ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Нәтижелер жәрмеңкесі» өтті

0
95

Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы нақты жетістіктері мен көрсеткіштері таныстырылды


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Нәтижелер жәрмеңкесі» өтті

Ордабасы ауданында «Нәтижелер жәрмеңкесі» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аудан, қалаларда жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту бастамалары жандана түсті. Осы ретте Ордабасы ауданының орталығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді мақсат еткен «Нәтижелер жәрмеңкесі» атты ауқымды іс-шара өтті. Ол Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаты Талғат Жанысбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен тұрғындар қатысты.


Жәрмеңкенің басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру арқылы аудан экономикасын өркендету.


Бұл бастама «Еңбек нарығын арттырудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Жұмысшылар жылы» аясында жүзеге асырылуда.


Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы нақты жетістіктері мен көрсеткіштері таныстырылды:

➖Өңірлік жұмыспен қамту картасы негізінде 2025 жылы 7484 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған;

➖Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 7218 жаңа жұмыс орны құрылды;

➖1541 азамат субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды;


Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 2030 жұмыс орны тіркелді.


Жиында аудан басшысы сөз сөйлеп, жұмыспен қамту мен еңбек нарығын дамыту елдің тұрақты өсіміне негіз болатынын атап өтті.


– Жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі. Әрбір азаматтың еңбегі мен табысы – ауданның, облыстың және жалпы елдің тұрақты дамуының кепілі. Еңбек адамын қолдау, жұмыс орындарын көбейту – біздің басты міндетіміз, – деді.


Шара барысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып, кәсіпкерлік пен еңбек саласында жоғары белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді.


Жәрмеңке соңында қатысушылар бос жұмыс орындарымен танысып, еңбек және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңес алды.

Бөлісу