​Өз-өзіңе МОТИВАЦИЯ беретін супер 2 техника

0
1 542

Ешнәрсеге зауқыңыз соқпай жүрсе, көмекті, шабытты тек өзіңізден іздеңіз.


​Өз-өзіңе МОТИВАЦИЯ беретін супер 2 техника

фото: ашық дереккөзден алынды

Дәптерге арман-мақсатты тізіп жазу қиын болмағанымен, орындау оңай емес екені белгілі. Дегенмен майда қадам болса да алға ұмтыла беру керек дейді жетістігі көп жандар. Рас, кез келген үздіксіз әрекеттің нәтижесі болмай қоймайды. Бұл жеңімпаздар тәжірибесінде дәлелденген.

Әрине, мақсат қою, оған жету қадамдары туралы әлеуметтік желіде жетерлік. Бірақ бағыт-бағдар бар болса да кейде ешнәрсеге қол бармай, жата бергің келеді. Бастаған істі аяқтау қажет екенін білсең де, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, уақыт ағысымен аққанды жөн көресің. "Жақындап қалдың" деп қол бұлғаған арман да қызық болмай қалады. Не істеу керек?

Мұндай жағдайда әркім өз-өзіне мотивация беріп тұрғызуы керек дейді психологтар. Өйткені әркім өзіндегі жалқаулықтың, күйзелістің себебін, қызығушылық неге жоғалғанын өзі ғана біледі.



1-техника

Болашақтағы өзіңізбен сөйлесу, яғни бірнеше жылға алға озып, өзіңізді ой көзімен көресіз. Нақты айтсақ, бес жыл немесе он жылдан кейінгі өзіңізді елестетіп, оның қалай өзгергенін ойша көріп, бұндай жетістікке, өзгеріске қалай жеткенін сұрайсыз. Әңгімелесесіз, сырласасыз.

Әрине алдымен қазіргі шақтағы өзіңіздің өміріңізге шолу жасаңыз. Мысалы, қазіргі жағдайыңыз: жоғары оқу орнын бітірген соң тұрмысқа шықтыңыз. Үш бала туып, декреттік демалыста ұзағырақ отырдыңыз. Үй тірлігі мен балалардың бабынан мамандық бойынша жұмыс істеуге шама болмады. Әйелсіз, анасыз. Бұдан бөлек тағы кім болғыңыз келеді, арманыңыз не?

Мысалы, арманыңыз - жоғары оқу орнында студенттерге сабақ беру, атағы дардай оқытушы болу. Көлік алу. Беделді болу т.б.

Басты арманыңыздан бастайық. Алдымен магистратураны оқу керектігін білесіз. Алайда ақылы оқуға қаржыңыз жоқ. Шешім - жоғары балл жинап, магистратураға мемлекеттік грантпен түсу. Ол үшін ағылшын тіліне жақсылап дайындалуыңыз қажет. Басқа пәндерге де дайындық керек. Мақсат, қажетті материалдар бар, бірақ дайындалмақ боп қолыңызға кітап алсаңыз, ұйқыңыз келеді, ерінесіз.

Ал енді елестетіңізші, егер дәл осы қалпыңызда жүре берсеңіз, бес-он жылдан соң кім боласыз? Не өзгереді? Егер күнде уақыт бөліп, магистратураны оқып алсаңыз ше?..

Сонымен бес жылдан кейінгі арманыңыздағы өзіңізді көз алдыңызда елестетіңіз: қонымды костюм-юбка киген, әдемі, сымбатты, өзіне сенімді, көзінде бақыт нұры бар. Ол қаладағы ең ірі оқу ордасында студенттерге лекция оқып жатыр. Аудиторияда бақылап отырсыз. Өзін-өзі ұстауы өзгерген, ой-өрісі өскен, білімді.

Лекция аяқталған соң оңаша қалып болашақты өзіңізбен сөйлесіңіз.

Ол "Сол кезде магистратурада жоғары балл жинағанның арқасында екі жыл тегін оқыдым және ай сайын стипендия алып отырдым. Стипендиямның бір бөлігін балабақшаға төлеп, бір бөлігін қағаз-қаламға, киіміме жұмсадым. Осылай күніне бір-екі сағат оқуға барып келуге уақыт таптым. Магистратураны бітірген соң университет мені жұмысқа алып қалды. Осындай үлкен ғимаратта қызмет ету арман еді ғой. Арманымды сен орындадың, рақмет саған. Бұл күнде түнде екі-ақ сағат уақытты тұрақты бөліп, үздіксіз дайындықтың нәтижесі. Сен мықтысың!

Егер магистратураның грантына түспегенде, ол кезде ақылы түрде оқи алмас едім ғой. Қазір қайда, не істеп жүрер едім, белгісіз. Бұл жетістік - сенің жеңісің!" деді.

Бес жылдан кейін осылай айтқыңыз келе ме? Олай болса, үздіксіз дайындықтан шаршамаңыз, болашақтағы өзіңіз айтқандай күніне небәрі екі-ақ сағат арнауға қиналмаңыз.

Содан соң он жылдан кейінгі өзіңізбен кездесіңіз. Мәселен, ол магистратурадан соң докторантураның да мемлекеттік грантын жеңіп алып, оқып аяқтағанын, ай сайын қомақты стипендия алғанын айтады. Стипендияны жинап, көлік сатып алғанын айтып, сол көлікке сізді де отырғызады. "Есіңде ме, көлікпен бала-шағаны қыдырту, әр демалыс сайын көлікпен ауылға бару. Ұнататын әуеннің даусын барынша зорайтып қойып, көлік жүргізуді қалап едің. Міне, бұл күнге де жеттік" деп құшақтады деп ойлаңыз. Он жылдан кейінгі сіз педагогикалық ғылымдар докторы атағын алғалы жалақыңыздың ғана емес, дос-жаран мен ағайын-туыс арасында абырой-беделіңіздің де өскенін айтып қуанасыз.

Оңашада отырып, осы көріністі елестетіңіз. Әрине, бұл мысал ретінде Жания деген келіншектің арманындағы өзімен кездесуі делік. Ал сіз өз арманыңызға қарай ойша сюжет құрасыз. Болашақтағы өзіңізбен кездесу мен сөйлесуден кейін міндетті түрде өмірге қызығушылық оянады, қуаттанасыз. Бұл техниканы әркез бойыңызды жалқаулық басқанда орындау керек. Қажетіңізге қарай күнде орындауға да болады.



2-техника

Болашақтағы өзіңізден хат алу. Бес жылдан кейінгі өзіңізден ақыл-кеңес сұрап хат жазыңыз. Неге ешнәрсеге зауқыңыз соқпай жүргенін ашып жазып, сұрақтар қойыңыз. "Не істеуім керек?", "Күш-қуатты қайдан алам?", "Қалай уақыт табам?" т.б. осы секілді өзіңізді толғандырып жүрген сұрақтардың бәрін тізіп шығыңыз.

Араға екі-үш күн салып хатты оқып шығыңыз. Сосын болашақтағы өзіңіздің рөліңізге еніп, сұрақтарға жауап беріңіз. Өз-өзіңізге демеу болатын, шабыт беретін сөздер жазыңыз. Өзіңізді қамшылап орныңыздан тұрғызу үшін болашақтағы өзіңізден алған хатты қайталап оқып жүрген жөн.

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

АБЬЮЗЕР еркектің 7 БЕЛГІСІ

"3-6-9" техникасы - АРМАНЫҢЫЗҒА ТЕЗІРЕК ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