Екі бала немесе қайырымдылық. Бердалы Рысбеков

0
966

Бір шал мен кемпірдің жалғыз баласы болған екен.


Екі бала немесе қайырымдылық. Бердалы Рысбеков

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Бір шал мен кемпірдің жалғыз баласы болған екен. Ол елгезек, ақылды, қайырымды боп өсіпті. Шал бір күні баласын шақырып алып:


-Балам, біз қартайдық – депті. –Енді біздің қолдан келер қайран жоқ. Шамаң келсе, дүние тауып, сен бізді асырасаң етті.


-Мақұл, әке, - дейді баласы. –Мен сіздерді асыраймын.


Сөйтеді де, баласы жолға қамданады. Дүние тауып келмекке түу алысқа аттанбақ болады. «Анау жер-жаһанды алып жатқан құба шөлден асып, мұнартқан тауларға барсам, сонда ел болар. Соларға қызмет етіп, дүние тауып қайтармын» деп ойлайды.


Сөйтіп, бір күні жол қапшығын арқалап, бала жолға шығады. Сол жүргеннен, қыбыр еткен тіршілігі жоқ құба шөлмен көп жүреді. Күн-түн демей жүре береді,жүре береді. Ақыры, әлденеше күн өткенде, әбден титықтап, кішкене бір сайға кеп тынықпақ болады. Сөйтіп, қапшығын қойып, тақырға қисая бергені сол еді.


-Ей, азамат! – деген дауысты естіп, селк етеді. Сөйтсе, сөйлеп жатқан кеуіп қалған бұлақтың ескі арнасы екен.


-Мен осындағы үп-үлкен айна бұлақ едім бір кезде, - дейді құрғақ арна. – Осы төңеректі гүл жайнатып, өткен-кеткеннің шөлін басушы едім. Жылдар өтті, мені топырақ пен шөп-шалам басып қалды. Құрып барам. Жолың болғыр, азамат, мені тазарта кет – дейді.


Бала орнынан тұрып, бұлақтың көзін арши бастайды. Таспен тырналап құмнан арылтады. Шөп-шаламнан тазартады. Сөйтіп, бұлақ көзі әбден тазарды-ау деген кезде барып, тынығуға жатады.


Ертесіне тұрса, бұлақ көзі ашылып, мөп-мөлдір салқын су жиналып қалыпты. Бала суға қанып, әрі қарай жүріп кетеді. Аптапты күнге, қараңғы түнге қарамай бірнеше күн жүреді. Ақыры, арып-ашып әбден болдырған кезде, айдалада тұрған бір алма ағашын көреді. Сол ағаштың саясына кеп дем алмақ болады. Сөйтсе, ағаш жартылай қурауға айналған екен. Баланың отыра бергені сол, кенет алма ағашы сөйлей бастайды;


-Ұлым, - дейді.–Егер қиналмасаң, маған су бер. Анау өзен арнасын меннен бұрып алып кеткелі, мен су көрмегелі қашан. Өліп барам.


-Мақұл, - дейді бала. –Мен қазір-ақ қандырамын сені.


Сөйтеді де, бақыршасын алып, өзенге жүгіреді. Жүгіріп отырып алмаға су әкеп құяды.Содан күн батқанша алмаға су тасумен болады. Ақыры, күн батып, алма әбден суға қанды-ау дегенде, жатып ұйықтайды.


Ертеңгісін тұрса, алма ағашы көккенбек, құлпырып тұр. Бала көңілденіп тағы да жолға шығады. Бір күн жүреді, екі күн жүреді. Ақыры, жүре-жүре бір биік таудың шегіне жетеді. Сөйтсе, сол таудың баурайында өлесі ат жатыр екен.


-Ей, азамат, бері бұрыла кет, - дейді ол. –Мен көптен ауырып жатырмын. Қозғалуға шамам жоқ. Әбен шөлдеп, қаталап біттім. Шөпке де жете алатын емеспін. Рақым етіп, маған су мен біраз шөп тастап кет.


Бала «мақұл» деп, өзеннен бақыршамен су әкеліп береді. Құшақ-құшақ шөп жұлып, аттың алдына қояды. Содан тағы да алға жол тартады. Тау сілемін кезіп ұзақ жүреді. Бірақ ешқандай ел кезікпейді. Енді не істедім деп жүрген кезде, бір кұні алдынан жарқыраған жота көрінеді. Жақын барса, бұл алтын тау екен. Жер-жердің бәрі жайнап , жарқырап жатқан алтын кесектері. Бала алтынды көтергенінше қапшыққа сап кері қайтады. Ұзақ жүріп, ақыры, манағы ауру ат жатқан баурайға келеді. Келсе, ат шауып жүр. Ауруынан айығып, жер тарпып ойнақшиды. Баланы көріп:


-Рахмет саған, азамат – дейді. –Сен мені ажалдан құтқардың. Менде енді саған бір жақсылық етейін. Мін арқама.


