ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жіті бақылауда

0
117

Жылу нысандарында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық жүргізілді.


ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жіті бақылауда

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қатаң бақылауда тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық бар. Жылу нысандарында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлімделді.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылумен қамтылуын, отын қорының жеткілікті болуын, жылыту жүйелерінің ақаусыз жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Белгіленген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың нәтижесі тікелей бақылауда болатынын ескертті.


– Жылыту маусымына дайындық бойынша кемшілікке жол берілмеуі. Тұрақты түрде мәлімет енгізілсін. Кемшілік жіберген басшылардың жауапкершілігі қатаң қаралады, – деді облыс әкімі.


Аппарат отырысында орталықтандырылған жылу беруші мекемелердің 2025-2026 жылу беру маусымына дайындық барысында атқарылған жұмыстары туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады. Оның мәлімдеуінше, облыс бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.


Кентау қаласында 2024-2025 жылдары басталған 6 қазандықты техникалық бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 14,5 шақырым болатын магистральды жылу желілерінің 950 метрін қайта құру жұмыстары жоспарланып, 1 шақырым желіге құрылыс-монтаждау жұмыстары артығымен жүргізілді. Ішкі орам жылу желілеріндегі І кезең бойынша жалпы ұзындығы 22,2 шақырым жылу желілерін қайта құруға қаржы қаралды. 4,2 шақырым желіні қайта құру жұмыстары жоспарланып, 5,5 шақырым желіге жөндеу жұмыстар жүргізілді. Жоспар 130%-ға артығымен орындалды. ІІ кезең бойынша жалпы ұзындығы 44,2 шақырым болатын ішкі орам жылу желілерін қайта құруға қаржы қаралып, жоспарға сәйкес 35 шақырым желіні ауыстыру қарастырылды. Бүгінде 33,5 шақырымға тиісті жұмыстар жүргізілді. Қалған жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау көзделген.


Созақ ауданының Қыземшек кентінде резервтік №6 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталса, №2, №3 және №4 қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қыземшек, Таукент кенттерінде 4,7 шақырымдық жылу құбырлары ауыстырылып, жұмыстар 100% орындалды. Төлеби ауданында резервтік 1 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын жылу желілері толық ауыстырылды. Отырар ауданы, Шәуілдір және Мыңшұқыр ауылдарындағы қазандықтарды ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш ауданындағы қазандықтардың барлығына қысымдау жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына толық дайын. Оған қоса, Түркістан қаласының орталық қазандығында шұңқыр (котлован) қазылып, резервуарлар жеткізілген.


Жалпы облыстағы бюджеттік мекемелердің дизель отынына қажеттілігі 3,146 млн. литрді құрайды. Бүгінде оның 3,103 млн. литрі тасымалданған. Көмір отынының қажеттілігі 594,3 мың тонна болса, бүгінде оның 325,6 мың тоннасы жеткізілген. Атап айтқанда, бюджеттік мекемелер – 100%, жеке тұрғындар – 77%, жылыжайлар 22%-ға қамтылған. Теміржол тұйықтарында 90,6 мың тонна көмір қоры жинақталған. Биыл 46 газбен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталады. Сондықтан, Мақтарал, Жетісай, Келес, Кентау, Сарыағаш, Ордабасы және Бәйдібек аудандарында 74 мың тоннаға жуық көмір отыны қысқартылуы көзделуде.


Айта кетейік, бүгінде жылыту маусымы Түлкібас ауданында басталды. Қалған аудан, қалаларда жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады деп жоспарлануда.

Бөлісу