​«Жаназадан соң ешкімнің үйіне баруға болмай ма?»: Жамбылдық келіншекті туған бауыры кінәлап жүр

0
37 170

"Ондай да ырым бар ма? Рас па?"


​«Жаназадан соң ешкімнің үйіне баруға болмай ма?»: Жамбылдық келіншекті туған бауыры кінәлап жүр

иллюстрациялық фото: syl.ru сайтынан алынды

Бұл келіншектің де оқиғасы «әр елдің салты басқа» дегенге келеді. ERNUR.KZ тілшісіне оқиғасын айтып берген келіншек көпшіліктен кеңес те сұрайды.

- Бәлкім үлкендер айтпаған болар, мүмкін мен жүре тыңдадым ба екен. Бірақ «жаназадан соң ешкімнің үйіне баруға болмайды» дегенді білмеппін. Білмек түгілі естімеген де екенмін. Ондай ырым, наным-сенімге де мән бермеуші едім, басымнан өткен мына оқиға жанымды жегідей жеп барады. Сол үшін туған бауырым менімен араласпай, әлі күнге ренжіп жүр. Оның келіншегінің анасы менің қаралы үйден шығып тікелей солардың үйіне барғаным үшін қайтыс болыпты. Не керек, келінім анасынан айылырып қалғанына мені кінәлайды, - деген ол түкке түсінбегенін алға тартады.


- Сол күні қайынсіңлімнің күйеуі қайтыс болған. Жаназасына бардық та, мен сол жерге жақын тұратын інімді де көріп кеткім келді. Алыс қалада тұратын болған соң күнде келе бермейміз. Жолдан базарға кіріп базарлығымды алдым да, інімнің үйіне бардым. Келіннің қабағы түйіліңкіреп тұрғанын үйіндегі анасының ауырып жатқанынан деп онша мән бермедім. Ініммен қауышып, екі баласына әкелгенімді беріп, бір шайын іштім де, құдағиға сауығып кетуін тілеп қайта жолға шығып кеттім.

Ойыма мүлде жаман ой келмепті. Ертеңіне інім телефон соқты. Даусында реніш бар. «Кеше айта алмап едік, көрдің бе не болғанын? Жаназаға барған адам ешкімнің үйіне кірмейді, тіке қайтып кетеді... Бүгін апамыз қайтыс болды» дегенде де түсіне алмадым. Көңіл айтып барамыз дегенше апта өтіп, жеті күндік асына бардық. Бәріне көңіл айтып, кетерімде інім тағы мені кінәлағандай болды. Келіннің онсыз да қайғыдан қабырғасы қайырып отырғанда маған қарамауы, қабағының түюлі болуы қалыпты деп қабылдағанмын. Бірақ мәселенің барлығы кейін шықты.

Уақыт деген зымырап өтіп, көктемде інім 30 жасқа толды. Елдің әр қаласында тұратын 4 бауыр бірге құттықтап барып қайтуды ойлағанбыз. Сөйтсем, інім маған өкпелі. Барғанмен келін әншейіндегі иіліп тұратын ізетін жасамады, әзер қолының ұшын беріп қана амандасты. Інімнің де мен жаққа онша қарағысы жоқ, жағдай сұрасуы да әдеттегідей емес.


Қысқасы, әлдене қылмыс жасағандай сезіндім өзімді. Көңілді кештің шырқын бұзбайын деп ертеңді күттім. Таңертеңгі астан соң қайтуға жиналып жатқанымда оларға не болғанын, маған неге ренішті екенін сұрадым. Келін де соны күткендей екен, ақтарылып салды.

Оның ойынша, сол күні мен күйеу баламыздың жаназасынан кейін олардың үйіне келмегенімде оның анасы тірі қалады екен. Мен өзіммен бірге қаралы үйден ажал әкеліппін.


Ол жылап тұрып көп нәрсе айтты, басқасы есімде жоқ. Тек қана соңғы сөзі «сізге көңілім суып кетті, енді біздің үйге аттап баспай-ақ қойыңыз» дегені болды. Өзімнен кейінгі ізімнен ерген бауырымның әйелінен осындай сөз есту маған ауыр тиді. Ініме қарасам келіншегінің сөзін растағандай кейпіте, үндемей тұр. Үлкен әпкем мен ағам түнделетін қайтып кеткен, қолдайтын ешкім болмады. Бауырымның үйінен жылап аттандым.


Өзімнің таныстарымнан сұрасам, ондай ырымды білмейтіндерін айтты. Біреу ғана «оңтүстік жақта сондай бір ырымды естігенмін» деді. Егер білсе келін сол кезде неге ескертпеді? Анасы тап соның кесірінен қайтыс болатынын білсем, інімді тек сырттан, даладан ғана көріп кете салар едім ғой?!


Содан бері бауырым менімен хабарласпайды, жиында кездесіп қалсақ келін менің жаныма мүлде келмейді, селемдеспейді де. Әлі күнге мені кінәлайды анасының қайтқанына. Ал мен өзімнің білмегенімді қалай түсіндіре алмай жүрмін. Сөйлесейін десем, оған да ыңғай бермейді, Інім де татуластырудың орнына әйелінің сөзін сөйлем, мені кінәлайды. Басқа ешкімді тыңдар емес. Расында солай ма? Жаназадан соң басқа үйге барса, сол үйден міндетті түрде біреу қайтыс бола ма? Мүмкін, оқырмандарыңыз арасынан осыны түсіндіріп беретін жан табылар?! – деген келіншек көпшілікке сауалын да жолдады.


Сауалдың жауабын өздеріңізге қалдырдық, құрметті оқырман! Осы жайында пікірлеріңіз, айтарларыңыз болса сайттың ernurinfo@gmail.com поштасына жолдауларыңызға болады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды


«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты