«Жақсы әйел» болуға тырыса бермеңіз! НЕГЕ?

0
36 665

Әрбір әйел оқуы тиіс.


«Жақсы әйел» болуға тырыса бермеңіз! НЕГЕ?

Кез келген әйел бақытты әрі ұзақ өмір сүргісі келеді. Ол үшін әйел көп нәрсені қажет етпейді. Қарапайым қалау-тілектерінен-ақ ол бақыт таба алады.

Мысалы, әйелдердің де өз хоббиі бар, ол да үй шаруасынан бір ауық босап сүйікті ісімен айналысқысы келеді. Күні бойы үйде болғанымен, жексенбі күні ол да әдемі демалысты аңсайды. Ол да өзін еркелеткенді, мақтағанды, жұбатқанды, аялағанды ұнатады. Расында да, өте қарапайым қалау, кішкентай тілек. Бірақ та, әйелдің бәрінің бұл арман-тілегі орындалып жатыр ма? ЖОҚ!


Қандай әйелдің қалауы орындалмайды? Сенесіз бе, психологтардың айтуынша, көбінесе «тым жақсы» әйелдердің арман-тілегі орындалусыз қалады екен. Сондай-ақ, күйеуі тастап кететін әйелдердің басым бөлігі «жақсы әйелдер», күйдіріп жататын ұл-қыздардың көбісі «жақсы әйелдердің» балалары... НЕГЕ?


ҚАТЕЛІКТЕРІ ҚАЙСЫ?

  • ОЛ отбасының барлық жүгін өзі арқалайды

Елестетіңізші: Түнімен беймаза балаңызды тербетіп, ұйықтай алмадыңыз. Қатты шаршасаңыз, қан қысымыңыздың төмендеп кететін әдеті бар. Таңертең тым болмаса бір сағат көз іліп тынығып алмақшы едіңіз, 7-сыныпта оқитын ұлыңыз бас жағыңызға келіп, «Мама, неге көйлегімді түнде үттіктеп қоймағансыз? Бүгін алғашқы қоңырау ғой» деп жыларман болды.

Айна алдында тұрған күйеуіңіз «Жата бермей тұршы. Біз кеткен соң ұйықтамағанда не істейсің? Мынаны байлап берші» деп, галстугын бір тағып, бір шешіп ашуланды.

Осы кезде асүйден студент қызыңыздың «Бүгін таңғы ас ішпейміз-ау деймін» деген даусы естілді. Сол-ақ екен, бесіктегі нәрестеңіз шырылдап жылап қоя берді. Басыңыз ауырып, әліңіз құрып төсектен әрең көтерілдіңіз. Ары қарай не істейсіз?


КЕҢЕС: Ешнәрсе істемеңіз, істетіңіз! «Екі-үш күннен бері ауырып әрең жүргенімді байқамадыңдар ма? Ауырып жатырмын» деп дауысыңызды қаттырақ шығарып айтыңыз. Содан соң «Ініңді жұбат» деп, ұлыңызға бесік тербетіңіз де, қызыңызға «Кеше киімдеріңді үттіктегенде ініңнің де ақ көйлегіне үтік баса салсаң не кетер еді? Үтікте ініңнің көйлегін» деп бұйырыңыз. Ал, күйеуіңізді бір кесе су әкелуге асүйге жұмсап, бас аурудың дәрісін ішіп тынығып жатыңыз.

Қашанғы бәрінің қамын ойлап өзіңізді құрбан ете бермексіз? «Жақсы әйел» боламын дегеніңізден не ұттыңыз? Айтыңызшы, сіздің түн ұйқыңызды төрт бөліп ұйықтай алмағаныңызды қайсысы түсінді? Түнімен жылап, таңға жақын ғана ұйықтаған бесіктегі бала оянып кетпесін деп қайсысы сыбырлап немесе жай сөйледі? Екі-үш күннен бері ауырып жүргеніңізді қайсысы байқап жаны ашыды? Біреуі «Қай жерің ауырып жатыр? Қандай дәрі керек?» деді ме?

