Уақытыңыздың босқа өтіп жатқанын түсіну - басты қадам.
"Сәлем, «ERNUR.KZ» редакциясы! Мен декреттік демалыста отырған екі жылда әлеуметтік желілерге тәуелді боп қалғанымды аңғармай қалдым. Таңертең ояна салып телефонымды іздеймін. Таң атқаннан инстаграм, тик-ток, фейсбукты ақтарам. Баламды емізіп отырып, ютубтан кино көрем. Ыдыс жуып жатсам да, тамақ пісірсем де ютубты қосып қойып, әр түрлі бағдарламалар тамашалаймын. Вацап группаларындағы смс-хаттарды оқимын. Осылай күнім пайдасыз өтіп кетеді. Кейде тіпті түнімен тик-токта отырып, таң атқанын білмей қаламын. Сосын өзімді жазғырамын.
Бұдан былай әлеуметтік желілерге кірмеймін, кино көрмеймін деп өз-өзіме уәде беремін де, қайтадан сол әдетіме көшем. Босқа кетіп жатқан уақытыма ішім ашиды. Бұл тәуелділіктен қалай құтылам?"
Сәлима, 30 жаста.
ЖАУАП: Әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу әдетінен бірден бас тарту оңай емес, сондықтан мынандай кішкентай қадамдардан бастаңыз.
1. Уақыт шектеуін қою
Мысалы, әр сағат сайын 5 минут қана вацапты ашып, ондағы хаттарды оқу. Басқа әлеуметтік желілерге түсте бір рет және кешке бір рет қана кіру. Ал киноны тек демалыс күндері көруге өзіңізге рұқсат етіңіз.
Немесе әлеуметтік желілерді күніне бір сағатқа ғана қолдануға тырысыңыз. Бір аптадан соң уақытты тағы 10-15 минутқа қысқарту арқылы біртіндеп азайтуға болады.
Телефонға қосымша орнатып, шектеу қоюға да болады. Мысалы, Digital Wellbeing немесе Screen Time сияқты бағдарламалар уақыт шектеулерін орнатуға мүмкіндік береді.
2. Қажет емес парақшаларды өшіріңіз
Сізге пайдасыз немесе керексіз эмоциялар тудыратын парақшалардан бас тартыңыз. Сонымен бірге «Инстаграмда пәленше тікелей эфирге шықты», «Тик-токта түгенше жаңа жазбамен бөлісті», «Фейсбукте жаңа дос пайда болды» деген хабарламаларды жылт-жылт етіп шыға бермес үшін хабарлама келмейтін етіп өзгертіңіз. Яғни, әлеуметтік желілердің хабарландыруларын өшіріп қойыңыз. Бұл сізді қажетсіз тексеруден сақтайды.
Содан кейін қажет емес вацап чаттарынан (уақытша немесе біржолата) шығыңыз және керексіз әлеуметтік желелерді өшіріңіз.
3. Мазмұнды таңдаңыз
Бос уақытты жоғалтатын контенттерді өз салаңызға ауыстырыңыз. Мысалы, пайдасыз мелодрамалардан гөрі мотивациялық фильмдер көріңіз. Ағылшын тілі немесе біліміңізді арттыратын (Декларацияны қалай төлеу, баланы балабақшаға қою, аресті өз бетінше шешу т.б.) видеоларға басымдық беріңіз.
4. Физикалық белсенділік
Әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу – бір орында тапжылмай сағаттап отыру немесе жату деген сөз. Физикалық белсенділікпен айналысу, күнде таза ауада серуендеу, 10 мың қадам жасау, спортпен шұғылдануға уақыт бөлу арқылы телефонға қайта-қайта үңілуден біртіндеп құтыласыз.
5. Хобби табыңыз
Әлеуметтік желідегі уақытты алмастыратын қызықты іс тауып көріңіз: кітап оқу, шығармашылықпен айналысу, балаларыңызбен уақыт өткізу т.б.
6. Саналы демалыс жасаңыз
Кем дегенде аптасына бір рет "цифрлық детокс" күнін жасаңыз. Бұл күні интернетке мүлде кірмеңіз. Сонымен қатар, түнде белгілі бір уақытта (мысалы сағат 22-де) интернетті өшіріп тастаңыз. Тіпті ұйықтар алдында телефонды басқа бөлмеге қойғаныңыз жөн болады.
7. Мақсатыңызды ойлаңыз
Биылғы жылғы мақсатыңыз не? Соған күнделікті жоспар құрып, бір қадам жасап отырыңыз. Мақсатыңыз болса, уақытыңызды босқа өткізбейсіз, әр күніңіздің кешегі күннен 1 пайыз жақсырақ болғанын ойлап әрекеттенесіз. Ал әлеуметтік желілерде көп отырсаңыз, мақсатыңызға жете алмайсыз. Өйткені миыңызға шамадан тыс жүктеме түседі, энергияңыз сарқылады, жалқау адамға айналасыз. Осыны түсіну - негізгі қадам. Сондықтан міндетті түрде мақсатыңыз болсын және таңертең оянғанда бірінші сол мақсатыңызды ойлауға әдеттеніңіз.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: