​Армандар орындалады: 4 техникасы бар

0
219

Естіп, оқып жүре бергенше, орындап көріңізші. Нәтижесі таң қалдырады.


​Армандар орындалады: 4 техникасы бар

Көрнекілік фото: ашық дереккөзден алынды

Жыл басында 30-50 арман жазу - көп адамның әдетіне айналған. Сіз де 2025 жылға армандарыңызды жазып шыққан боларсыз. Ары қарай не істеу керек?



1. Визуализация

* Күн сайын ең маңызды арманыңыздың орындалғанын елестетіңіз.

* Аптасына бір рет арнайы күнделікке басты арманыңыздың орындалғанын сипаттап жазыңыз.

* Армандарыңызды күнде еске салып тұратын "Армандар картасын" жасаңыз. Арманыңызды бейнелейтін суреттерді көрінетін жерге іліп қойыңыз. "Арман картаға" қараған кезде "Мен өз арманыма жақындап жатырмын. Барлық мүмкіндіктер менің жолыма ашылуда» деген сияқты аффирмациялар айтыңыз.



2. Алғыс айту

* Қазір қолыңызда бар нәрселерге шын жүректен алғыс айтыңыз. Бұл энергияңызды оң арнаға бағыттайды. Адам позитивті энергияға толы, көңіл күйі көтеріңкі кезде ойлаған армандары орындалады. Сондықтан ішкі хәліңізді алғыспен, шүкіршілікпен түзеңіз.

Мысалы: бір бөлмелі пәтерде тұрасыз, бірақ үш бөлмелі пәтерді армандайсыз делік. "Баспанамның барына шүкір. Осы үйде көптеген бақытты, қуанышты сәттер болды. Бұл үйге алғыс айтам" деп, күніне бір рет алғыс айтып қойыңыз. Тамақ істеп жатқанда, қара қазаныңызға, ыдыстарыңызға алғыс айтыңыз. Үй жинап жатқанда шаңсорғышқа, кір жуатын машинаға алғыс айтыңыз. Көп қой алғыс айтатын нәрсе.

* Арманыңыз жүзеге асқандай сезініп, соған алғыс айтуды әдетке айналдырыңыз.



3. Өзге біреу үшін дұға жасау

Басқа адамдардың игілігі үшін шын жүректен дұға ету – арманның орындалуына оң ықпал ететін ерекше тәсілдердің бірі. Барлық дінде мұндай дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары деп айтылады. Сонымен қатар басқа адам үшін дұға жасағанда, бұл әрекет тілек тілегенді оң энергияға толтырады екен. Және мұндай игі дұғалар сізге де береке әкеледі, белгілі бір уақыттан соң өзіңізге еселеп қайтып келеді.

Мысалы: Сіздің арманыңыз - биыл тұрмысқа шығу болса, оң жақта отырып қалған бір құрбыңыздың немесе танысыңыздың есімін атап "Пәленшеге өзі қалағандай жақсы жар жолықсыншы" деп тілеңіз. Немесе сәбилі болуды армандасаңыз, көп жылдан бері бір баланы аңсап жүрген адамға сырттай дені сау ұрпақ сұрап дұға жасаңыз.

Осы орайда бір құпияны айтайын, егер ренжісіп жүрген, ұнамайтын бір адамға жақсы тілек тілесеңіз, өз арманыңыз жылдам орындалады.



4. Жақсылық жасау

Бұны қайырымды іс жасау деуге де болады. Қайырымдылық қорларға, мұқтаж жандардың есепшотына әр жұма сайын 100-500 теңге аударып отырсаңыз да - игі іс боп саналады.

Я болмаса қарт көршіңіздің үйін жинап, қоқысын шығарып беріңіз. Ауырып жатқан жақыныңыздың үйіне барып, тамағын істеңіз. Подъездің есігін жуыңыз т.б.

Егер садақа беру, біреуге көмектесуге мүмкіндік болмаса, күнде көрген адамдарыңызға (танымасаңыз да) іштей "Мен саған бақыт тілеймін" деп айтыңыз. Ертеңіне жолыңызда кездескеннің бәріне іштей "Мен саған байлық тілеймін" деңіз. Жалпы, әр күні барлық адамға іштей жақсы тілек айтыңыз. Бұл да жақсылық жасаудың бір жолы.

Ең бастысы, ниетіңіз адал, арманыңыз анық және сеніміңіз берік болуы керек.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Баланы шектен тыс өбектеудің 6 салдары

Баланы қаржылық сауаттылыққа үйрететін 8 қадам