Осы уақытқа дейін ауырғаныңызды да, шаршағаныңызды да сездірмегендіктен, олар сізді ешқашан ауырмайды, шаршамайды деп ойлайды. Жетер, сіз робот емессіз ғой.

Мазаңыз болмай тұрса айтыңыз. Күйеуіңізді, ұл-қызыңызды дәріге жұмсаңыз, сонда сіздің де ет пен сүйектен жаралғаныңызды, ауыратыныңызды білетін болады.

Шаршасаңыз тынығып демалыңыз. Сонда әркім өз шайын қойып ішуді үйренеді.

Алғашқы қоңырауға бармағаны үшін ешкімді мектептен шығарып жібермейді. Галстук тақпай барғаны үшін күйеуіңізді кеңсеге кіргізбей қоймас. Таңғы ас ішпегеннен ешкім өлген емес. Ал, қан қысымының кенеттен төмендеп кеткенінен және тым жоғарылағанынан өлгендер көп.


Ойлап көріңізші: ауырып тұрсаңыз да сүйретіліп жүріп бәрінің айтқанын орындап, біреуін жұмысқа, екеуін оқуға шығарып салдыңыз да кеп құладыңыз. Сол жерде жан тапсырдыңыз делік.

18 жастан асқан қызыңыз еркелігін жинастырып, тамақ істеуді үйренуге мәжбүр болады. Күйеуіңіз амал жоқ галстук байлауды үйренеді, ал ұлыңыз өз киімдерін өзі үттіктеуді...

Олай болса, бірінші орынға өз денсаулығыңызды қоюды үйреніңіз. Ауыра қалсаңыз, уақытты созып жүре бермей, медициналық тексеруден өтіп, қажетті емді қабылдаңыз. Ауруханада жатсаңыз да, өліп қалсаңыз да күйеуіңіз бен балаларыңыз өз күндерін өздері көре алады.


  • ОЛ ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейді

«Жақсы әйел» жұрттың «пәленшенің әйелі...», «пәленшенің анасы...», «пәленшенің келіні...» деген жаман аттың телінгенін қаламайды. Сондықтан да, күйеуінің бүкіл туысқаны мен достарына ұнауға, мінсіз боп көрінуге тырысады.

Қай ағайын-туыстың үйінде той-жиын болады, соның үйінде дайындық қамымен тіпті түнімен екі-үш күн ұйықтамай жүре береді. Қайынсіңлісінің туған күнінде жалғыз өзі-ақ түнімен 100 самсаны пісіріп тастап, ертеңіне тынымсыз қонақ күтіп шапқылап жүре алады.

Қат-қабат жұмыстан шаршап-шалдығып жексенбіге жеттім-ау дегенде, қолы бос құрбысы телефон соғып бірге дүкен базар аралауға немесе банка жабысуға шақырады. «Жақсы әйел» оған «жоқ» деп айта алмайды. Өйткені, ол ешкімнің көңілін қалдырғысы да, ренжіткісі де келмейді.


Есте ұстаңыз: Жұрттың ой-пікірі сізді уайымдатпасын. Барлық адамға ұнау мүмкін емес. Пісірген самсаңыз қонақтың 10-ына ұнаса, екеуі салмасының аз болғанын не тұзының кем болғанын міндетті түрде айтады. Иіліп жастық болып, әрдайым күліп қарсы алсаңыз да әйтеуір жақтырмайтын бір пенде табылады. Бұл рас.

Күні бойы уақытыңызды арнап, ауыр сөмкесін көтеріскеніңізбен, қоштасарда артықтау айтқан бір ауыз сөзіңізді көтере алмай қалатындар бар. Сондықтан, барлық адамға ұнауға тырысуды доғарыңыз. Барлық адамға ұнайтын ақша емессіз, сіз – адамсыз!


КЕҢЕС: Өзгені ренжітуден, уақытыңыз, мазаңыз болмай тұрса «жоқ» деп айтудан қорықпаңыз. Ал, ренжітіп алсаңыз «бекер олай еттім-ау...» деп өзіңізді жазғырып, күш-қуатыңызды сарп етпеңіз.

