ҰЙҚЫ өте маңызды! Оны бұзуға сәбиіңізден басқа ешкімнің құқы жоқ!

0
7 769

Табиғатта күн мен түннің теңелетін уақыты – 22-наурыз екенін кіші де, үлкен де жақсы біледі. Ал, осы теңесу күнінен бір апта бұрын барлық елде ұйқы күні аталып өтетінін білесіз бе? Биыл бүкіләлемдік бұл атаулы күн – 15 наурыз. Дәл бүгін біз ұйқы туралы сіз білмейтін қызықты және пайдалы мәліметтермен бөлісеміз. Ұйықтамас бұрын оқып шығыңыз!


ҰЙҚЫ өте маңызды! Оны бұзуға сәбиіңізден басқа ешкімнің құқы жоқ!

Бұрынғы даналар «ұйқы – ДҰШПАН», «ұйқы – АРСЫЗ» десе, бүгінгі ғалымдар «ұйқы – ТАБИҒИ ЕМ» дейді. Екі пікір де дұрыс! Бұрынғы ілім иелері көп ұйықтаудың, ал бүгінгі медицина мамандары аз ұйықтаудың денсаулыққа зиянын меңзейді. Айтпағы – бір. Түйіні – шек, шекара, баланс.

Осы орайда «сонда күніне қанша уақыт ұйықтаған жөн?», «қай уақытта ұйықтаған дұрыс?», «ұйқы келмесе не істеу керек?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Көптің көкейіндегі мұндай сауалдарға медицина және басқа да мамандардың тұжырымдарына сүйене отырып жауап іздеп көрейік.


НЕ ҮШІН ұйықтаймыз?

Бұл жер бетіндегі барлық тіршілікке тән физиологиялық жағдай. Ғалымдардың том-том кітаптарын аз сөзге сыйдырып айтсақ, ағзаның күш-қуаты таусыла бастағанда ол автоматты түрде ұйқыға кетеді. Осы кезде барлық ағза мүшелері сыртқы ортамен байланысын уақытша үзеді де жөндеу, түзеу, тазалау, қуат беру жұмыстарына кіріседі. Мысалы:

  • сағат 22-де қан құрамында лейкоциттер көбейіп, иммундық жүйе күшейеді. Яғни, ағзаның қорғаныс қабілеті адам ұйықтап жатқанда оны өз қорғанына алады. Дене температурасы мен қан қысымының төмендегенін басқа мүшелерге хабарлап, «іске кірісе беруге» рұқсат береді.
  • сағат 23-те ағзаның барлық жасушасында қайта қалпына келу процесі жүреді. Өсу мен қуаныш гормоны бөлінеді.
  • сағат 24-те ми күні бойы қабылданған мың сан ақпараттың барлығын тексеріп, қажетсізін есте сақтау орталығынан өшіріп, пайдалысын қалдырып реттейді.
  • сағат 01-де бауырдың тазалау жұмысына кедергі келтірмес үшін, өсу мен қуаныш гормоны бөлінуін тоқтатып, басқа да мүшелер тыныштықты сақтайды. Өйткені, бауырдың жұмысы ауыр және ол улы токсиндер ортасында жұміс істеуі үшін оған ұзақ уақыт қажет. Ол сағат 1-ден 3-ке дейін тынбайды. Күні бойы асқазан қабылдаған шай, кофе, тәтті ссуындар мен тағамдарды біртіндеп тексерістен өткізіп, токсиндерді, зиянды заттарды, шектен артық май мен тұзды қоқыс қабына салып дайындайды.
  • сағат 03-те: бауыр жұмысын аяқтап, бүкіл ағза тынығады.
  • сағат 6-да: бүйрекүсті безі қан құрамына адреналин мен норадреналин гормондарын бөліп, соның нәтижесінде артериальды қысым күшейеді де ол жүрек соғысын жиілетеді. Осының салдарынан ағзада ояну процесі жүре бастайды.
  • сағат 7-де: Иммундық жүйе тағы да жоғарылап, ол бүкіл ағзаны бір тексеріп шығады «ояна беріңдер» деп хабарлайды.

Ағзада осындай қайта қалпына келтіру, қуаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүруі үшін тыныштық қажет. Яғни, көз бен көңілден де, ауыздан да ешнәрсе қабылданбауы керек. Ал, сыртқы ортамен байланыс тек ұйқы кезінде ғана үзіледі.

