Жас маман қандай қателіктерден аулақ болуы керек?

0
5 426

Жаңа жұмыс орнында ең басты осындай қателіктерден аулақ болсаңыз, қабілет-қарымыңызды, біліміңізді көрсетуге, қызметте сатылап жоғарылауға ешнәрсе кедергі бола қоймас.


Жас маман қандай қателіктерден аулақ болуы керек?

фото: irbito.ru

Дәл қазір біреу жаңа оқу жылына, тағы біреу студенттік өмірге дайындалып жатса, кеше ғана қолына диплом алған жас маман алғашқы жұмыс күніне дайындық үстінде болса керек. Жас маман жаңа ұжымға барғанда неден аулақ болғаны жөн?

1-КЕҢЕС: Киімге қарап қарсы алады!

Ең алдымен киім кодексін, яғни дресс-код ережелерін білген дұрыс. Сіз қай салаға, қандай жұмысқа орналаспақшысыз? Соған қарай киіміңізді дайындаңыз. Ол үшін «не киемін?» деп көп ойланудың қажеті жоқ. Қай мекемеге, қандай қызметке орналассаңыз да ең дұрысы – ақ пен қара. Яғни, ақ көйлек, қара шалбар (белдемше) немесе сарафан. Қара түсті аяқ киім мен сөмке.

Ашық-шашық киінуден, алба-жұлба шалбардан, біз өкше туфлиден, салпыншақ сырғадан және баттастырып боянудан аулақ болыңыз.

2-КЕҢЕС: Сәлем – сөздің анасы!

«Кабинетке кім кейін кіреді, сол бірінші сәлемдесуі керек» деген ережені білетін шығарсыз. Бұл ұжымға сіз – жаңа қызметкерсіз, сондықтан жасы кішімен де, күзетшімен, еден жуушымен де бірінші сәлемдесуге міндеттісіз.

Лауазымына, жасына қарап сәлемдесуден аулақ болыңыз. Барлық адаммен бірдей сәлеміңіз түзу, жүзіңіз жылы болсын.

3-КЕҢЕС: Тәрбиелі – тәртіптің құлы!

Әр үйдің өз тәртібі болатыны секілді, әр мекеменің де өз ішкі заңы мен тәртіп қағидалары бар. Алғашқы күні-ақ ол туралы сұрап біліп, тәртіп ережелерін сақтаған жөн.

Қай жерде де ең бірінші жұмыс сапасы емес, тәртіп керек. Осыны есте ұстаңыз.

4-КЕҢЕС: Жұмыста туыс болмайды!

Бастық – жездеңіз, бухгалтер – әпкеңіз болар?! Немесе ағаңызбен бірге бір мекемеде жұмыс істейтін шығарсыз. Есте ұстаңыз: туған-туыс үйіңізде, жұмыста емес. Жұмыс орнында «әпке», «аға», «жезде» деген сөздерден аулақ болыңыз.

5-КЕҢЕС: Көп тыңдап, аз сөйлеңіз!

Жұмысыңызға қатысты сұрақтарды ғана қойыңыз. «Бір кабинетте отырады екенбіз», «құрдас екенбіз» немесе «руласпыз», «ауылдас екенбіз» т.б. деп жеке басына, отбасына байланысты сұрақтарды жаудырудан аулақ болыңыз. Сондай-ақ, өзіңіз туралы картаны да жайып салмағаныңыз дұрыс.

Әрине, тым тұйық болудың қажеті жоқ, ашық болыңыз. Бірақ, шекарадан аспаңыз.

6-КЕҢЕС: Жақтамаңыз, даттамаңыз!

Ұжымда жұлдызы қарсы екі адам (немесе топ) болуы мүмкін. Олардың дау-дамайына араласпаңыз. Тіпті, сырттай «оныкі дұрыс, бұныкі бұрыс» деп талқылаудан да аулақ болыңыз.

Немесе әлдебіреу туралы өсек-аяң естідіңіз, я болмаса ұжымдағы екеудің махаббатына куә боп қалдыңыз делік, естігеніңізді де, көргеніңізді де сол мезетте-ақ ұмытыңыз. Келесі адамға келіп айтудан сақ болыңыз.

7-КЕҢЕС: Керіспеңіз, келісіңіз!

Жұмыс барысында түрлі жағдай орын алады. Ұрыс-керіс, айқай-шу, ескерту, сөгіс т.б. Бұл ұжымға жаңа қызметкер екеніңізді ұмытпаңыз. Ал, жұмысқа кеше ғана қабылданған қызметкер керіспейді, келіседі. Мейлі, келіспей-ақ қойыңыз, бірақ ар-намысқа тиетін сөздерден аулақ болыңыз.

Жаңа жұмыс орнында ең басты осындай қателіктерден аулақ болсаңыз, қабілет-қарымыңызды, біліміңізді көрсетуге, қызметте сатылап жоғарылауға ешнәрсе кедергі бола қоймас. Айтпақшы, соңғы кеңес – жұмыс күні басталғанға дейін Ар-намыс Кодексі мен Әдеп Кодексін интернеттен тауып бір рет оқып шықсаңыз артық болмас.

Ж.СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