"Үйде тамақ жоқ, өзі анасының үйінен тойып келеді": жас келіншек күйеуінің отбасын табыс таппайтынын айтып күйінді

0
1 087

«Бойдақ кезінде бәрі жақсы, жаман күйеу қайдан шығады?»


иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қилы-қилы тағдыр бар ғой. Дегенмен менікі естіген адамның ашуын да, күлкісін де келтіретін шығар. Өзіме қазіргі өмірім ұнамайды. Себебі күйеуім қит етсе туған үйіне қашып кете береді», - дейді Динара есімді шымкенттік келіншек.


Емізулі баласы бар келіншек «үйде жейтін азық жоқ» деп шағымданып отыр. Ал күйеуінің әке-шешесінің үйінен тамақтанып келетінін айтады. Отбасындағы жағдайды Динара ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Күйеуіммен осыдан үш жыл бұрын шаңырақ құрдық. Оған дейін тоғыз ай қыз бен жігіт болып араластық қой. Бірақ ол кезде күйеуімнің оғаш мінезін байқамағанмын. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деген бар ғой, осы әңгіме жігіттерге де қатысты сияқты. «Бойдақ кезінде бәрі жақсы, жаман күйеу қайдан шығады?» Себебі күйеуім үйленген соң өзгеріп шыға келді.


Ол тым жалқау екен. Елдің еркегі секілді таңертең ертерек тұрып, жұмысқа баруға ерінеді. «Маған ондай жұмыс қол емес екен. Одан да таксист боламын. Қалаған уақытымда жұмысымды істеймін» деп шықты. Оған да үндемедім. Тал түс болғанда үйден шығып кетеді, тапқан табысы бензині мен машинасының темірінен артылмайды. Бір күн жұмыс істесе, екі күн «машинам бұзылып тұр» деп жатып алады.


Біз үйлене сала бөлек шыққанбыз. Ата-енеміз «жассыңдар, біз де жерге қарап тұрған жоқпыз. Бөлек тұрып, үй болып кетіңдер» деп еншімізді берген. Күйеуге тиген алғашқы екі жылда ломбардта жұмыс істедім. Айлығым өзіме жететін, сондықтан күйеуімнің табысына қарап отырмадым. Үйге келе жатып жейтін тамағымызды көтере кіретінмін. Соған күйеуім әбден үйреніп алған екен. Ал қазір декреттік демалыстамын. Баяғыдай айлық жоқ. Ішіп-жемнен қатты қысылып жатырмыз.


Балам алты айлық, еміземін. Құнарлы тамақ керек. «Ет алайық, дүкеннен азық-түлік әкелейік» десем бітті, ұрыс шығарып, «сен осы тамақтан басқа нәрсе ойлайсың ба? Әлде ақшам болып тұрып әкелмей жүрмін бе? Жақсы бай болмай жүрсем, онда ажырасайық, асырайтын бай тауып ал» деп әке-шешесінің үйіне кетіп қалады. Сол жақта апталап жүріп, бір күні басы салбырап келеді.


Басында бұл жағдайды ата-енеме айтпайтынмын. «Ұрысып қалғанымызды білмей-ақ қойсыншы» дейтінмін. Сөйтсем күйеуім шешесіне мені жамандап барады екен.

Бір күні енем звондап тұр. «Баламның бірін екі ете алмайтының не?! Тауып келген тамағын дұрыстап істеп бере алмайды екенсің. «Динараның тамағы дым дәмсіз» деп бір леген қамырды соғып алды. Еркек аш жүрсе, жұмысы қайдан оңсын?!» деп өзіме қарай атылды. Бұларға дауа жоқ екен ғой дедім. Құр нан мен шайдан басқа тамақ жоғын айтып едім, оған да жауабы дайын екен. «Тапқаныңды үстіңе жапсыра берсең, нең қалады? Үнемдеп жұмсауды білмейсің да» деп тағы сөйлеп тастады.


Төркінім қалада, арамыз үш-төрт аялдама. Осы күні «мама, үйде отыра беріп ішім пысты» деген сылтаумен төркініме жиі баратын болдым. Барсам анам мен жеңгем бәйек болып қарсы алады. «Емізулісің ғой, же» деп аузыма тықпыштап отырады. Қалғанын «күйеу баланың сыбағасы» деп салып жібереді. Күйеуімнен тығып бір-екі күн жеп отырамын.


Тағы бір жыным келетіні, жолдасым өз жанұясын асырай алмай отырып, өзінің жолдастарын сыртынан қатты жамандайды. Оларды жерден алып, жерге салып, іске алғысыз қылып тастайды. Ал кейде бөлек тұратын енем үйіне барып қалғанымызда, екеуі қосылып, жағдайы өздерінен әлдеқайда тәуір туыстарын жатып кеп жамандап отырады. Тіпті бұлардан жағдайы көш ілгері менің төркінімді де іске алғысыз қылып, менсінбей отырады.


Шынымды айтсам, қазір жүйкем жұқара бастады. Ұлыма бір киім алу туралы айта бастасам, «кішкентай баланың үстіне кім қарайды» дейді. Ұлым дүниеге келгелі ағамның, қайын әпкемнің балаларынан қалған ескіні киіп өсіп келеді. Сол жаныма қатты батады.


Мен мұның бәрін жарияға жар салып айтпас та едім. Күні кеше енем «Балама рахмет, мені курортқа жіберіп жатыр» деп салды. Сөйтсем күйеуім бар тапқан табысын жинап, анасының қолына ұстатып беріпті.


Менікі қызғаныш емес, анасын сыйлағанның айыбы жоқ. Бар болса бергенге, қыдыртқанға, разылығын алғанға не жетсін! Бірақ мына жақта баласы мен әйелі аш отырғанда олай «жыртылу» орынды ма? Осы жағы ойымнан шықпай-ақ қойды.

Баламды анама беріп, жұмысқа шықсам ба деп ойлап қоямын. Бірақ өйтсем күйеуім баяғыша мойныма «отырып» алмақшы. Қанша шыдамдылық танытайын десем де, күннен күнге күйеуімнің әрекеттерінен суынып барамын. Сіздер не ақыл қосасыздар?»