​«Үш бөлмелі пәтер сыйлады»: шымкенттік әйел жеті баласымен көрген қиыншылықтарын еске алды

0
2 259

«Құдай берем десе, форточкадан бере салады» деген сөздеріне жыным келетін...»


​«Үш бөлмелі пәтер сыйлады»: шымкенттік әйел жеті баласымен көрген қиыншылықтарын еске алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай берем десе, форточкадан-ақ бере салады» дейтін әзіл бар емес пе? Баяғыда соны құрдастарымыз айтса «қумашы» деп күлетін едім. Сөйтсем Құдайдың мейірімі шексіз екен ғой, расында да берем десе қиыннан қиыстырып несібеңді алдыңа үйіп-төгіп тастай салады екен», - дейді Мөлдір есімді шымкенттік әйел.


Жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері атанған оқырманымыз өз өміріндегі ерекше оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Биыл күйеуім екеуміздің отау құрғанымызға он төрт жыл толады. Аллаға шүкір, алтындай төрт ұл, үш қыздың ата-анасымыз. «Жеті балам бар» деп сұрағандарға айтсам, бірі аянышпен, енді бірі таңданыспен қарап қалады.


Рас, оларды өсіріп, жетілдіру бізге оңай болмады. Он төрт жылдың ішінде басымыздан не өтпеді? Аллаға шүкір, күйеуім өте алтын адам, білімді, талантты, өз орнын білетін жан. Бізді асырап-бағу үшін жанын салып еңбек етеді, тырысып бағуда, бірақ жиі жолы болмай, тауы шағылып қалатын.


Өзі әкеден жастай айырылып, анасы басқа адамға тұрмысқа шығып, біраз жыл өгейліктің дәмін татқан. Кейін өгей әкенің тоқпағына шыдамай, нағашыларының қолына біржола көшіп кеткен. Күйеуімнің балалық шағы, көрген қиыншылықтары жайлы бір кітап жазуға болады. Өткен өмірін естісем жүрегім ауырып кетеді. Нағашыларының да шекесінен сипай қойғаны шамалы болған көрінеді. Сонда да қиын өмірден жүнжіп кетпей, оқуын дұрыс бітіріп, әскерге барып, осы салада біраз жыл еңбек етіп, бойын тіктеген.


Арман мені ерекше жақсы көреді. Сен менің ең алдымен сырласымсың, досымсың деп айтады. Олай дейтіні, келін боп түскен жылы ұзақ уақыт ауырған жалғыз қарындасынан айырылды. Сол кезде қайғыдан өзін тастап жіберді, ауыр депрессияға түсті. Сонда жанына жалау, қиналғанда сүйеу боп, бойын тіктеуіне көмектестім. Сол жақсылығымды ешқашан ұмытқан емес.


Үлкенімді босанғасын артынша көтеріп қойдым. Жылма жыл екі бала туу оңай ма, азып-тозып кеттім. Баяғы тап-тұйнақтай Мөлдірден жұрнақ та қалмаған, ұйқы қанбағасын жүйкем де жұқарып, көңілсіз жүретін күндерім көп болды. Сонда Арман «Мөлдір, қыздарымызға ренжімеші, олардың еш жазығы жоқ. Саған осындай алтындарды сыйлағаның үшін рахмет, шаршасаң мен қараймын» деп түнге қарай кезекшілікке тұратын. Азанда ерте жұмысқа баратынын білсе де менің бір жағыма шығысып, екі қызына қарауға көмектесті.


Кішкентайым екіге толғанда үшінші балама аяғым ауырлады. «Арман, мен мынаны алдырып тастаймын, арасын сәл ұзартайық» деп едім, бәлеге қалдым. «Адам өлтіру оңай деймісің, онда мына қыздарыңды өлтір, шаршатып жатқан ішіңдегі бала емес, осылар ғой» деп ренжіп, бірер күн сөйлемей қойды. Ақырында «ешқашан, есіңде болсын, ешқашан баланы алдырам деген әңгімені айтушы болма» деп ескертті.


Өзіміз қалада бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз. Соған қарамастан жылма-жыл, кейде арасына екі жыл салып жеті балалы болдық. Пәтердің иесі менің туыс әпкем боп келетін. Сол себепті үндемеді, сабырлық танытып, бізді қумады. Бірақ «есің дұрыс емес сенің, қай көкеңе сеніп туып жатсың?! Байың анау – жетім, бір жерді тіреп тұрса мейлі, үйің болса бір сәрі, қоян боп кеттің ба, не бәле» деп шешемнен бастап бәрі сөйледі. Тіпті Арманның нағашы ағасы үйге келіп «Келін, кішкене ақылға салып тірлік қылсаңдаршы, баланы туу бар да, оны дұрыстап өсіру бар» деп бетіме айтып кеткен.


Рас, жоқшылықтан қысылған сәтте шыдамай кетіп қалғым да келді, бірақ күйеуімді қимадым. Балалардың әкесіне, оның балаларына деген махаббатын көргенде кеткім келген күндерім үшін ұялатынмын. Арманның балажандығы сондай, қалтасындағы соңғы тиынына тәттілер әкеліп, ертеңіне жұмысына жаяу кететін. «Арман, қашанғы пособиенің бетіне қарап, айдан айға қалт-құлт етіп жетеміз? Өз баспанамыз қашан болады» деп арманымды айтам ғой, «Құдай өзі құрайды» деген жаттанды сөзімен жауап беретін.


Бір күні қызық болды, Арманның қайтыс боп кеткен әкесінің алыс туысы мұны қалада кездестіріп қалыпты. «Қалайсың?» деп екеуі жағдай сұрасып, бірге тамақтаныпты. Құрылыс қомпаниясы бар бақуат кісі екен, Арманның жағдайын, жеті баласымен бір бөлмелі пәтерде жүргенін есітіп, телефон нөмірін алып кетіпті.

Бір аптадан кейін Арманды өз компаниясына жұмысқа шақырды. «Үш жүз мың айлық беретін болды» дегенде жүрегім жарыла қуандым. Ол кезде мұндай айлықты түсімізде де көрмегенбіз. «Құдадың өзі құрайды деген осы, Арман. Ағаңды ұятқа қалдырмай, еңбегіңді адал атқар, айтқанының бәрін орында» деп күнде қанаттандырып жіберем.

Бір күні ол кісі бізді үйіне шақырып, қонақ етті. Абысынымыз да иманжүзді кісі екен, барын алдымызға тосып, емен-жарқын қарсы алды. Кейін ол үйде қонақ күту, дастархан жаю сияқты тірліктердің бәрінде қызмет етіп, кірісіп кеттік.


Арада үш жыл өткен, Арман қырыққа толып, достарымен кафеде атап өттік. Күндіз бастығы Арманды туған күнімен құттықтап, кафенің атын сұрап алған екен. Бір уақта абысынымызбен келіп тұр. Дастарханға жайғасып, ақ тілегін айтып, соңынан бізге өздері салған су жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

«Жақсылық жасасаң, алдымен бауырға жаса» деген сөз бар. Біз мектеп бітіріп, қала дегеннің не екенін білмеген тұста сенің әкең мені қалаға ертіп әкеп, өзінің танысына айтып, оқуға түсірген. Соның арқасында білім алып, осы дәрежеге жеттік. Ағамыздың өзі өмірден ерте кетті, қарызымызды өтей алмадық. Өзіңді кездестіргелі ойымда жүрген тірлік еді, соның сәті бүгін түсіпті. Сыйлығымызды шын жүректен қабыл ал, бауырым» деп құшақтағанда жиналған қонақтардың бәрі жылап қалды.


Қайынағамызды жолықтырып, қиюын келістерген Құдайдың форточкадан бергені осы емей, немене? Қазір үлкен пәтерде күліп-ойнап өмір сүріп отырмыз. Жоққа сабыр, бергеніне тәубе еткен күйеуіме Жаратқанның сыйы шығар. Қазір менен бақытты адам жоқ, тіл-көзден сақтағай...»