КЕҢЕС: Ағзаның қайта қалпына келтіру жұмысына кедергі болмау үшін сағат 22-де ұйықтап, таңертең сағат 7-де тұруға дағдыланыңыз!


НЕГЕ «ұйқы күні» белгіленді?


Ұйқы кезіндегі ағзадағы жұмысты қуат арттыратын ешқандай дәрі-дәрмек алмастыра алмайды. Медицина ғалымдарының көпжылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тіпті ем адам ұйықтап жатқанда жылдамырақ жүретіні де анықталған.

Дұрыс ұйқы арқылы көптеген аурудың алдын алып, өмір сапасын жақсартуға болатынына көз жеткізген ғалымдар «ұйқының маңыздылығы насихатталып отыруы тиіс» деген тұжырымға келді. Халықаралық медицина ассоциациясының қолдауымен ұйқының денсаулыққа пайдасын насихаттау мақсатында көктемнің алғашқы айында «ұйқы күнін» атап өту бекітілді. Атаулы мереке алғаш рет 2008 жылы 14-наурызда аталып өтті. Содан бері жыл сайын наурыз айында барлық елдің медициналық мекемелерінде ұйқының маңыздылығы жөнінде ақпарат кеңінен таратылып, насихатталып келеді.

Алайда «ағза үшін пайдалы деп күні бойы ұйықтай беруге болады» деп қателеспеңіз. Күндізгі ұйқы жүйкеңізді тыныштандырғанымен, ағзада қалпына келтіру, тазалау жұмыстары тек түнгі ұйқы кезінде ғана іске асады. Және ағзаға өте қажетті гормондардың кейбірі де тек түнгі ұйқы уақытында бөлінеді.


ҚАНША уақыт ұйықтаған жөн?

Адамның күш қуаты қалпына келуі үшін 8 сағат уақыт жеткілікті екен. Әрине, жас ерекшелігіне қарай 2-3 сағат айырмашылық бар.

1-5 жаста

5-12 жаста

12-18 жаста

18-45 жаста

46-120 жаста

13-15 сағат

10-13 сағат

8,5-10 сағат

7-8,5 сағат

6-8 сағат

Ұйқының қанбауы да, тым көп уақыт ұйықтау да ағзаға зиянды. Сондықтан мамандар өлшеп берген уақыттан аз да, көп те ұйықтамаңыз!


Ұйқы ережесі ҚАНДАЙ?

Ұйқы қанбаса, уақытылы ұйықтамау ағза жұмысында бұзылыстарға, түрлі дерттің пайда болуына себеп болатынын айттық. Ал, ұйқы келмесе не істеу керек?

Ұйқысыздық ұйқы тәртібін білмегендіктен мазалайды. Олай болса, ұйқы ережесін сақтаңыз. Ұйықтардан:

  • 2 сағат бұрын тамақтануды тоқтатыңыз.
  • 1 сағат бұрын жарық (көгілдір сәуле) бөлетін теледидар, смартфон, планшет құрылғыларын өшіріңіз.
  • 1 сағат бұрын фильм, телебағдарлама көруді, кітап оқуды доғарыңыз.
  • дәрі, биологиялық белсенді қоспалар 1 сағат бұрын ішуге рұқсат етіледі.
  • душты төсекке жатар кезде емес, ұйықтардан 1 сағат бұрын қабылдаған жөн.
  • 15 минут бұрын терезені ашып, бөлмені желдетіп алыңыз.
  • 2 сағат бұрын жаман ойларды «қуыңыз».

Бұл ережелер көмектеспесе, онда невролог, психотерапевт мамандарынан кеңес алыңыз.

Осылай дейді арнайы мамандар. Ал, мен «Дертсіз ұзақ өмір сүргіңіз келсе, ұйқыдан 2 сағат бұрын смартфоныңызды өшіріп тастаңыз» деп кеңес беремін. Сонда ешкім де, ештеңе де алаңдатпайды.


Есте ұстаңыз: Түнгі ұйқыңызды төрт бөлуге сәбиіңізден басқа ешкімнің құқы жоқ.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз...


Неге бұларды түнде істеуге БОЛМАЙДЫ?


Мәселеңізді шеше алмай жүрсеңіз, «Хоопонопоно» әдісін қолданып көріңіз

Хат жаздым саған, жете алмасын білсем де...