"Жүкті етіп, тастап кетті": анасы қызына қалай қолдау көрсеткенін айтты

0
498

"Уақыты жетіп, дүниеге егіз перзент әкелді"


Сурет: freepik.com

"Перзент қай жасқа келсе де ата-анасынан қолдау, мейірім күтеді. Әсіресе ажырасқаннан кейін, ері қайтыс болғанда, яғни жалғыз қалғанда күйзеліске түседі. Ал оны ата-анасының мейір-махаббаты ғана қайтадан өмір сүруге үйретеді" деп ойымен бөлісті ERNUR.KZ тілшісімен тілдескен ана.


"Өз басымнан өткен соң ата-ананың қолдауы мен махаббатының қаншалықты қажет екенін жақсы білем. Мен күйеуімнен ерте айырылдым. Екі қызымды тістелеп жүріп жалғыз өзім өсірдім. Сол кезде әке-шешемнің көп көмегі тиді. Мен оларға салмақ салмадым, бірақ бір ауыз жылы сөзі маған қуат беріп отырды.

Үйде отырып, қыздарымның тәрбиесімен түбегейлі айналысуға уақыт таба алмаған анамын. Бар күнім қыздарымды аш-жалаңаш қалдырмау үшін жұмыс істеумен өтетін. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қараған жоқпын, екі жерде жұмыс істеген күндерім де болды.

Құдайға шүкір, қыздарым бойжетті. Оларды қатарынан кем болмасын деп қалағанын әпердім. Өзім қанша қиналсам да, қыздарымның жүзі жарқырап жүруі үшін алтын тағып, сәнді киінбесем де, қыздарымды құтты орындарына қондырған соң, барлығы болатынына сендім.

Үлкен қызым өз теңін тауып тұрмысқа шықты. Балалары бар, қатарынан кем емес. Күйеу балам да өте парасатты, ақылды жан. Қызымды алақанына салып аялап отыр. Балаларына да қамқор әке. Кішігірім кәсібін дөңгелентіп, арасында бізге де көмек беріп тұрады.

Тек кіші қызымның жағдайы мені уайымға салды. Алданып қалды. Жүріп жүрген жігіті жүкті етіп, үйленбей тастап кетті. Жігіттің мекенжайы бойынша іздеп бардым. Таппадық. Қызыма өтірік мекенжай берген екен.

Қызым күні-түні жылаумен болды. Күйзеліске түсті. Айналасындағы адамдар саусақ шошайтатындай, өсек-аяңға іліктіріп, кемсітетіндей көріп, үйден шықпады. Ол өз өмірінің шындығын қабылдай алмай жатқанын түсіндім. Жағдайы жаныма қатты батты. Барынша махаббатыма бөлеп, оны күйзелістен шығаруға тырыстым. Адам өміріндегі өзгерісті сол күйінде қабылдағанда, мойындағанда ғана жабығу мен торығудан құтылады. Оған уақыт керек.

Бір күні кешке үйге жақын маңдағы саябаққа барып келейік деді. Сыртқа шыққанына қуандым. Бұл да болса прогресс. Терең-терең тыныстап, саябақта ұзақ жүрді. Ертеңіне «Мама, психологқа барып қайтайықшы» деді. Көндіре алмай жүргенмін, өзі келіскенде құдайға тәубе дедім. Психологтан шыққан соң қызым «Жүрегімде бір тыныштық пен жеңілдік пайда болғандай» деді. Тынығу мен тыныштық табудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Өзіне қамқорлық жасауға уәде берді.

Ал құрсағындағы баланы алдырып тастауға жүрегім шыдамады. Не де болса қызым босанып алса, балаға өзім қараймын деген шешімге келдім. Кейін білдік, егіз балаға жүкті екен. Уақыты жетіп, қол-аяғын бауырына алып, аман-есен егіз перзентін дүниеге әкелді.

Балалар бір жасқа толғанда қызым «Мама, мен үйде отырып, сіздің жұмыс істеп жүргеніңіз жарамас. Мен тұрғанда сіз қалай жұмыс істейсіз? Сіздерді өзім асыраймын. Енді үйде отырыңыз. Балаларды балабақшаға орналастырамын» деп рұқсатымды алып, жұмысқа шықты.

Қызым өзіне күнделікті уақыт бөлу арқылы өміріндегі өзгерістерді басқаруды үйренді. Алдына кішігірім мақсаттар қойды. Күн сайын бірнеше минут медитация жасау, серуендерге шығу, психологиялық кітаптар оқу дегендей. Бұл әдістер оның күйзелісін жеңілдетуге көмектесті.

Қазір қос ұлымен бірге өмірін жаңа қырынан көре бастады. Ол өмірдің тек ауыртпалықтар ғана емес, сонымен қатар әдемі және қуанышты жақтары да бар екеніне қайта сенді. Өзінің ішкі тыныштығын қалпына келтіріп, өміріндегі қиындықтарға оптимистік көзқараспен қарауды үйренді. Бұл өзгерістер қызымның өмірін жаңа бағытқа бұрып, оны жаңа мүмкіндіктермен таныстыратынына сенем. Бастысы, ол өз күшін тапты.

Перзенттің басына қиындық түскенде қателігін айта бергеннен гөрі оған махаббатты арнау керек. Орнынан тұруға, өмірді сүюге үйретуіміз қажет. Өйткені ата-ана бала үшін қуат пен махаббаттың қайнар көзі."