ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлердің 370-тен астам жобасы «Даму» қорынан қолдау алды

0
112

«Даму» Қоры қолдаудың нарықтық емес тетіктерінен біртіндеп неғұрлым орнықты әрі ұзақмерзімді шараларға көшуді жүзеге асыруда.


ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлердің 370-тен астам жобасы «Даму» қорынан қолдау алды

Түркістан облысында кәсіпкерлердің 370-тен астам жобасы «Даму» қорынан қолдау алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, 2025 жыл, 20 қазан – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ(«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастыруда: жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл «Даму» Қоры ауқымды трансформациядан өтуде. Бұл ретте кәсіпкерлерге таныс қолдау құралдары сақталды, алайда олардың ішкі құрылымы сапалы өзгертіліп, жұмыс тиімдірек әрі жылдамырақ болуына бағытталды. «Даму» Қоры қолдаудың нарықтық емес тетіктерінен біртіндеп неғұрлым орнықты әрі ұзақмерзімді шараларға көшуді жүзеге асыруда.


Осылайша, биыл маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиімді балама болуға тиіс және кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама шарты тартымды – несие мерзімі 10 жылға дейін, бекітілген пайыздық мөлшерлеме 12,6%. Түркістан облысында осы бағдарлама аясында жыл басынан бері жалпы несие сомасы 11,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба қолдау тапты.


Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден жоғары жобалар үшін екі Кепілдік Қоры іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» Қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға кепілдікті портфельдік кепілдендіру тетігінің арқасында небәрі 2 жұмыс күні ішінде береді. Кепілдік несиеге, лизингтік келісімдерге және шарттарды орындауға таратылады, несие сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын көлемде қамтиды.


Түркістан облысында 2025 жылдың 9 айында кепілдік беру бағыты бойынша жалпы сомасы 17,4 млрд теңгені құрайтын 116 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 1-ші кепілдік қоры аясында жалпы құны 10,6 млрд теңге болатын 53 жоба мақұлданды.


Сонымен қатар жыл басынан бері өңірде «Даму» Қоры субсидиялау құралы арқылы жалпы несие портфелі 26,1 млрд теңгелік 231 жаңа жобаны қолдады.


– «Даму» Қоры ұлттық даму институты болғандықтан, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл – экономикаға айтарлықтай серпін береді. Түркістан облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 1,6 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 288 млрд теңге салық төледі, - деп атап өтті «Даму» қорының Түркістан облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Бағила Құдайбергенова.

Пресс тур аясында БАҚ өкілдері өңірдегі үш кәсіпорынның жұмысымен танысты.


«QazEcoPack» ЖШС — 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, орау материалдарын өндіретін қазақстандық заманауи кәсіпорын. Компания өндіріс, тұрмыста және кеңсеге керек жабысқақ лента (скотч) пен багаж орайтын стрейч-плёнка шығарады.

Зауыт жылына шамамен 1 200 тонна өнім шығарады. Олар жоғары сапасы, беріктігі және қолданудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кәсіпорын экологиялық таза шикізатты және заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынады.

2025 жылдың басында компания «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «ForteBank» АҚ арқылы жабдық сатып алу үшін қаржы алды. Жылдық 20,25% мөлшерлеменің (1-3 жылдары – 12,25%, 4-жылы – 11,25%, 5-жылы – 10,25%) бөлігі «Даму» қоры тарапынан субсидияланып, бұл қолдау өндіріс көлемін ұлғайту мен өнім сапасын арттыруға зор мүмкіндік берді.


«Beibars Bottlers» ЖШС — Түркістан облысында орналасқан сусын өндіретін заманауи кәсіпорын. Компания газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минерал су шығарады. Негізгі өнімі — әлемге танымал RC Cola бренді.

Зауыт жылына 120 мың тонна сусын шығарады. Өндіріс процесінде заманауи еуропалық жабдық пен сапасы мұқият бақылауда болатын табиғи су пайдаланылады. Барлық өнім халықаралық стандарттарға сай.

2025 жылы компания «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Банк ЦентрКредит» арқылы несие алып, жаңа жабдық орнатып және айналым қаражатын толықтырды. «Даму» қоры мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялап, кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Сол жылы маусым айында компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6%-бен жеңіл несие алып, өндірісті одан әрі дамытуға жұмсады. Бұл қадам кәсіпорынның тұрақты өсуіне және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашты.


«МК ALTYN NAN» ЖШС — 2025 жылы іске қосылған, Түркістан облысындағы ұн өндірісінің жаңа стандарты болып саналатын заманауи диірмен кешені. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 500 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кешен құрамындағы екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор астықты қабылдап, өңдеп және жыл бойы сақтауға жағдай жасайды.

Өндіріс процесінде дәстүрлі технологиялар мен заманауи жабдықтар үйлесім тапқан. Ұн тек іріктелген жоғары сапалы бидайдан өндіріледі, ал әр кезеңде сапа бақылауы қатаң жүргізіледі. Кәсіпорынның зертханасы өнімнің экологиялық және технологиялық талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде «ALTYN NAN» жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн шығарып, отандық нарықта сенімді брендке айналып келеді. Компания алдағы уақытта ассортиментті кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

2024 жылдың желтоқсанында кәсіпорын «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Bereke Bank» арқылы несие алып, өндіріске ғимарат пен заманауи жабдықтар сатып алды. «Даму» қорының пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қолдауының арқасында, компания тұрақты даму жолына түсті.


«Даму» Қорының қолдауы – тек қаржылық құрал ғана емес, сонымен бірге өңірлік экономиканың дамуына қосқан үлес. Түркістан облысының кәсіпкерлері үшін ол нақты өсудің, жаңғыртудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың құралына айналуда.

Бөлісу