​Өзіңізді КІНӘЛАЙ БЕРЕСІЗ бе? Одан құтқаратын 3 техника бар

0
1 110

Кінәлі болмайын деп, әркімнің құтқарушысына, құрбанына, банкоматына, бала бағушысына айналуға да болмайды!


​Өзіңізді КІНӘЛАЙ БЕРЕСІЗ бе? Одан құтқаратын 3 техника бар

Өмір болған соң әр түрлі жағдай болады. Кейбір оқиғалар адамда өзін-өзі кінәлау сезімін тудырады. Ал кінәлау сезімінен арылмайынша, іске қол бармайды, күліп жүре де алмайсың. Мысалы:

  • жол апатына түскен көлікте жалғыз өзің аман қалып, қасындағы адамдар көз жұмғанда;
  • ата-анаңның қиналып өмір сүріп жатқанын көргенде;
  • бауырыңның мәселерін естігенде;
  • үнемі ақша сұрайтан жақын адамыңа алғаш рет сұрағанын бермей қойғанда;
  • өз шекараңды қорғамақ боп, құрбыға немесе әріптеске қатты сөз айтуға мәжбүр болғанда;
  • ұнамайтын туыспен байланысты үзгенде;
  • уәдесінде тұрмайтын достың көңілін қалдырып "жоқ" деп айтқанда;
  • біреудің мүлкін бүлдіріп алғанда;

Осы секілді жағдайлардан кейін адамда өзін-өзі кінәлау сезімі пайда болады. Ал бұл сезім үш күннен артық уақытқа созылса ағзада стрестік реакция тудырып, ұйқысыздыққа, депрессияға ұшыратады. Сондықтан да психологтар кінәлау сезімінен тезарада құтылуды немесе оны адекватты рамкада ұстауға үйрену керектігін айтады. Ол үшін мынандай психологиялық техникаларға жүгіну керек.



Жақтау

Жалпы, біреу сізді жақтаса, кәдімгідей еңсеңіз көтеріліп қалады. Ал өзіңізді кінәлау сезімі мазаңызды қашырғанда әлдекімнің сөзіңізді сөйлегенін күтпеңіз. Өз-өзіңізді жақтаңыз.

Есіңізге түсіріңізші, бала кезіңізде бұзықшылық жасасаңыз, ыдысты сындырып қойсаңыз, анаңыз ұрсатын. Жазалап бұрышқа тұрғызып қойғанда, әкеңіз немесе әжеңіз сізді жақтап, "Бала болған соң ондай-ондай болады. Келе ғой, алтыным" деп құшақтайтын. Сол сияқты сіз де өзіңізді өзіңіз жақтауыңыз қажет.

Айнаға қарап "Қателеспейтін адам жоқ. Мен де қателік жасадым. Бірақ не нәрсе болса да мен ең бірінші өзімді таңдаймын. Өзімді жақсы көрем" деп айтыңыз. Кінәлау сезімінен құтылғанша бұл техниканы күнде қайталаңыз.



Ақтап алу

Өз-өзіңді кінәлау сезімі "Дұрыс сөйлемедім", "Қателік істеп қойдым", "Менікі жөн болмады" деген ойлардан кейін де пайда болады.

Осындай ойлардан құтылу үшін өзіңізді қанша пайыз кінәлі санайтыныңызды таразылаңыз. Мысалы, өзіңізді 70 пайыз кінәлі деп тапсаңыз, онда 30 пайыз тағы бір адам кінәлі болғаны. Демек, сіздің қателік жасауыңызға сол 30 пайыз кінәлі адамның да үлесі бар. Яғни, ол жағдайға сіз ғана кінәлі емессіз.

  • Сондай-ақ дәл сол сәтте сіз көп нәрсені білмейтін, тәжірибесі аз маман (келін, ана, жар т.б.) едіңіз, сондықтан да қателестіңіз.
  • "Қанаты бүтін сұңқар жоқ", пенденің бәрі қателеседі.
  • Үндемей ішке жұтып тұншыға беру - зиян. Өзгенің ұнамайтын ісін айтып тастаған дұрыс. Сол кездегі эмоциямен айтылған сөз деп қабылдаңыз. Сол сәтте шығарылған ашу. Барлық адам ашулы кезде ойланбастан сөйлеп қояды.

Осы секілді ойлармен, сөздермен өзіңізді ақтап алыңыз. "Менікі дұрыс" деп өз-өзіңізді көтермелеңіз. Еңсеңізді тіктеңіз. Сонда кінәлау сезімі біртіндеп жоғалады.



Кешірім сұрау және өзіңізді кешіру

Бұл ең тиімді және жылдам әсер ететін техника. Өйткені кешірім сұрау - мойындау. Қателігін мойындаған қылмыскердің жазасы жеңілдейтіні сияқты кешірім сұраған адамның да иығынан ауыр жүк түседі.

Егер өзіңізді ыңғайсыз сезініп жүрсеңіз, ренжіткен адамыңыздан кешірім сұраңыз. Мейлі, оныкі бұрыс, сіздікі дұрыс болса да өз жүрегіңіздің тыныштығы үшін кешірім сұраңыз.

Бір ауыз сөзбен емес, "Кешір, менен мынандай қате кетті..." деп, нақтырақ саралап айтқаныңыз жөн. Оқиғаны қайтадан еске түсіріп, "Сенің жаныңды ауыртқаным үшін, қатты сөз айтып жаныңды жаралағаным үшін кешірім сұраймын" десеңіз, кінәлау сезімінен тез арыласыз.

Егер материалдық шығын келтірсеңіз, өтеңіз. Ал психологиялық тұрғыда болса, шын көңілмен кешірім сұрап, өкінетініңізді білдіріңіз.

Сондай-ақ міндетті түрде өзіңізді де кешіріңіз. "Мен осындай-осындай қателік жасағаным үшін өзімді кешірдім. Бұл жағдайдан сабақ алдым. Болашақта бұл қателікті қайталамаймын. Өзімнен кешірім сұраймын және алға жылжуға өзіме рұқсат берем" деп, жеңілдікті сезінгенше күнде бір-екі рет қайталаңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ағайынның үйінде жүріп оқитын студентке 6 ақыл

Бай болуға кедергі келтіретін 7 әдет