Сізді де ренжітетіндер бар ғой, бірақ түсіністікпен қарап, ол адамның орнына өзіңізді қойып көріп ерте ме, кеш пе ренішіңізді ұмытасыз. Түсінігі болса, ол да кешіріп татуласар.

Балдай тәтті қарым-қатынас еш жерде жоқ, тек түсіністік бар. Егер, кешірмесе ақталып та әуре болмаңыз. Сіз ақталып, өзіңіздің кінәсіз екеніңізге көзін жеткіземін деп, бұрыс ойыңыздың болмағанын айтып, көңіліңіздің таза екенін дәлелдеймін деп жүргеніңізде қаншама уақытыңыз бен жүйке жасушаларыңыз шығындалады. Сондай-ақ, «жоқ» деп айта алмай өзгенің қалауын орындап жүргенде, өз қалау, тілектеріңіз орындалусыз қалады. Бос уақытыңызды өзіңізге арнаңыз.


  • ОЛ өте кешірімді және көнбіс

Қазақта «Жұмсақ адам жұртқа жем, жұмсақ ағаш құртқа жем» деген сөз бар. Кешірімді болған дұрыс, бірақ тым жұмсақтық таныта бермеңіз. Ұл мен қыздың да, күйеудің де қателіктеріне үнемі көз жұма беруге болмайды. Пікіріңізді, эмоцияларыңызды іште сақтай бермеңіз.

Иә, аяйтын шығарсыз. Бұл әйелдердің ең көп жіберетін қателігі. Балаңызды аяп, тәрбиеде жұмсақ боларсыз, күйеуіңізді аяп, оның қарыздарын өзіңіз төлерсіз. Бірақ, дәл осылай жұмсақтық таныта берсеңіз, олар салғырт, уайымсыз жалқауға айналады. Кейін жұмыссыз жалқау күйеуді ғана емес, қолынан іс келмейтін бос-болбыр ұлды да, оның отбасын да өзіңіз асырайтын боласыз.

Сондықтан да, тым кешірімшіл болмаңыз. Әрине, кейбір қателіктерді елемеуге, кейбір ақымақтыққа байқамаған сыңай танытуға, кей әлсіздікке кешіріммен қарауға да болады. Бірақ, қайта-қайта кешіре беруге болмайтын да қателіктер бар және жұмсақтығыңызды пайдаланып, есіріп ессіздікке баратындар да жоқ емес.

КЕҢЕС: Қателігін айтыңыз. Ескертіңіз. Түзеуге, түзелуге мүмкіндік беріңіз, бірақ шыдай бермеңіз.

Есі кірген балаңыз өз көз жасын өзі сүртіп үйренсін, жығылса өзін-өзі демесін. Жалпақтай бермеңіз. Қашанғы оларға кешіріммен қарап, қалауларын орындай бересіз? Сіздің қалауыңызды кім орындайды? Сізді кім аяп жатыр?

Есте ұстаңыз: Күйеуге де, ұл-қызға да шектен тыс аяушылық пен жұмсақтық таныта беруді доғармасаңыз, өмір сізді аямайды.


Әйелдің өз денсаулығын, өмірін, арман-мақсаттарын, қалау-тілегін, тіпті өзін ұмыттыратын басты үш қателігі осы. Ал, айта берсек, «жақсы» боламын деп, әйелдің өз өмірін қиындатып, мәселесін көбейтетін осы секілді қателіктері көп.


Тым «жақсы әйел» болуға тырыса беруді доғарыңыз. «Золушка» синдромынан бақыт тапқан әйел аз. Дұрысы, «жақсы әйел» емес, «ақылды әйел» болуға тырысыңыз. Сонда өмірдегі қиындықтарыңыз азаяр...

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сіздің бақытсыздығыңыздың себебі ОСЫНДА жатыр


Еркексің бе? Онда бұл НӘРСЕҢ үнемі ОЯУ болсын!