«Жайлы аймақтан» шықпасаңыз, ешнәрсе, ешқашан өзгермейді.
фото: sun6-21.userapi.com
Мотивациялық, бизнес бағытындағы қай кітапты оқысаңыз да, коуч-тренерлерді тыңдасаңыз да бәрі де ең бірінші «Жайлы аймақтан шық» деп кеңес береді. Өйткені бұл – өмірді, өзіңізді оң өзгеріске, дамуға бастайтын бір ғана жол.
«Жайлы аймақ» деген не? Одан қалай оңай шығуға болады? Дайын инструкциясы бар ма?
Бұл сұрақтар сізді де ойландырып жүрген болар. Ендеше, осы туралы психологтардың кітаптардан сығып жинаған «сөлін», яғни ең маңызды кеңестерін ұсынамыз. Ал сіз орындаңыз!
Жайлы аймақ деген не?
Барлық адамның жайлы аймағы бар. Ол жерде ол өзін қауіпсіз сезінеді, жаны тыныш. Күнде қайталанатын үйреншікті істер. Әр күнгі бағыты да, мінетін автобусы да да – бір. Мысалы, жұмыс-үй-жұмыс. Я болмаса, біреуде жайлы аймақ – тұрып жатқан үйі болуы мүмкін. Ешқайда бармайды, қонақ шақырмайды, көрішлерімен араласпайды.
«Жайлы аймақты» әрқалай сипаттауға болады. Әркім өзінің «жайлы аймағын» біледі. Бірақ ол аймақтан шықпайынша, ешнәрсе өзгермейтінін білетіндер аз. Шығыңыз жалықтыратын, қызықсыз, бірсыдырғы аймақтан. Өйткені, адамның тәжірибесін көбейтетін, білімін арттыратын, жан-жақты дамытатын ең басты бағыт – жайлы аймақтан шығу. Бірақ одан адам өзі түсініп, шығуы керек. Сонда ғана оның пайдасын біледі және стрессіз шыға алады. Демек, сізге ең бірінші жайлы аймақтан шығудың пайдасын саралау қажет.
1. Пайдасын анықтаңыз
Жаңа іс бастарда, жұмысты ауыстырарда кез келген адам оның пайдасын ойлайды. Қазіргі жұмысымен салыстырады. Дәл сол сияқты «жайлы аймақтан» шығу үшін оның қазіргі өміріңізбен салыстырыңыз және пайдасын зерделеңіз.
Ол үшін өзіңізге сұрақ қойыңыз. Қазір қай жердесіз: қызметтегі дәрежеңіз, достар арасындағы орныңыз, материалдық жағдайыңыз, сырт көрінісіңіз, сауатыңыз т.б.
Анықтадыңыз ба? Ал жайлық аймақтан шықсаңыз орныңыз қайда болар еді деп ойлайсыз? Өміріңізде қандай өзгерістер болады? Жаныңызға үңіліңізші, ол неден, қайдан кеткісі келеді? Жазыңыз!
Бұның бәрі «жайлы аймақтан» шыққаннан соң орындалады. «Жайлы аймақтан» шығудың пайдасын білдіңіз бе? Бұл сізге мотивация береді. Ал мотивация кез келген қиын істі жеңілдетеді, күш-қуат береді.
2. Өзгерісті бастаңыз
Өзгерісті жылдам бастап кеткен жөн. Әрине, қарапайым нәрселерді өзгертуден бастау да жеткілікті. Мысалы, жиһаздардың орнын, асүйдегі дастарханды ауыстырыңыз. Шайды қорапта сақтаулы тұрған жаңа шәйнекке демдеңіз. Еден жуатын шүберекті жаңалаңыз.
Имиджіңізді өзгерту де соншалықты қиын емес. Немесе үнемі джинсы шалбар киетін болсаңыз, классикалық шалбарға көшіңіз.
Тым болмағанда тамақтанатын орынды өзгертіңіз. Мысалы, асүйде шай ішетін болсаңыз, кешкі асты қонақ бөлмеде ішуге дағдыланыңыз. Тырнағыңыздың түсін өзгертіңіз. Қоқысты таңертең емес, түнде шығаруға дағдыланыңыз. Тіпті ұйықтайтын уақытты, таңғы ас мәзірін өзгертуге де болады.
Осындай ұсақ-түйек өзгерістер көңіл күйді өзгертеді. Ал эмоция «жайлы аймақтан» шығу үшін өте қажет. Есте ұстаңыз, жақсы эмоция да, жағымсыз эмоция да бұл орайда керек. Эмоцияның көмегімен «жайлы аймақтан» шығу жеңілірек болады.
3. Конфликтіден қашпаңыз
Үнемі бірқалыпты көңіл күйде жүру біртіндеп эмоцияны жояды екен. Ал эмоция жоқ жерде әрекет, қозғалыс, алға ұмтылыс, өзгеріске қадам болмайды. Адам түрлі эмоцияны бастан кешіргенде ғана өзгерісті, өсуді ойлайды. Сондықтан әр нәрсеге өз ойыңызды айтып, көзқарасыңызды білдіруді үйреніңіз. Бұл эмоцияны өзгертудің бір жолы.
Көбіне тыныштық керек, «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп, үйде де, түзде де шетте қалғанды жөн көретін шығарсыз. Мысалы, көршіңіз қоқысын үнемі ауладағы отырғыштың қасына қойып кетеді делік. «Маған зияны жоқ қой. Басқалар айтсын. Ренжітпей-ақ қояйын» деп жүре беретін шығарсыз. Бұдан былай ауланы ластап жатқандарды көрсеңіз, үнсіз қалмаңыз.
Туысқаныңыздың студент баласы үйіңізде тұрып жатыр дейік. Әжетхананың жарығын жағулы күйінде қалдырып кете береді. Ескерту айтсаңыз дұрыс түсінбей қалады дерсіз. Немесе ата-анасына айтса, қарым-қатынас бұзылады деп ойлайсыз.
Байқасаңыз, конфликтіден қашу да – жайлы аймақтан шықпаудың бір сылтауы.
«Жайлы аймақтан» шығу үшін өзіңіздің жеке шекараңызға, өміріңізге қатысты мәселелерге байланысты конфликтіден қашпаңыз. Үйіңіздің айналасында болып жатқан жағдайларға да бей-жай қарамаңыз. Ненің ұнамайтынын айналаңыздағы адамдарға ескертіп, айтып жүріңіз.
Бұның тағы бір пайдасы – өзіңізге деген сенімділікті арттырады, қорқыныштарыңызды жояды.
4. Неден қорқатыныңызды біліңіз
Адамның өмірі қорқыныштарын жойғаннан соң да өзгереді. Тіпті бұл мінезді, ойды да өзгерте алады.
«Жайлы аймақтан» шыққысы келмейтіндерде қорқыныш бар дейді психологтар. Мысалы, біреу үшін өз үйі жайлы аймағы. Ол жерде ешкім оны мазаламайды, ыңғайлы киіммен еркін жүреді. Далаға шықса тәуір киім кию керек, көршілерімен амандасуы қажет, танысын көріп қалса айтар жаңалығы жоқ т.б.
Ал екінші біреу үшін бойдақтық өмірі – жайлы аймақ. Үйленсе мәселенің көбейіп кетуінен қорқады. Бойдақтар «осы күніме зар боп қалмаймын ба?» деп қорқады. Немесе «Ойымдағыдай болмаса ше?», «Ұнамайсың десе ше...» деп, жаңа таныстықтың қалай аяқталатынан қорқады.
Үшінші адам үшін жалақысы аз болса да жұмыс орны жайлы аймақ. Жалақысы екі есе көп жұмыстардан ұсыныс түсіп жатса да ол бармайды. Өйткені ол жақта ұжымы қандай болатыны белгісіз. Белгісіздіктен, жұмыс көлемінің артуынан қорқады.
Ал сіз неден қорқасыз? «Мен неден қорқамын?» деп өзіңізден жиі сұраңыз, жауабын табасыз. Қорқыныштарыңызды зерттеңіз, анықтаңыз. Қорқынышыңызбен күресіңіз. Сонда «жайлы аймақтан» қалай оңай шыққаныңызды өзіңіз байқамай да қаласыз.
5. Шешіміңізді кейінге қалдырмаңыз
Адамды «жайлы аймақтан» шығармайтын бір әдет бар: ұзақ ойлану, шешім қабылдауды кейінге қалдыра беру, таңдау жасай алмау. Созбалақтамай, тез әрі нақты шешім шығаруды үйреніңіз. Мейлі ол дұрыс болсын, бұрыс болсын, бастысы бір шешім қабылдаңыз. Ол үшін сізге екіұшты («көреміз», «білмеймін», «солай-ау», «мүмкін» т.б.) сөздерді өзгертіп, әр істі уақытпен жоспарлаңыз.
Бұл сөздерді қолданбаңыз | Қолданыңыз | Жоспарға қосыңыз |
Қолымнан келмейді | Істеп көремін | Дата |
Істегім келмейді | Тырысамын | Сандар |
Үміттенемін | Сенемін | Мекенжай |
Армандаймын | Аламын | Уақыт |
Қалаймын | Сұраймын | Орын |
Ойлану керек | Нақты шешімімді айту керек | Ат, атаулар |
Білмеймін | Жоқ (немесе иә) | Мөлшер |
6. Жұмысыңызды көбейтіңіз
Ол үшін әр күнді алдын ала жоспарлап отыру қажет. Атқарылуы тиіс жұмыстарды көбейтіңіз. Жаңа әдет қалыптастырыңыз, жаңа нәрсе үйреніңіз. Сіз осылай әр сағатыңызды пайдалы ете аласыз.
Әрине, жаңа білім миыңызға қонбай қиналарсыз. Таңертең жүгіру, кешке тамақ жемеу ұнамайтын шығар. Бірақ белгілі бизнес-тренер Брайан Трейси айтпақшы, «Ыңғайсыз, жайсыз жағдайлар және жаңа нәрсені орындап көру ғана адамды өсіреді, өзгертеді».
7. Ұнамайтын әдеттерден арылыңыз
Әр адамның өзіне ұнамайтын әдеттері болады. Мысалы, түнде ұйықтайтын кезде кофе ішу, таңертең ояна салып темекі тарту, түн ортасына дейін кино көру, ақ шашты жұлу, киімін шешкен жеріне тастап кету т.б.
Жаман, жағымсыз әдеттеріңізді тізіп жазыңыз да шетінен бастап олардан арылуға кірісіңіз. Ол үшін өзіңізді бақылауға алыңыз. Әдеттеріңізді өзгерту «жайлы аймақтан» шығуға итермелейді.
Бұл 7 қадам «жайлы аймақтан» оңай шығуға жәрдемдеседі. Егер кежегеңіз кейін тарта бастаса, американдық актер, жазушы Нил Доналд Уолштың «Жайлы аймақ аяқталған жерден өмір басталады» деген сөзді еске алыңыз. Дәл қазір осы сөзді дауыстап айтыңыз да, алғашқы қадамды бастаңыз.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
ЖАБЫРҚАЙТЫН МЕЗГІЛ ЕМЕС: Күзді көңілді өткізудің 5 жолы