"Жақсы табыс тапса да, анамның жағдайын ойламаған"
Сурет: ChatGPT ЖИ жасалды
"Жас кезінде әкем сері болды. Оның бойындағы жалыны мен сөзінің шешендігі маңайындағының бәрін баурап алатын. Сол замандағы тамада болатын. Жұрт оны “нағыз сері, жігіттің төресі” деп дәріптеді. Ал үйдегі анам сол “жігіттіктің” зардабын жалғыз арқалады."
ERNUR.KZ оқырманы өзгелерге сабақ болсын деп ата-анасының бұрынғы және бүгінгі жағдайымен бөлісті.
"Анам байғұс әр екі жыл сайын бір бала тауып жүріп, он баланы өсірді. Онының да тәрбиесі, тамағы мен киімін жуу – бәрі анамның иығында еді. Ол кезде кірді қолмен жуатын, бір реттік жөргек те жоқ. Ешқайда шығуға мұршасы да, мүмкіндігі де болмаған. Туған-туыс, дос-жаранының той-томалағына әкем ылғи жалғыз баратын. Анам болса етегіне жармасқан шиеттей баладан шыға алмай, үйде қала беретін.
Ең ауыры – анамның әкеме “Қайда жүрсің?” деп сұрақ қоюға шамасының келмеуі еді. Күні бойы он баланың у-шуынан қажыған, белі бүгіліп еңбек еткен әйелде артық сөзге дәрмен де қалмайтын. Оның үстіне, әкем де ешкімге есеп бермейтін өр мінезді, еркін өскен жан еді. Анам ауыз аша қалса, “мен – еркекпін” деп кеудесін қағады.
Балалық шағымның ең ауыр суреті – түнгі ошақ басындағы анам. Түн ауып, жұлдыздар сиреген шақта сыртқа шықсам, анамды көретінмін. Ол қыстың аязында да, күздің қара суығында да ошақ қасында бүрсеңдеп, шоқты көсеп отыратын. Ас суып қалмасын дей ме, әлде ойға шомып отыра ма, білмедім. Білетінім, әкемнің қарны ашып келеді деп ойлап, күтіп отырады.
"Неге ұйықтамайсыз?" деген сұрағыма жымиып, "Қазір әкең келеді, жалғыз тамақ ішкені жарамас" дейтін де қоятын. Оның жанарындағы мұңды сол кезде түсінбеппін. Оның үнсіздігі – бағынғандық емес, таусылғандық, амалсыз көнгендік екен-ау...
Қазір ойлап қарасам, сол заманда жағдайы барлау үйлер газ балонмен тамақ істейтін. Ал менің әкем жақсы табыс тапса да, анамның жағдайын ойламаған. Тек өзі шырттай киініп, сайран құрып жүретін. Әрине, бізді аш қалдырмады. Он баланың ас-ауқатын тауып беру де оңай емес. Сондықтан әкеме ренішім жоқ. Тек оның қазіргі мүсәпір күйіне қарап күрсінем.
«Уақыт – емші» деседі. Уақыт, сонымен қатар, бәрін өз орнына қоятын таразы екен. Әкем 60 жастан асқанда бойындағы тасыған қуаты сарқылды. Күтпеген жерден келген инсульт денесін де, тілін де тұсап тастады. Кешегі той-думанның гүлі болған адам бүгін төрт қабырғаның тұтқыны. Жанары бір нүктеге тесіліп, өз ойын айта алмайтын мүсәпір күйге түсті.
Қартайғанда ағайынның тойы, туыстың құдалығы көбейетін шақ қой. Сондай жиындарға барып жүру де бір ғанибет. Бұрын әкем жалғыз кетіп, анам үйде баламен қала берсе, енді бәрі керісінше. Қазір анам жалғыз барады. Әрине, мен қасында жүріп, апарып-алып келемін. Өкініштісі, кешегі “тойдың сәні” болған әкем енді мүгедектер арбасында, ауланың қақпасына телміріп анамды күтіп отырады. Бала кезімде анам қақпаға қарап отырса, кемел шағымда әкемнің осылай отыруы жаныма батады.
Сөйлей алмаса да, жанары бәрін айтып тұрады. Әкемнің сол бір мұңлы жанары маған үлкен сабақ. "Жасында тойшыл, қартайғанда ойшыл болады” деген сөз тек жасқа ғана қатысты емес екен. Бұл жасаған әрбір ісіңнің жауабын ерте ме, кеш пе, өз басыңнан өткеретінің туралы ескерту. Бүгін сен біреудің сезімімен ойнасаң, ертең өзің сол сезімнің тұтқыны боласың."


