​«Үйімізді банкке қойып жіберіпті»: астаналық келіншек енесі мен қайнысын кінәлап отыр

0
970

«Үйдің бітуіне менің төркінім үлес қосып еді, енді оларға қарайтын бет жоқ»


​«Үйімізді банкке қойып жіберіпті»: астаналық келіншек  енесі мен қайнысын кінәлап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

"Екінші күйеуінен де ажырасып кетіпті" деген өсектен қорқып, өмірдегі барлық қиыншылыққа, жоқшылыққа шыдап келдім. Бірақ соңғы жағдай шыдамның жібін үзген сияқты. Түсінігі таяз адамдармен өмір сүріп, жүйкені жұқартқанша, ажырасып, тыныш өмір сүргенім артық екен", - дейді Ажар есімді келіншек.


Астанадағы мектептердің бірінде мұғалім боп істейтін оқырманымыз баспанасынан айырылғалы тұрғанын айтты. Оған енесі мен қайнысын кінәлі деп санайды. Жағдайды Ажар ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


"Тұрмыс құрғаныма жеті жылдың жүзі болды. Ұлан – екінші күйеуім. Біріншісінен бағым жанбай, бір жыл толмай жатып ажырасып кеткенмін. Сосын мектепте мұғалім боп істеп жүріп, жанымдағы әріптес қыздың себепкер болуымен Ұланмен таныстым. Ол да бір рет үйленіп, әйелі бала көтермегесін айырылысқан екен. Көп созған жоқпыз, «ажырасып келіпті» деген елдің сыпсың өсегінен құттылғанша асық болып, ауылға ұяттан өртеніп әрең барып жүр едім, Ұлан ұсыныс білдіргенде ойланбай келісімімді бердім.


Солай екі жақтағы ағайын-туыстар келісіп, кішігірім құдалық тойын жасап, Ұлан мені өзімен бірге Астанаға алып кетті. Бірақ алғашқы күннен-ақ «қандай жерге келін болдым» деп таңырқап, іштей өкініп қалдым. Ұланның Астанада үйі жоқ, әке-шешесі, екі інісі, бәріміз үш бөлмелі пәтерде тұрдық. Бұлар Оңтүстік жақтан жұмыс істеу үшін келгендер екен. Атамыз қарауыл, енеміз бір мектептің асханасында жұмыс істейді. Өздері күндерін әрең көріп отырған кісілер екен. Ал мен баршылық жердің қызымын. Жоқшылыққа үйренбегем, қалауымды жей алмай қатты қиналдым. Айлап ет жемейтін күндеріміз болды...


Қазір біздің екі қызымыз бар, менің ағамның бос тұрған пәтерінде өмір сүріп жатырмыз. Күйеуім нағашысының қолында, көмекші боп істейді. Негізі айлығы тәп-тәуір. Бірақ сол өзімізге бұйырмайды. Тапқан табысының жартысын енем ай сайын алып отырады.

Осыдан бірер жыл бұрын күйеуіме «Қашанғы ағамның тегін пәтерінде тұра береміз, оның да баласы үйленбекші. Босатуымыз керек. Өз баспанамызды алуды немесе салуды ойлайық» деп жыларман боп айтқам. Сөйтсем Ұлан нағашысына жағдайды айтыпты. Обалы не керек, ол кісінің жағдайы жақсы, қала сыртындағы бір жерін Ұланға сыйлапты. Содан бастап бізде нақты мақсат пайда болды. Бір жылы сыртын қоршадық. Келесі жылы іргетасын құйдық. Сөйтіп-сөйтіп төрт жылда үйді көтеріп, шатырын жауып алдық.


«Үйіміз бітейін деп жатыр» деп төркініме видеосын түсіріп салған сайын әке-шешем, бауырларым қатты қуанды. «Күйеу балаға рахмет, сендер үшін барын салып жүр» деп алғысын жаудырып отырды. Жылына бір мәрте төркінге қыдырып барам ғой. Сонда папам мен мамам «үйлеріңнің бір жыртығына жамау болсын» деп 300, 500 мың теңге беріп жіберетін. Биыл қыдырып барғанда қолыма миллион теңге ұстатты. Ұлан да біздің бір баламыз ғой, еш қысылмай алыңдар, ертерек күн суымай үйлеріңді бітіріп, көшкендерің дұрыс» деді папам.


