​«Жас келін мен сәбилерді сақтайықшы»: шымкенттік ана балалардың суретін желіге сақтауды тоқтатуды ұсынды

0
942

«Қонақтар кеткен соң малымыз қырылып қалды»


​«Жас келін мен сәбилерді сақтайықшы»: шымкенттік ана балалардың суретін желіге сақтауды тоқтатуды ұсынды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп жатамыз ғой. Дегенмен алысты болжайтын көреген ата-бабаларымыз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге қатысты неше түрлі ырым-тыйымдарды тауып, кейінгі ұрпаққа өсиет етіп кеткен ғой. Бірақ кейде соған сенбей, соңында сан соғып қалып жатамыз», - деп бастады әңгімесін ERNUR.KZ редакцисына телефон соққан Бибісара апа.


Алпыс алтыға келген оқырманымыз қазіргі жас келіндерге сабақ болсын деп өз басынан өткен бір оқиғаны баяндап берді.


«Қазақта «қырық күн шілде» деген ұғым бар. Ол жас келінге де, жаңа туған сәбиге де, қайтыс болған адамға да қатысты. Шілдесі шыққанша жас келінді үйден қырық қадам аттатпаған. Түнде жалғыз жүргізбеген. Жаңа туған сәбиді лажы болса ел көзінен тасалап, оңаша ұстаған. Буыны қатайып, өз аяғымен жүріп-тұра алатын жасқа жеткенше көпшілік орындарға апармаған.


Бірақ соңғы кездері байқап жүрмін, жаңа түскен жас келіндер басына салған орамалынан бастап, жүргенін, тұрғанын, ішкенін, кигенін, тіпті күйеуімен «ойнап-күлгенін» де желіге жырпылдатып сала береді. Балалы келіншектер де сондай. Той-томалаққа бақыртып, шыңғыртып кішкентай бөпелерімен барып алады да, өзі дұрыстап демала алмайды, айналасындағыларға да кесірін тигізеді. Оған қоса «мен бала тудым» дегендей мақтанып, суретін телефонына салып қояды. Осы уақытқа дейінгі өмірімде талай нәрсені көрдім ғой. Бәлкім біреулерге сабақ болар деген оймен солардың бір-екеуін айтып берейін.


Осы жақында ғана бір әйел үш-төрт айлық бөпесімен автобусқа отырды. Баласы балпақтай екен. Соған бұты ашық, «боди» дей ме, сондай бірдеңені кигізіп қойыпты. Аппақ аяғы анадайдан көз тартып, автобустағылардың бәрі бөпеге күліп қарап, ойнатқысы келіп, елітіп кетті. Жас баланы көпшілік ортада қымтап, жамылғысын жауып ұстаса дейсің ғой...


Қызымды алғаш босанғанымда қырқынан шықпай жатып қайынсіңлілерім үйге қыдырып келді. Перзентханадан енді шыққан бала қарны тоқ болса ұйықтай бередіемес пе? Үйге қонған қайынсіңлілерім таңертең бөпемді «тым жақсы екен, түнде мүлдем жыламады» деп мақтады. Олар кетісімен қызым қолды-аяққа тұрмай, шырылдап жылауды бастады. Адыраспанмен аластап, тұз айналдырып дегендей, білген ем-домымызды жасап, жылауын әрең тоқтаттық.


Екі айлық болып қалғанда сол қызыма құтты болсын айтып достарымыз келді. Қызым солар кіріп келе жатқанда ұйықтаған. Кеткенше оянбады. Достарымыздың әйелдері «Біз келгенде ұйықтап жатыр еді, әлі оянбады. Біздің балалар бұлай өмірі жатпайды» деп сүйсінді. Ол кезде бөлек бір бөлмелі пәтерді жалдап тұратынбыз. Бөпені бөлек бөлмеге жатқызып қоя алмаймыз. Қонақтар кеткен соң қызым тағы да мазасызданып, түнімен ұйықтамады. Білгенім, жұрттың сүйсінгенін нәрестенің әлсіз ағзасы көтере алмайды екен. Не керек, сол қызым өте әлжуаз, қит етсе ауырып қала беретін болып есейді. Қазір де үнемі оқытылып, дем салдырып тұрады.


Бірер жылдан соң үйлі болдық. Жаңа қонысымызға туыс ағамыз әйелімен қыдырып келді. Шай үстінде тұрмысымыздың түзеліп қалғанын айтып, мақтап қоймаған. Шайдан соң әйелі екеуі бау-бақшамызды, қора-жайымызды аралап көрді. Олар кетісімен сап-сау тұрған сиыр құлап, бұзауының екі көзі бірдей ағарып кетті. Ойымызда ештеңе жоқ, дереу мал дәрігерін шақыртып, сырыды бұзауымен қоса көрсеттік. Ол біраз күн емдеп көрді, бірақ ақырында «арам қатырмай, бауыздап ала салыңыздар» деді.


Кейін осыған ұқсас жағдай көршілеріміздің де басынан өтті. Қонақ кеткесін біреуінің оншақты қой-ешкісі екі-ақ күнде қырылып қала салған. Оны естігенде «жақсы қонақ келсе қойың егіз табады, жаман қонақ келсе қораңа «қасқыр» шабады» деген мақал есіме түсті. «Жақсы қонақ – құт, жаман қонақ – жұт» деген де бар.


Жалпы, біреудің бала-шағасын, мал-жанын әңгіме қылудың қажеті жоқ негізі. Тым сүйсініп, мақтағыңыз келіп бара жатса «тіл-көзім тасқа» деп ырымын жасап қойыңыз. Бұл қиын емес қой".