​Жұбайлар өміріндегі ҚАУІПТІ 6 дағдарыс

0
972

Не істеу керек?


​Жұбайлар өміріндегі  ҚАУІПТІ 6 дағдарыс

Фото: png.pngtree.com

15 сәуір – Ғашықтар күні. Бұл күн тек махаббатты дәріптеп қана қоймай, сезімге деген құрметті нығайтатын ерекше мереке. Шынайы сүйіспеншілік үйленгеннен кейін де үзіліп қалмауы керек. Керісінше, ол тереңдеп, өзара түсіністік пен сенімге ұласуы тиіс. Алайда отбасылық өмір тек романтика мен қуаныштан тұрмайды, әрбір жұп белгілі бір кезеңде сынақтардан өтеді.

Осы орайда, біз некедегі ең қауіпті алты дағдарыспен таныстырамыз. Және мұндай сәттерді сәтті еңсерудің тиімді жолдарын ұсынамыз. Оқыңыз, қауіптің алдын алыңыз!



1-ші жыл – бейімделу дағдарысы

Жұбайлар енді тек ғашық жандар емес, бір-біріне серік, қолдау көрсетуші, жауапкершілік иелері ретінде жаңа міндеттерді қабылдайды. Бұл кезеңде адам өзінің "Менін" қайта қарастырып, жаңа "Біз" ұғымын қалыптастыра бастайды.

Әр адамның өз отбасынан, өмірлік тәжірибесінен келген мінез-құлық үлгілері, әдеттері бар. Ерлі-зайыптылар бұл айырмашылықтарды түсініп, бейімделу кезеңінен өтеді. Бұл процесте келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер туындауы мүмкін, өйткені әркім өзіне таныс, қауіпсіз модельді ұстанғысы келеді. Тұрмыстық мәселелер, қаржылық жоспарлау, отбасылық рөлдерді бөлісу сияқты сұрақтар да психологиялық қысымды күшейтеді.

Не істеу керек?

  • Эмоцияларыңызды жасырмаңыз, бірақ оларды серігіңізге сыпайы әрі түсінікті түрде жеткізіңіз.
  • Оны түсінуге тырысыңыз. Келіспеушілік кезінде кінәлауға емес, мәселені шешуге назар аударыңыз.
  • Ортақ құндылықтар мен қызығушылықтар іздеңіз. Бірге уақыт өткізу, жаңа хоббилер табу қарым-қатынасты нығайтады.
  • Шекаралар мен ережелерді белгілеңіз. Қаржы, тұрмыс және отбасылық міндеттер бойынша нақты келісімдер жасаңыз.



3-ші жыл: Махаббаттың әлсіреуі

Психологиялық зерттеулер некенің үшінші жылы ерлі-зайыптылар үшін алғашқы үлкен сынақтардың бірі болуы мүмкін екенін айтады. Бұл кезеңде романтикалық сезімдер бәсеңдеп, шынайы қарым-қатынас жаңа деңгейге өтеді. Тұрмыстық міндеттердің артып, жауапкершілік көбейетін кезеңі. Ұсақ реніштер жиналады.

Не істеу керек?

  • Бірге өткізетін сапалы уақытқа көңіл бөлу, ортақ қызығушылықтар табу, серуендеу, жаңа әсерлермен бөлісу;
  • Романтиканы жандандыру, тосынсыйлар жасау, екеуіңізге ұнайтын демалыстар ұйымдастыру;
  • Бір-біріңізді жиі қолдап, қарапайым істері үшін де ризашылық білдіру;
  • Ашық және шынайы сөйлесу дағдысын дамыту – ұсақ реніштерді жинамай, уақтылы шешу.



5-ші жыл – тұрақтылық сынаққа түсетін кезең

Бұл уақытта отбасының өмір салты түбегейлі өзгереді: балалар өсіп, олардың күтімі мен тәрбиесіне көп күш жұмсалады, жұмыс пен тұрмыстық міндеттердің ауыртпалығы артады.

Ерлі-зайыптылардың көпшілігі ата-ана ретіндегі жауапкершілікті терең сезініп, балалардың тәрбиесіне бар назарын аударады.

Күнделікті күйбең тіршілік арасында ерлі-зайыптылардың жеке қажеттіліктері екінші орынға ысырылады.

Бұл эмоционалды қашықтықтың артуына және стресстің жинақталуына әкеледі. Ерлі-зайыптылар бір-біріне бұрынғыдай көңіл бөле алмай, қарым-қатынас салқындай бастайды.

Не істеу керек?

  • Міндеттерді тең бөлу. Отбасындағы шаруалар мен баламен уақыт өткізу жұмыстарын бірге орындау.
  • Бірге уақыт өткізу. Қарбалас өмірге қарамастан, сапалы уақыт өткізу маңызды. Бірге серуендеу, демалыс ұйымдастыру, тіпті кешкі шай ішу де жақындықты нығайтады.
  • Бір-біріне қолдау көрсету. Әр жұбайдың сезімдері мен қиындықтарын тыңдап, қолдау көрсету қажет.
  • Егер жағдай қиындап кетсе, отбасылық психологтың кеңесі қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі.



7-ші жыл – жалығу жылы

Психологияда «Жетінші жыл дағдарысы» теориясы кең таралған. Бұл теория бойынша, ерлі-зайыптылар осы кезеңде некенің мәні туралы ойлана бастайды. "Бірге өмір сүру маған керек пе?", "Некелік өмірді көрдім, ары қарай өзім үшін өмір сүрсем қайтеді?" деген секілді сұрақтар түрлі ойға салады. Неге?

