«Жеңгеме күйеу керек»: алматылық келіншек ағасының орнын басар жақсы азамат іздейді

0
2 072

«Жеті жыл күйеуін жоқтап отырды, оған бәріміз ризамыз»


«Жеңгеме күйеу керек»: алматылық келіншек ағасының орнын басар жақсы азамат іздейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұл өмірге адам боп келген соң, әркім өз жұбымен өсіп-өніп, бақытты ғұмыр кешкені дұрыс. Әелдің бақыты күйеуімен, күйеудің бақыты әйелмен тікелей байланысты. Бірақ енді, тағдыр болған соң кейде ажырасып немесе оқыстан көз жұмып, орта баста жалғыздықтың дәмін сезетін жағдайлар болады. Менің маңдайлары жарқырған алтындай аға мен жеңгемнің жұбайлық өмірі ұзаққа бармады. Жұрт қызығарлықтай жап-жақсы отбасы еді, көз тиді ме, тіл тиді ме, қайғыға душар боп, қазір жеңгем жесірліктің қамытын мойнына ілген», - дейді Алтыншаш есімді келіншек.


Оқырманымызға анасы өтініш айтып, келініне күйеу іздейтінін жеткізіпті. Алтыншаш анасының айтуымен жеңгесінің басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Екеуін бөліп-жара алмайтын алтындай екі жеңгем бар. Жеңге деуге аузым бармайды, екеуі де әпкемдей боп кеткен. Кішісі қазір ата-анамның қызметінде, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ал үлкен жеңгемді екі жыл бұрын қаладан үй әперіп, көшіргенбіз. Мамамның «бізден бөлек, көзден таса кетсе өз теңін тауып, бақытты боп кетер» деп ойлап еді. Алайда жеңгемнің ағамды ұмыта алмай жүргеніне жеті жылдың жүзі болды. Қалаға барса да өзге біреу жайлы ойлаған емес...


Жеңгемнің есімі – Меруерт. Ағам екеуі үйленгенде мектепте оқитын кіп-кішкентай қыз едім. «Мен де барам» деп жылап жүріп құдалыққа барғаны есімде. Ол жақтағы құдалар дүркіретіп той жасап, біз ертеңіне беташарын өткізіп, шаңырағымызға түсірдік. Жеңге деген таңсық, оны-мұны айтып артынан қалмаймын. Не істесе де, не айтса да мен үшін ерекше қызық болатын. Жеңгем де мені еркелетіп, бар қалауымды екі еткізбей орындап, менің алдымдағы, ата-анамның алдындағы парызын толық өтей алды.


Келе сала жүкті болды. Оған үйдегілер ерекше қуанып, әсіресе марқұм ағам тұңғышының ертерек өмірге келуін тағатсыздана күтті. Ағам аудандық әкімдіктің бір бөлімінде қызмет ететін. Мамыр айында әріптестерімен тауға «маевкаға» баратын боп, үйдегілерге ескертіп кеткен. Сол жақта қайғылы жағдай орын алды. Достарымен тау-тасты аралау үшін жоғарыға шыққан, түсіп келе жатқанда аяғы тайып кетіп, сайға қарай, бірталай жерге дейін құлап түскен. Абырой болғанда аман қалды. Бірақ омыртқасына зақым келгендіктен, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жағдайға жетті. Арбаға таңылды.


Мүгедек болса да аман қалғанына бәріміз қуандық. Осы уайыммен жеңгем уақытынан бұрын босанп, өмірге қыз әкелді. Ауруханада өмірден түңіліп, арбаға таңылғанына нала боп жатқан ағам қызды болғанын естігенде ерекше тебіренді. «Қызым үшін аяққа тұруым керек» деп өзін қайрап, ауруханадан аман-есен шықты. Сөйтіп ата-анам оны әртүрлі мамандарға көрсетіп, аяқтан тұрып кету үшін басқа да дәрігерлердің есігін тоздырды.


Десе де ажал деген аждаһа шындап келсе алмай тынбайды екен ғой. Ағам зақым тиген омыртқасымен арпалысып жатқанда бауырдан қатерлі ісікке шалдыққанын білдік. Бұл дерт өзі іштен ірітіп, білдірмей «жейтін» бәле екен. «Уақытын өткізіп алғансыздар, енді бәрі кеш» деп дәрігелер «үкім» шығарды. Айтса айтқандай-ақ, ағам жеті айда жан тапсырды. Өзінің ауырғанын естігенде азып-тозып, тамақ іше алмай, қатты қиналды. Көз алдымызда солып, көзі жәутеңдеген күйі өмірден өтті.


Осы жеті ай жеңгеме өте ауыр тиді. Жеті айлық бөпесінің күтімі, күйеуінің сырқаты бар, бәріне өзі жүгіріп, уақтылы ас-суын, дәрісін беріп қарау да оңай емес. Сол үшін ол кісіге бәріміз ризамыз. Ағам өмірден өткенде оның жоқтап жылағаны келген адамдардың сай-сүйегін сырқыратты. Әлі күнге дейін ағамды ұмыта алмай жүр.


Қара шаңырақта төрт жыл тұрды. «Саған рұқсат, әлі жассың» деп ата-анам ақ батасын берсе де «мен бұл жерден кетпеймін» деп төркініне қайтпай қойды. Өз ата-анасын, бауырларын да тыңдаған жоқ. Бірақ екінші ағам үйленген соң үлкендер ақылдасып, жеңгемді қалаға көшірді. Еншісіне мені қосып берді. «Қайынсіңлің оқуға түсіп жатыр, соған бас-көз боласың әрі жұмысқа шығып, көңіліңді көтер, ойың бөлінсін» деп сылтауратты. Ал негізінде анам оған жаны ашып, «бағын байламайын, өз теңін тауып, бақытты ғұмыр кешсе екен» деп сыртынан дұға жасап еді.


Қалаға көшіп келген соң жеңгем жұмысқа тұрды, сіңлімді бақшаға бердік. Сырт көзге күліп жүргенімен, жеңгемнің іші қан жылап тұратынын сезем. Жұмыс пен үйдің арасын жол қылып жүргеніне екі жылдан асып барады. Мен де өз теңімді тауып, тұрмысқа шығып кеткем. Сондықтан қазір оның жалғыздығын жан-тәніммен сезем. Ер адамның қолдауы әйелге қаншалықты қажет екенін түсіндім.


Шынын айтайын, күйеуім іс-сапармен бірнеше күнге үйден кетсе, оны сағынып, шыдай алмай кетемін. Сағаттап сөйлесіп, сағынышымды басамын. Ал жеңгем ше?! Сүйген жары келмеске кетті... Ол қашанғы жалғыз жүреді. Ағамның көзі, жалғыз қызы бойжетіп, күйеуге кеткен кезде жеңгем үлкен үйде жалғыз өзі қала ма? Осы сұрақ менің жанымды жегідей жейді.


«Жеңше, енді жүре бермей жақсы азамат кездессе тұрмысқа шықсаңызшы» деп айтып, сырласып, жылап-сықтап аламыз. «Ағаңды ұмыта алмаймын» дейді, біресе «жақсы адамды қайдан табам, қазір еркекке сенім жоқ қой, неше түрліні естисің» деп кетәрі еместігін білдіріп қояды. Сол себепті анам екеуміз жеңгемізге жақсы күйеу, қызымызға жақсы әке болатын жан іздейміз. Ішпесе, шекпесе, жаман әдеттен аулақ, жеңгемді алақанына салып аялайтын азамат болса, жеңгемнің сол адаммен бақытты болғанын көрсек, біздің арманымыз болмас еді...»