Бала алтынды өңгеріп, атқа қонады. Содан көп жол тартып, арып-ашып баяғы алма ағашына жетеді. Қараса, алма ағашы жайнап тұр. Бұталары тола хош иісті қып-қызыл алма.


-Балам, жақсылығыңды ұмытпаймын, қалағаныңша ал, же, - дейді Алма.


Бала аты екеуі алмаға қарық болады. Жолға да алады. Сонымен тағы да әлденеше күн жүріп, әбден сусадық дегенде, баяғы өзі аршыған бұлаққа жетеді. Қараса айналаның бәрі көк құрақ. Бұлақ айдын суға айналған. Мөлдіреп, тап-таза боп ағып жатыр. Бала рахаттана ішеді, жуынады. Көк құраққа атын жаяды. Мұнда да біраз тыныққан соң, бала тағы ел қайдасың деп атқа қонады. Ақыры, аман-есен еліне жетеді. Көп-көп алтын әкеледі. Ат қоштсып, мекеніне қайтып кетеді. Баланы көріп, ата-анасы қуанады. Алтынды көріп елі қуанады. Алтынды елмен тең бөлісіп, ырысқа кенеледі.


Ал бірақ мұны іші тар, көрсе қызар бір көршісі көре алмайды. Ол да бір күнібаласын азғырады. -Бар да сенде көп-көп алтын әкел – дейді. Бірақ оның баласы жатып ішер жалқау, тілазар еді. Күн жүреді, түн жүреді. Шөлді басып, әлденеше күн жүрген соң, ол да құрғауға айналған бір бұлаққа кезігеді. Бұлақ:


-Ей, азамат. Мені арши кет, құрғап барам. – дейді.


-Құрғамақ түгілі, неге топырақ болып кетпейсің, - дейді жалқау сонда бұлаққа. – Өзім әбден болдырып тұрмын . Тынығуым керек.


Сөйтеді де ол жатып ұйықтайды.


Ол содан тағы да көп күн өткен соң, айдалада жалғыз өсіп тұрған алма ағашының саясына келеді.


-Ұлым шөл қысып өліп тұрмын. Қиналмасаң анау өзеннен су құя кет – дейді ағаш.


-Өлмесең әдірем қал. Өзім аяғымды зорға сүйретіп кеп тұрмын, тынығуым керек, - деп қисая кетеді жалқау.


Тынығып, ертесіне ол тағы да жолға шығады. Араға әлденеше күн салып, жалқау ақыры тауға жетеді. Тау етегінде өлгелі жатқан атты көреді.


-Ей, қайырымды адам, мен ауырып қозғала алмай жатырмын, - дейді ат. –Маған су мен шөп беріп кет.


-Тапқан екенсің ақымақты, - дейді оған жалқау. –жолсоқты болып өзім де өлгелі тұрмын, тынығуым керек.


Ол сөйтеді де біраз тынығып алып жолға шығады. Ақыры алтын тауды табады. Қапшығына толтырып көп-көп алтын салады. Онысын әрең көтеріп, кері қайтады. Бірнеше күн жүріп өліп-өшіп манағы ауру ат жатқан жерге келсе, ат өліп қалыпты.


-Қап, әттеген-ай, мынаның да өле қалуын қарашы, - деп, одан әрі жүреді.Бірақ алтынды көтере алмай, жарымын тастап кетеді.


Одан тағы да көп күн өтіп, азып-тозып аштан өлуге таяп, баяы алма ағашына жетеді. Келсе алма ағашы қурап қалған. Қу бұталары сынып, айдалада шашылып жатыр.


-Қап, мына ағаштың да қурай қалғанын қарашы, ең болмса жапырағын сорып талшық ететін, - дейді жалқау. Ақыры, қапшығын көтеріп жүре алмайтын болған соң, бар алтынды сол жерге қалдырып, өзі тағы да алға ілбиді. Бірақ шөлден өту мүмкін емес. Ақыры, арада ай өтті-ау дегенде, еңбектеп, етпеттеп баяғы бұлаққа жетеді. Келсе, бұлақтың жұрнағы да қалмаған, шаңы шығып жатыр.


-Қап, қап! – деген жалқау сол жерде өкінішпен жан тапсырыпты. Сөйтіп, оның кержалқаулығы мен тілазарлығы өзінің түбіне жетіпті.


Түркістан облысы, Келес ауданының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бердалы Рысбеков Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Келес ауданының Құрметті азаматы. 7-8 кітаптың авторы балаларға арналған әңгіме, ертегі, фантастикалық шығармалар жазады.