Себебі бұл кезеңде оның өмірі бірсарынды, қызық азайған, жары жұмыстан шаршап келеді де жатып қалады. Олар бір-бірінен эмоциялық тұрғыда алшақтаған.

Опасыздыққа немесе сырттан эмоция іздеуді ойлау да осы кезеңде орын алады дейді психологтар.

Не істеу керек?

  • Қарым-қатынасты жаңарту үшін жаңа әрекеттерге бару (саяхат, хобби т.б.)
  • Бір-біріне тыңдаушы болу және эмоцияларды бөлісу керек.
  • Өзін-өзі дамыту және жеке тұлғалық өсуге мән беру. Бұл орайда тыйым салмастан, керісінше қолдау көрсету қажет.
  • Опасыздық қаупін болдырмау үшін қарым-қатынасты нығайту. Лажы болса шетелге саяхаттауды ұйымдастырған жөн.



10-15 жыл – орта жас дағдарысы

Қазір 40-50 жас аралығындасыз ба? Бұл – ерекше кезең. Көптеген ер адамдар мен әйелдер осы уақытта өз өміріне қайта үңіледі. «Мен не істедім? Қайда бара жатырмын? Бұл өмірдің мәні неде?» деген сұрақтар жиі мазалайды. Бұл – қалыпты құбылыс.

Себебі бұл жаста: Жеке тұлғалық дағдарыс пайда болады – өзіңізді бұрынғыдай сезінбейсіз. Сондықтан өмірдің мағынасы мен мақсаты өзгеріп, қайта қарастырасыз. Тіпті жұбайыңызға деген қызығушылық азайып, арада салқындық пайда болуы мүмкін. Өйткені екеуіңізді байланыстырып тұрған балалар өсіп, енді сізге бұрынғыдай мұқтаж емес – бұл да бос кеңістік тудырады.

Бұл кезеңде кейбір ерлі-зайыптылар ажырасады. Дегенмен қарым-қатынасты сақтап қалуға, тіпті, мықтырақ етуге болады.

Не істеу керек?

  • Бірге жаңа мақсаттар қойыңыздар. Бір бағытқа бірге қарап, жаңа қызығушылықтар табыңыздар. Бұл – ортақ өмірдің жаңа тарауын ашады.
  • Уақытты бірге өткізіңіздер. Қарым-қатынас тек сөзден тұрмайды – ол бірге кешкі серуенде, бірге ішілген шайда, бірге көрілген фильмде.
  • Бір-біріңізге жанашыр болыңыздар. Қиын сәтте – қолдау көрсетіңіз, қуанышты сәтте – бірге қуануды ұмытпаңыз. Эмоционалды жақындық – махаббаттың отын сөндірмейтін негізгі нәрсе.
  • Ескі жаралармен емес, жаңа үміттермен өмір сүріңіз. Өзіңізге және қарым-қатынасқа жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беріңіз.



20-25 жыл – «бос ұя» дағдарысы

Психологтар 20 жылдан кейінгі ажырасу жағдайларының артуын "бос ұя синдромымен" байланыстырады. Бұл синдром – балалар ер жетіп, өз бетінше өмір сүре бастағанда ата-ананың өмірінде бос кеңістік пайда болуы. Бұл уақытта ерлі-зайыптылар өзін жалғыз, мағынасыз, кейде тіпті бөгде адаммен бірге тұрып жатқандай сезінуі мүмкін.

Неліктен бұл кезең қиын? Балалардың үйден кетуі – тек тұрмыстық өзгеріс емес, бұл – ата-ана рөлінен босау. Ерлі-зайыптылар арасында ортақ міндеттер азайып, өмір босап қалғандай болады. Көп жылдар бойы балаға бағытталған энергия енді қайда жұмсаларын білмей, адам ішкі күйзеліске ұшырайды.

Не істеу керек?

  • Бір-біріңізбен қайта "танысуға" мүмкіндік беріңіз. Уақыт бөліңіз, бірге серуендеп, ашық сөйлесіңіз.
  • Ортақ мақсаттар құрыңыз – бірге саяхаттауды жоспарлау, жаңа хобби табу, тіпті еріктілікпен айналысу – бұл сіздерді біріктіре түседі.
  • Жеке дамуға мән беру – әркім өзінің ішкі әлемін байытуы қажет. Содан кейін бұл байлықты жұбына да бере алады.
  • Естеліктерді жаңарту – алғашқы танысу, үйлену тойы, балалардың балалық шағы – бұл ортақ тарих. Сол сәттерді бірге еске алу эмоционалдық байланысты күшейтеді.
  • Сезім – уақытша бәсеңдеуі мүмкін, бірақ қамқорлық, түсіністік, ортақ құндылықтар қалса – сүйіспеншілік қайта жандана алады.


Есте ұстаңыз: Жұбайлар өміріндегі дағдарыстар – қалыпты жағдай. Ерлі-зайыптылар оларды дұрыс қабылдап, бірге шешім іздесе, сынақ кезеңдерінен сүрінбей өте алады. Сондай-ақ бұл кезеңдерді – дағдарыс емес, дамудың жаңа деңгейі деп қабылдасаңыз, қиындықтарды еңсеру жеңіл болады.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Алаяқтардан ҚОРҒАНУдың нақты 4 ҚАДАМЫ

Ішкі хәлді жақсартудың 7 жолы