«KAZAGRO-2025»: Түркістандық делегация халықаралық көрмеге қатысты

0
83

Көрмеде әлемнің алпауыт елдерінен келген компаниялардың тауарлары кең көлемде ұсынылды.


«KAZAGRO-2025»: Түркістандық делегация халықаралық көрмеге қатысты

Астана қаласында ауыл шаруашылығы саласына арналған халықаралық «KazAgro-2025» көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ауқымды шараның мақсаты өңірлерде ауыл шаруашылығын ұдайы дамыту, инновациялық технологияларды қолдану арқылы экспорт көлемін арттыруға бағытталған.


Көрмеде әлемнің алпауыт елдерінен келген компаниялардың тауарлары кең көлемде ұсынылды. Олардың қатарында Германия, Қытай, Чехия, Беларусь және Австрия мемлекеттері бар. Аталған елдердің ауыл шаруашылығы компанияларымен "TURKISTAN INVEST" ЖШС арасында іскерлік кездесулер ұйымдастырылып, онда Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Кездесу барысында өңірдің аграрлық өндірісін дамыту, қайта өңдеу және инфрақұрылым салаларындағы мүмкіндіктерін ілгерілету мәселелері жөнінде екі жақты пікір алмасу жұмыстары жүргізілді.


Сонымен қатар Австрияның ауыл шаруашылығы кластерінің (Austrian Agricultural Cluster) өкілі Херман Визермен кездесу өтіп, тараптар ет және сүт өндірісі, суару жүйелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бағытында ынтымақтастық мүмкіндіктерді талқылады. Жүздесуде Австрия кластерінің құрамындағы Bertsch Foodtec, Bertsch Laska, SmaXtec және Advantage Austria сынды жетекші компаниялардың жұмыс жүйесі таныстырылды. Бұл кәсіпорындар аграрлық машина жасау, қайта өңдеу және мал шаруашылығындағы цифрлық мониторинг салаларында озық жүйелі технологияларды ұсынады.


Келіссөздер нәтижесінде қос тарап ұзақ мерзімді серіктестікті дамыту және аграрлық саладағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді.


Айта кетейік, 2026 жылы Австрия делегациясының Түркістан облысына жұмыс сапары жоспарлануда. Іссапар аясында бизнес кездесулер өтіп, екі жақты ынтымақтастық жаңа перспективалары қарастырылады.

Бөлісу