​БАЛАНЫ балабақшаға ЖЫЛАТПАЙ ОҢАЙ үйретудің 4 қадамы

0
863

Ата-анаға кеңес.


​БАЛАНЫ балабақшаға ЖЫЛАТПАЙ ОҢАЙ үйретудің 4 қадамы

Фото: ашық дереккөзден алынды

Балабақша – баланы мектепке дайындайтын мекеме. Психологтардың айтуынша балабақшаға да алдын ала дайындық қажет екен. Неге?

Өйткені баланың балабақшаға үйренуі – стресс және жылаумен бірге жүреді. Десек те баланы стреске түсірмей адаптациядан өткізуге болады. Адаптация әр балада әр түрлі уақыт аралығын қамтиды. Бір бала 10-15 күнде жаңа ортаға үйренсе, кей бала үшін адаптация 2-3 айға созылады.

Баланы да, өзіңізді де мазасыздықтан қорғап, қинамас үшін балабақшаға дайындықты ертерек бастаған абзал. Дайындық мынандай қадамдарынан тұрады.



Бірінші қадам

Баланы көпшілік ортасына үйретуден бастаңыз. Өйткені өзге адамдардан жатырқайтын, анасының қолынан түспей, етегіне жармасып жүретін бүлдіршіннің балабақшаға үйренуі, балалармен ойнауы қиын болады. Таңертең анасынан жылап ажыраса, кешке жылап күтеді. Бұл – бала үшін стресс.

Жалпы бала 8-9 айлығынан бастап отбасы мүшелерін басқа адамдардан ажырата алады. Осы кезде сәбиде жатырқау, бөтен адамнан қорқу сезімі пайда болады.

Сондықтан да баланы 10-12 айлығынан бастап сауда үйлеріндегі ойын-сауық орындарына апарыңыз. Бала өзімен қатарлас бүлдіршіндер ортасында көбірек болғаны дұрыс.

Егер ойын-сауық орындарына баруға мүмкіндік болмаса, аулаңыздағы балалар алаңшасына күніне кемінде екі рет шығарыңыз. Сондай-ақ «ұстама», «жүгірме», «добын өзіне бер», «жерге отырма» деп тыйым салмай, еркіндік беріңіз. Басқа балалардың қолынан ұстауына, ойнауына, былдырлап сөйлесуіне, эмоциясын шығаруына мүмкіндік беріңіз. Бұл бүлдіршінді жатырқамауға, бөтен адамдардан қорықпауға үйретеді.



Екінші қадам

Бала анасының қасында күні бойы (24/7) болса, балабақшаға барғанда ажырауы қиындық тудырады. Ол үшін әр күн анасымен қоштасу ретінде түйіліп, психикасына күш түседі. Бұдан эмоционалды бұзылыстар орын алуы мүмкін.

Сондықтан баланы әр күні бір мезгіл анасыз уақыт өткізуге үйреткен жөн. Алғашқы күндері жарты сағаттан бастаңыз. Кейін уақытты созасыз.

Балаңызды күнде 4-5 сағат атасымен, апасымен, әпкесімен қалдырыңыз. Ал өзіңіз бұл уақытта дүкен аралап, моншаға барып, басқа да жеке шаруаларыңызды тындырып алсаңыз болады.

Өзгемен қалдырарда қоштасудың қызық әдісін ойлап табыңыз. Сонда баланың көңілі бөлініп, жыламай ажырайды.

Психологтар баланы бақшаға әкесі немесе ата-әжесі, я болмаса аға-әпкесі апарғаны дұрыс дейді. Өйткені баланың анасына қарағанда отбасының басқа мүшелерінен ажырауы оңайырақ.

Сонымен қатар психолог мамандар баланың сөмкесіне әрдайым сүйікті ойыншығын салып қоюға кеңес береді. Анасының, өз үйінің иісі сіңген зат баланың қорқынышын сейілтіп, стрестен сақтайды.



Үшінші қадам

Балаға тамақты қасықпен жеуді, горшокқа отыруды, аяқ киімін киюді үйретіңіз. Кіші топтарда бұл іс-әрекеттер тәрбиеші көмегімен орындалғанымен, бала бұның бәрін біліп барғаны өзіңізге жақсы.

Біріншіден, тәрбиешінің бәрі бірдей емес. Әр баланың тамақтанып болғанын асықпай күтіп, үстін былғап, қолмен шашып жегеніне күле қарайтын тәрбиеші аз. Жөргегін уақытылы ауыстырып, жұлқыламай киіндіретіндер де көп емес. Ал асты жұтып үлгермей жатып тәрбиешінің келесі қасықты аузына салуы, ұрсып жұлқылап жөргегін шешу баланың балабақшаға деген қызығушылығын, тәбетін қашырады.

Бала қолына ойыншық ұстап үйренгеннен бастап қасық та ұстай алады, тек үйрету керек. Әрине тамақты қолымен мыжып ойнағаны, қолмен жегені жақсы. Бұл қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған жаттығулармен пара-пар. Алайда балабақшаға баратын бала қасықпен жеуді де үйренуі тиіс.

Бала көргенін істейді, естігенін айтады. Баланы горшокқа отырғызуды да, ойыншықтарын жинауды, киімін киюді де балабақша жасына дейін үйретуге болады.



Төртінші қадам

Баланың иммунитетін көтеруге көңіл бөліңіз. Балабақшаға барған сайын ауырып қала берсе, балаңыз әлсірейді, шаршайды. Егер баланың иммунитеті жоғары болса, ағзасы ауруға қарсы тұра алады.

Иммунитетті көтеру үшін күнде таңертең ұйқыдан тұрған соң және кешке ұйықтар алдында баланың бөлмесін желдетіп, ауасын тазартуға дағдыланыңыз. Далаға жиі шығарыңыз. Қан сараптамасын тапсырып, бала ағзасындағы темір, кальций мөлшерін т.б. тексертіп, дәрігер нұсқауымен дәрумендер беріңіз. Мейлінше құрамы дәруменге бай азықтармен тамақтандырыңыз. Уақытылы тиісті екпелерін салдырыңыз.

Үйде шұлықсыз, жеңіл киіммен жүруге үйретіңіз.

Ж. Смағұлова,
ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Жасөспірімнің АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫ: ата-ана НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Сізге қай мінезіңізді «жөндеу» керек?