Сонымен мен алып-ұшып Ұланды сүйрелеп ішіне обой таңдадым. Жетпегенін айлығымнан төлеймін ғой деп несиеге алдым. Солай үйдің ішін шамамыз келгенше бітіріп алдық. Әпкем мен жездемнің кілем сататын үш дүкені бар еді, жездем «бажамның үйіне қосқаным болсын» деп бүкіл үйдің кілемін әперді. Үлкен ағам есігін көтерді. Енді көшеміз деп отырғанда үлкен шу шықты. Соның кесірінен ажырасудың сәл-ақ алдында тұрмын.


Ең кішкентай қайным жүгенсіздеу, не болса соған ұрына беретін әдеті бар. Мен тұрмысқа шығып, осы үйге келін боп түскенде сол бала үлкен сомада несие алып, ойын автоматтарына ұтылып қалған еді. Оны ата-енеміз төлеп құтылған. Кейін де осы жағдай бір-екі мәрте қайталанып, Ұлан оған ашуланып «мен енді оның қарыздарын жаба алмаймын, өзі тапсын» деп айлығын бермей қойған.


Сөйтсем өткенде сол қайным тағы да ойынның құмарына кіріп, біраз ақша қарыз боп қалыпты. Баласының проблемасымен бас қатып жүргенде енем де біреулердің тұзағына түскен. Жұмысындағы бір әйел «Қытайдан арзан бағада тауар алып беретін таныс таптым, ол жақта бәрі су тегін екен» деп сендірген.

Солай енем кредит алып, саудагер боп байып кетем деген оймен тауар әкеп беретін әйелге бар ақшасын ұстатқан. Арада бірер апта өткенде «міне, тауарларыңызды салайын деп тұрмын, дәл қазір мына нәрсеге жақсы скидка боп жатыр, алам десеңіздер тағы ақша салыңыздар, оны да қосып жіберем, жолкіреден ұтасыздар» деп тағы бірдеңелерді көрсеткен.

Сөйтсе енем бүкіл алтынын ломбардқа өткізіп, тағы ақша берген. Сол күйі не тауар, не ақша жоқ. Оны маған ешкім айтпайды, жүрегі ауырып, ауруханаға түскенде Ұлан есітіпті.


Шешесі ауырып қалғанда бұның да жаны ашып кеткен бе, інісінің қарызын, енемнің кредитін жабу үшін кіргелі тұрған үйімізді кепілге қойып, үлкен сомада несие алыпты. Оның бірін де маған айтпаған. Ай сайын 280 мың теңге төлеу керек. Бастапқы үш айын білдірмей, өзі құйыпты. Сосын шамасы келмей, үш айын төлемей қойған. Енді банк тартып алмақшы. Үйге сот орындаушылары келіп, қаулының көшірмесін ұстатқанда бір-ақ білдім.


«Не деген адамсыздар, осы үйді қалай салдық біз?! Төркінім көмектесіп, барын беріп, әрең бітірдік қой, енді оларға не айтамыз» деп енеме жыладым. Сөйтсем не дейді десеңші, «бұл үйдің жерін сендерге менің бауырым берген, жер болмаса үйді қайда салар едіңдер» деп беті бүлк етпей отыр. Ал Ұлан болса «қайтем енді, бірі бауырым, бірі шешем, жылап отырғанда қалай көмектеспей қалам» деп міңгірлейді. Сот үйімізді сатуға шешім шығарыпты.


Сол несиені бәрі жабылып төлесе үй өзімізде қалар еді, енді олар «менің қатысым жоқ» дегендей бүкіл қарызды күйеуімнің мойнына іліп, өмірлерін сүріп жатыр. Ал мен әке-шешеме не айтарымды білмей отырмын. Олар ақпан айында, «сенің туған күніңе қыдырып барып, үйлеріңді көріп қайтамыз» деп ұшаққа билет алып қойған еді.


Шынымды айтсам, қазір ажырасудан басқа амал көрмей тұрмын. Өз басын қорғай алмайтын, көрінгенге жем болатын еркектен ертең не күтуге болады? Осы үйді де шырылдап, қайта-қайта айтып жүріп салғызған мен едім. Мына жағдайдан кейін «екінші күйеуінен ажырасыпты» деген өсектен де ұялмай қалдым. Қайын жұртқа жем боп өмір сүргенше, екі қызыммен тып-тыныш отырғаным артық сияқты».