Мақсатыңыз – бірге болу ғана емес, бірге бақытты өмір сүру болсын.
Фото: publish.com.ua
Кейбір ерлі-зайыптылар бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатса да, жүректері бір-бірінен алшақ. Ажырасайын десе – бала бар. Ал баланың бақытты балалық шағы ата-ананың қарым-қатынасына тікелей байланысты. Не істемек керек?
Әрине мұндай жағдайда некелік одақ құрып отырған екеуден басқа ешкім үкім шығара алмайды. Алайда кеңес айтуға болады. Ал біз ерлі-зайыптыларға бақытты некенің алтын 5 ережесін ұсынамыз.
Бұл қарапайым ережелермен өмір сүру – сүйіспеншілікті, түсіністік пен құрметті нығайтуға сеп бола алады дейді психологтар.
1. Бір-біріне құрметпен қарау
Қарым-қатынастағы ең басты ереже – сыйластық. Жан жарыңды жеке тұлға ретінде қабылдау, оның пікірімен санасу, іс-әрекетін бағалау – бұл құрметтің көрінісі. Құрмет бар жерде реніш те аз, түсіністік те мол болады.
Сонымен қатар бір-бірін құрметтеген ерлі-зайыптылар жеке кемшіліктерін, айыптарын, өткен шақтағы қателіктерін сыртқа шығармайды.
Мысал: Әйелі күні бойы үй жинап, балаларға қараған, тамақ әзірлеген. Күйеуі жұмыстан келген соң диванға қисайып, телефон шұқыламас бұрын "Үй таза, тамағың дәмді, есіктен кіргенде-ақ шаршағанымды ұмытып кеттім, рахмет саған. Сен демал, кофе дайындап берейін бе?" десе, бұл құрмет пен ризашылықтың шынайы белгісі боп саналады. Күйеуінен мұндай сөз естіген әйел өзін үй күтушісі емес, үй бикесі, әйел ретінде сезініп, марқайып қалады. Мұндай сөздер әйелге күш-қуат береді, арадағы құрмет нығаяды.
2. Ашық әрі шынайы сөйлесу
Ерлі-зайыптылар арасында сенімді байланыс болуы үшін олар бір-біріне ойын ашық, ренішін жұмсақ түрде жеткізе білуі керек. Жан дүниені ішке бүгіп, үндемей жүру – ренішті тереңдетіп, суықтыққа әкеледі.
Салқын сезіммен үндемей өмір сүруге болмайды. Үнсіз үмітпен жүргеннен ақиқатпен ашық сөйлескен дұрыс.
Мысал: Күйеуі жұмыстан кешігіп келді. Себебін айтпады, алдын ала ескертпеді, ақталмады. Әйелі ренжіді, бірақ оған ештеңе демей, қабағын түйіп жүр. Осылай жалғаса берсе бұндай жағдайлар уайым мен түсінбеушілікке себеп болады. Оның орнына әйелі: "Сен кешігіп келдің, мен уайымдап қалдым. Алдын ала бір хабар берсең, көңілім тыныш болушы еді", - десе, бұл шынайы әрі мейірімді сөйлесудің үлгісі болады. Сондай-ақ күйеуі де келесіде кешігу себептерін ескертетін болады.
3. Ортақ шешім қабылдау
Үй ішіндегі кез келген үлкен мәселені – ол ақша жұмсау ма, бала тәрбиесі ме, демалыс жоспары ма, екі жақ бірге ақылдасып шешкен жөн. Бір тарап үнемі өзі шешім қабылдай берсе, екіншісі өзін елеусіз сезінуі мүмкін.
Сондай-ақ мақсаты, шешімі бөлек екі адамның махаббаты – бір-бірін ұқпаудан өлетінін де есте ұстаған жөн.
Мысал: Күйеуі несиеге жаңа көлік алғысы келеді. Бірақ әйелімен ақылдаспай шешім қабылдаса, бұл келіспеушілікке әкеледі. Ал егер ол: "Мен көлік алсақ деймін. Бірақ бірге қарап, екеуімізге де ұнайтынын таңдайық. Ай сайынғы төлемді де бірге есептейік", - десе, бұл жауапкершілікті бірге бөлісудің, тең құқықтылықтың белгісі. Әйел өзін маңызды сезініп, өзін-өзі бағалауы өседі.
4. Уақытты бірге өткізу
Махаббатты сақтау үшін бірге уақыт өткізу аса маңызды. Бұл – қарым-қатынасты тереңдетеді. Тіпті күнделікті күйбең тірлікте де арнайы уақыт тауып, бір-бірімен сөйлесу, серуендеу керек.
Мысал: Күнделікті жұмыс, бала қарау, үй тірлігімен уақыт зымырап өтеді. Бірақ ерлі-зайыптылар кешкі ас ішіп болған соң бірге шай ішіп, теледидар қарап немесе серуендеп жүріп, бір-біріне "Күнің қалай өтті?", "Не шаршатты?", "Неге көңіл күйің жоқ?" деген қарапайым сұрақтар қойса, бұл — оларды рухани және эмоциялық тұрғыда жақындастырады. Бір-бірін ең жақын, жанашыр адам сезінеді.
5. Қолдау және шабыттандыру
Нағыз серіктестер — қиындықта демеу болып, қуанышта бірге шаттанатындар. Бір-бірінің арманына сеніп, қолдап отыру – ерлі-зайыптылардың мықты тандем болуына ықпал етеді.
Мысал: Әйелі біраздан бері өз кәсібін бастағысы келіп жүр, бірақ сенімсіздікпен кейінге қалдыра береді. Күйеуі оған: "Сенің қолыңнан бәрі келеді. Мен саған көмектесемін. Бастап көр, мен сенемін" десе, бұл әйелдің өзіне деген сенімін арттырады, ал екеуінің арасындағы байланыс одан әрі нығаяды.
Дәл сол сияқты күйеуі өзін басқа салада сынап көргісі келсе, әйелі қолдап, шабыттандырғаны жөн. Қолынан не келмесе сабақ болады. Мүмкін өзін басқа қырынан танып, мол табысқа жетеді.
Бұл өмір – сынақ, сондықтан әр салада, әр бағытта өзін сынап көргенде тұрған ешнәрсе жоқ. Жай ғана қолдаңыз.
Дайындаған: Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: