Үш ай осы ережелермен өмір сүріп көріңіз.
Фото: youth.europa.eu
"Өмір - қатал", "Өмір - сынақ", "Өмір - күрес" деген сөздерді айналамыздан жиі естиміз. Ал көп естіген сөз шынында да өмірдің қиындығына сендіре бастайды. Ал психологтар ішкі хәлі үйлесім тапқан әрі өз өмірін сүріп жатқан адамға ешнәрсе қиын емес дейді. Ол үшін мәселені шешу де, қат-қабат тірлікті атқарып тастау да оңай екенін айтады. Сонымен бірге ол әр сәттен бақыт таба алады. Ал ішкі хәлді реттеу мен жан тыныштығы мынадай қарапайым ережелерден тұрады екен.
Салыстырма
Әрине, бәсекелестік, салыстыру бар жерде даму болады. Кейбіреу өзгемен өзін салыстыру арқылы алға ұмтылады. Бірақ кейбіреу керісінше өзін жазғырып, өзін-өзі құнсыздандырып, өзіне сенімділігін жоғалтып күйзеліске түседі. Егер өз өміріңді өзгемен салыстыру сені қамшылайтын болса әңгіме бөлек. Ал ол тек көңіл күйіңді түсіретін болса, онда жарыспай-ақ қой. Дұрысы, өзіңді кешегі өзіңмен ғана салыстырып, өз жоспарыңмен асықпай алға қадам жасай бер.
Мол табыс тауып, қос-қос үй алып, шалқып өмір сүруге күш-қуат, қабілет-қарымың жетпесе, өзіңді қинап жанталасудың мәні жоқ. Басыңда баспанаң, түрақты жұмысың болса, қарапайым өмір сүріп те бақытты сезіне аласың. Ол үшін жоқты емес, бар нәрселеріңді сана.
Белгілі үндістандық йог Садхгуру "Жеңіл әрі көңілді өмір сүру үшін жоғарыдан төменге және төменнен жоғарыға қарама. Тіке, тек алға қарасаң, барлығы өз қалпында көрінеді. Бұл бәрін сол қалпында қабылдауға, алға жүруге оңай" дейді. Иә, өмірді қиындатпаудың басты ережесі - өзгертуге келмейтін жағдайды, жарды, жақын адамдарды, балаларыңды сол қалпында қабылдау, жақсы көру.
Араласпа
Ағайын-туысқанмен, көрші-қолаңмен, құрбы-құрдаспен араласу керек. Бірақ олардың отбасылық және жеке өміріне араласпаған жөн. Өміріне араластың ба, онда оның мәселесінің ортасында білек сыбанып жүргеніңді байқамай қаласың. Немесе өз басыңа мәселе тауып аласың. Ойламайын десең де оның өміріндегі мәселесі санаңды жаулап алады да энергияңды сорады. Бұл саған қажет пе?
Жақсылық жасаймын деп уақытыңды, ақшаңды жұмсағаныңмен, соңында өзіңді кінәлі етіп қоюы мүмкін. Ашуланып, жүйкең тозады т.с.с
Біреудің жеке өміріне араласу, тіпті татуластыру мақсатында ерлі-зайыптының ортасына түсу - ешқашан ешкімге жақсы ат әпермеген. Әркімнің өз қалауымен өз өмірін сүруіне кедергі болудан пайда жоқ. Тіпті десең, әке-шешенің де өмір сүру салтын өзгертем деп әуре болудың қажеті шамалы.
"Араласпа" ережесінің екінші нұсқасы - ұнамайтын адаммен араласпау. Әр ортада сөзі де, өзі де көңіліңе кірбің салатын, кемсітіп, мұқатып отыратын адамдар болады. Ондай адам ет жақының болса да алыстан сыйласқан дұрыс.
Айтпа
Ешкімге ақыл айтпа. Пайдалы ақпаратпен, оқыған кітаптарыңмен, білетініңмен бөліс, бірақ ешкімге "Киім ала бергенше ақша жинамайсыңдар ма?", "Кафеден тамақтанғанша сол ақшаға азық-түлік алсаң тиімді ғой", "Курс оқи бергенше, мамандығың бойынша жұмысқа тұрсайшы, "Ауылдағы үйіңді сатып, қалаға көш", "Тағы бір бала туып алсайшы", "Қайынәпкелеріңе мінезіңді көрсетіп қой" деген сияқты ақыл айтудың қажеті жрқ. Қазір онсыз да әлеуметтік желіде ақыл айтып, кеңес беріп жатқан коуч көп. Қалай өмір сүру керектігін үйрететін кітап та жетерлік.
Біреуге ақыл айту оңай болғанымен, ешкім өзіне ақыл айтқанды ұнатпайды. Дұрыс түсінбейтіндер бар. "Не шаруаңыз бар?" десе, көңіл күйің түседі, арада салқындық пайда болады. Сонымен қатар, сөзің мен уақытың зая кетеді. Өйткені біреудің айтқан ақылынан қорытынды шығаратын адам аз.
Екіншіден, біреуге ақыл айтсаң, ол үнемі жеке мәселелерін айтып мұңын шағатын болады. Беймезгіл қоңырау шалып, көмек сұрап, мәселеріне араластырады.
Сондай-ақ дау-дамайсыз, қуыстанбай, қорықпай өмір сүрем десең, ешкімге өсек айтпа.
Өмірді қиындатпаудың басты үш ережесі - осылар. Осы ережелермен үш ай өмір сүріп көрші, өмірді әркім өзі қиындатып жүргенін түсінесің. Уақытты, энергияңды, бүкіл ойыңды тек өзіңе, өз өміріңе арнағанда қиын мәселелерді шешу жеңілдейді әрі бақытты сәттерің көбейеді. Байқап, сынап көріңіз.
Ж. СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
"3-6-9" техникасы - АРМАНЫҢЫЗҒА ТЕЗІРЕК ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