіріп, өз-өзіне келе бастағанда тағы бір әйелге көзі түсті. Онысы бір баласымен күйеуінен ажырасқан екен. Әкемді өз үйіне кіргізіп алды. Онымен қосылғасын бізді де түбегейлі ұмытып, хабарласпайтын болды.


Демалыс сайын ауылдағы ата-әжемізге қыдырып барушы едік. Сонда атам «менің санаулы күнім қалды, бірақ оны ойлап жатқан бала бар ма, әкелеріңе Құдай сана бермесе, енді оңалуы қиын-ау» деп терең күрсініп қоятын. Сол арманмен өмірден өтті. Баласы тіпті жаназасына келген жоқ. Елдің бәрі «әлгі әйелдерінің бірі дуалап алған-ау, әйтпесе әкесіне топырақ салуға келмей ме» деп сыбыр-күбір етісті. Жаназасында да, жеті күндік, қырық күндік астарында да анам тік тұрып қызмет етті. Біз ата-әжемізбен және әкемнің қарындастарымен өте жақсы араластық. Барлығы бізді жақсы көретін. Анама деген құрметтері ерекше еді. Шешемнен басқа ешбір әйелімен жақын араласпады.


Әкем бұл әйелмен де көп тұрмады. Ажырасқасын іні-қарындастары барып, «қара шаңыраққа қайт, қартайған шешемізді ойла» деген екен. «Менің ауылға баратын бетім жоқ, енді мені іздемеңдер» деп шығарып салыпты. Сол оқиғадан кейін тұп-тура тоғыз ай өткенде әкем жалдамалы пәтерінде жатып қайтыс болыпты. Оны да мамам сезді. «Әкеңнің қазіргі пәтерін білесің бе, барып хабарын білейікші» деп қоймады. Екеуміз барып едік, есікті ешкім ашпады. Ақырында учаскелік полицейді шақырып, есікті бұзып кіріп, жансыз денесін тауып алдық. «Жедел жәрдеммен» келген дәрігер «Давлениеден кеткен, жүрегі көтере алмаған» деді.


Дереу бауырларына хабар беріп, әкемнің мәйітін ауылға апардық. Мамам бар тірлікті өз мойнына алып, арулап көмді. Екі бала туған екінші әйелі ғана жаназада төбе көрсетті де, сол күйі ат ізін салмады. Қалғандары оның өлгеніне қуанған шығар, көңіл айтып келуге жарамады. Жаназада ұлынан айырылған әжем жиналған жұрттың алдында мамамнан кешірім сұрап, аяғына жығылды. «Осы үйге келіп тұрыңдаршы» деп жалынды.


Қазір біз әжемізбен бірге тұрамыз. Мамам бейсенбі сайын иіс шығарып, қайын атасы мен әкеме Құран бағыштауды әдетке айналдырған. Тек әулет қана емес, бүкіл ел қазір мамамның алдын кеспейді, үлкендер жағы «дана келін» деп ат қойған. Мамам аналық, келіндік бақытты сезінді-ау, бірақ әйел бақытынан құр қалды. Осы жағы жаныма батады...»