Вацап-чаттарға осы чек-листі бөлісіп, жақындарыңызды алаяқтардан сақтандырыңыз!
фото: https://static.mk.ru
Бүгін 1 сәуір – күлкі күні. Бұрын бұл күні дос-жаран бірін-бірі қалжыңмен алдап, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын. Ал қазір ше? Әзілдейтіндер азайып, керісінше, шынайы алдаушылар – алаяқтар көбейген. Сондықтан біз күлкі күніне орай сізге әзіл емес, өте пайдалы чек-лист дайындадық.
Бұл чек-лист арқылы ең көп таралған алаяқтық түрлері мен олардан қорғану жолдарын біле аласыз. Сонымен бірге мейрамда вацап-чаттарға осы чек-листі бөлісіп, жақындарыңызды алаяқтардан қорғай аласыз.
Ең жиі кездесетін алаяқтық әдістер
1. Фишинг
Фишинг – жалған сайттар арқылы алдау. Алаяқтар банк, мемлекеттік ұйым немесе танымал сервис атынан хабарлама жібереді. Оларда:
- Жалған сайтқа сілтеме болады, ол түпнұсқасына өте ұқсас келеді.
- Сізден карта нөмірі, CVV-код, SMS-код немесе құпия сөз сұралады. Егер деректеріңізді енгізсеңіз, шотыңыздағы қаражаттан айырылуыңыз мүмкін.
- Жалған интернет-дүкендер арқылы хабарлама жібереді. Тапсырысқа төлем жасайсыз, бірақ тауар жіберілмейді немесе сапасыз болып шығады.
- WhatsApp-тағы "достардан" келген төлем сұраныстары. Аккаунты бұзылған жақыныңыз сізден ақша сұрауы мүмкін.
Қорғану тәсілі:
✅ Сілтемеге өтпес бұрын оның ресми сайт екенін тексеріңіз.
✅ Банк қызметкерлері ешқашан SMS-код сұрамайды.
✅ Әлеуметтік желілер арқылы жазбаша ақша сұраған “досыңызға” қаражат аудармас бұрын қоңырау соғып сөйлесіңіз.
2. "Банктен" немесе "полициядан" жалған қоңыраулар
Алаяқтар өзін банк қауіпсіздік қызметкері, полиция немесе құқық қорғаушы ретінде таныстырып:
- "Сіздің шотыңыз бұғатталды" немесе "Атыңызға несие рәсімделді" деп хабарлайды.
- "Қаражатыңызды қорғау үшін" басқа шотқа аударуды сұрайды.
Қорғану тәсілі:
✅ Бейтаныс нөмірден келген қоңырауға сенбеңіз.
✅ Банктің ресми нөміріне, колл-орталықтарына өзіңіз хабарласыңыз.
3. Жалған ұтыстар, сыйлықтар, лотереялар
Адамның көбі оңай олжаға тап болуды армандайды, тілейді. Ал бұл алаяқтар үшін өте тиімді әдіс. Олардан:
• "Сіз iPhone, көлік немесе ақша ұттыңыз" деген хабарлама келеді.
• "Сыйлықты алу үшін алдын ала төлем жасау керек" дейді.
• Бірақ ешқандай сыйлық жоқ.
Қорғану тәсілі:
✅ Егер ешқандай ұтысқа қатыспасаңыз, бұл алаяқтық.
✅ Жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз.
4. Жалған жұмыс пен инвестициялық ұсыныстар
- Үйде отырып, жоғары жалақы табуға шақырады.
- "Бастапқы жарна" немесе "инвестиция" жасауды сұрайды.
- Ақша аударған соң, байланыс үзіледі.
Қорғану тәсілі:
✅ "Жеңіл ақша" туралы ұсыныстардың 99%-ы алаяқтық екенін ұмытпаңыз.
✅ Жұмыс берушіні интернеттен зерттеңіз. Парақшаларында комментарийлерді оқыңыз. Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салық аударымдарын тексеруге болады.
Алаяқтардың психологиялық айла-тәсілдері
- Эмоцияға әсер ету: "Қазір ақша салсаңыз, табысыңыз 10 есе көбейеді!"
- Асықтыру: "Тек 10 минут ішінде ғана бұл жеңілдік бар!"
- Қауіп төндіру: "Егер дереу төлем жасамасаңыз, шотыңыз бұғатталады!"
- Сенімді тұлға рөлін ойнау: "Мен банктен хабарласып тұрмын, дереу SMS-кодыңызды жіберіңіз!"
- Байқасаңыз, олардың айла-тәсілдері таза манипуляция. Ақпаратты тексермей ештеңеге сенбеңіз!
Алаяқтардан қорғанудың алтын қағидалары
✅ Телефон алаяқтары көбіне қазақ тілін білмейді.
✅ Жеке деректерді құпия ұстаңыз, картаның CVV-кодын, SMS-кодты ешкімге айтпаңыз. Банк қызметкерлері ешқашан SMS-код сұрамайды.
✅ Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз, белгісіз сайттарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз. Веб-сайтқа деректеріңізді енгізбес бұрын https:// басталуын және құлып белгісін тексеріңіз.
✅ Банктің ресми нөміріне ғана хабарласыңыз, бейтаныс нөмірлерге сенбеңіз.
✅ "Тегін ақша" немесе "сыйлық" уәде етсе сенбеңіз.
✅ Жалған инвестициялардан сақ болыңыз, ақшаны ешқашан белгісіз адамдарға аудармаңыз.
✅ Күмәнді жағдайды дереу хабарлаңыз, 1414 нөміріне немесе полицияға шағымданыңыз.
✅ Сабыр сақтаңыз! Алаяқтар адамдардың қорқынышын, эмоциясын, сенгіштігін пайдаланады. Кез келген күдікті ақпаратты тексеріп, тез шешім қабылдауға асықпаңыз.
Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз...
- Дереу банкіңізге хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз.
- Полицияға арыз беріңіз.
- Жеке деректеріңізді қорғау үшін парольдеріңізді өзгертіңіз.
- Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін осы ақпаратпен бөлісіңіз!
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: