Мүлгіген даланы таңғы самал қозғаған өсімдік атаулының сыбдыры мен у-шу құс даусы басып кетті.
Күміс табақ ай бозара жоғалып, алтын табақ күн қызара шашырап шыққан кез. Түн көрпесі желпіне көтерілмей сырғи түріліп, жадыраған жаз айының мөлдір аспанды жаймашуақ күніне жол берді. Мүлгіген даланы таңғы самал қозғаған өсімдік атаулының сыбдыры мен у-шу құс даусы басып кетті.
Айнала қалың қамыс өскен, күміс сулы «Қамысты көлдің» ық жағы ың-жың. Жалғыз аяғымен қаздиып, мойнын созып тырна тұр. Айдынға шомылып, кіршіксіз денесіне сылана қарап аққу жүр. Көл жағасындағы құмға дем алып, кеуде жүнін таранып қаз отыр. Шаңқ етіп қызғыш, қанатын серпи қалықтап қара-құс пен күйкентай ұшып жүр. Секектей шықылықтаған сауысқан. Алақ-жұлақ етіп шыны көз жапалақ пен қызыл көз қырғи да отыр. Көл беті қаптаған үйрек. Қалың қау арасында бұғып, ши, тобылғылардың басына қонып алып шырылдаған торғайлар да адам айтқысыз көп-ақ. Бәрінің аузында: «Апырай, кім қожа болар екен», деген сөз бар. Осы дүдәмәл ой мен пыш-пыштаған құрғақ тұспалды, қаздың қаңқылдаған даусы үзіп жіберді. Бәрі де жым болып, қаз аузына қарай қалысты.
— Ей, құс қауымы, үлкеніміз бар, кішіміз бар, әлдіміз бар, әлсізіміз бар, жүзгішіміз бар, биікке самғап ұшқышымыз бар — бәріміздің ортақ атымыз — құс. Біз рас құс бола тұрып, бір-бірімізге деген сонау атадан мирас болып келе жатқан өштігіміз де жоқ емес. Бүгінгі жиналып отырғанымыз, өздеріңе белгілі, арамыздан әділеттілік айтып, бірлікке шақырып отыратын лайықты бір құс табу.
Ол, әрине, барлық қасиеттерімен осы жердің иесі, қожасы болатындай дәрежеде болуы керек. Сондықтан, даурыға таласпай, әділ шешімге келейік. Ал, құс қаумы, бердім сөзді өздеріңе, — деп қасында отырған сыланған әдемі аққуға басын қисайта, бір қарап қойды. Мойнын не қалған аққу сызылған әсем үн шығарып, оның сөзін құптады.
Құстар ойланып қалды. Бірден сытыла шығып, суырыла сөйлеу оп-оңай соқпай отыр. Тек қана көкек ештеңе ойланбай-ақ, бір ұшып, бір қонып:
— Кәне, сөйлемейсіңдер ме, несі бар, сөйлеу керек, — деп тағат таппай жүр... Шымшық торғай да шиқ-шиқ етіп:
— Біздің де сөйлеуге қақымыз бар. «Үлкенің бар, кішің бар», деп жаңа бізді де айтып кетпеді ме, — деп өз қуанышын қайталап жүр.
Тағы да айналаға қарайлай берген көкек шыдай алмай кетті.
— Мен сөйлейін, мен, мен, — деп ортаға шықты. — Бүкіл адамзат баласының, бүкіл жүгірген аң, ұшқан құстың салтанатты жаз мезгілінің ең бір сұлу айы — май айы. Бұл айда жер беті кілемше түрленіп, лағыл, інжу, маржан тағынғандай болса, ағаш біткен өз жапырағының сілкінген лебімен салқындап, көктемнің самалымен тыныстап, тамыры қуалаған дымқыл жерден нәр алып, бой жазады. Міне, сол тамылжыған май айында, менің де тамылжыта салар «Көкек» әнім естіледі. Көктемді сағынғандар, менің әнімді де сағынады. Мен «кө-ө-кек, кө-кек» дегенде, үнсіз мүлгіп тұрған бүкіл дала жаңғырығып, сай-сала «кө-ө-ө-кек, кө-кек», деп қайталайды. Май айы бәріміз тыныстайтын жаз айының, ең әсем айы болса, көкек әні сол айдың меншікті әні секілді. Олай болса сол әннің иесі менің де құстар арасында ерекше орным бар ма деймін, — деп барып тоқтады.
Келесі сөзді қаратаған алды.
— Құста-а-р-р, құста-а-р-р-р! — деп бар даусымен шаңқылдап айнала қарап алған қаратаған, даусын бәсеңдете: — Мен әуелі өз қасиетіме тоқтамас бұрын, жаңағы бөсіп кеткен көкек жайында бір-екі сөз айтпақпын.
Көкек, сен несіне бөртіп, несіне пісесің. Қай өнеріңмен мақтанасың. Осы жерге келгеннен бері өзің бір орнында отырған жоқсың, бір ұшып, бір қондың. Дәйегің жоқ. Сондықтан да адам баласы өз ішінен шыққан ұшқалағын саған теңейді. «Көкек құсамай», «секеңдей берген көкек екенсің», деген сөзді талайлардың аузынан естімедік пе? Әншімін дейсің. Сенің қай жеріңде әншілік бар. Әніңнің өзі өз атыңды таныстыру үшін ғана айтылады. «Көкек, көкек», деп өзіңді өзің қайталау мақтаншақтық қана ма деймін. Ал, бір айдан кейін сен де, ол ән де жоқ. Сені жұрт «сақау көкек» деп атайды. Ендігәрі көктемнің сұлу айын өзің әкелгендей болма. Сақылдаған сары аяздың зәрі тарқап, қар астына су түсіп, өткір өкпек жел тұрмаса, май айы қайдан келер еді. Майды айтқанша март, апрель айларын неге айтпайсың. Сол қардың кетуін хабарлап жар салушы кім екен. Ол мына мен емеспін бе. Тобыммен ұшып, көктем даласын алғаш шуға бөлейтін бізді көрісімен-ақ, «енді қар көп жатпайды екен», дейтін халықтың қуанышын қайда қоясың. Олай болса, менің орным сенен де биік пе, қалай?! — деп басын шұлғып, сөзін бітірді.
Айтыстың беті әншілік салыстыруға айналып бара жатқан соң, торғайлар арасында еңсесін бұрын да биік ұстап отырған бұлбұл, одан сайын көтеріле қозғалып қойды. Мұны сезген маңайындағылар да оны қолдап: «Бұлекеңе сөз беріңдер, бұлекеңе», десіп қалып еді, ірі құстар да, «А, сөйлеймін десе сөйлесін, бұлбұл, иә, сөйле!» — деп құптай жөнелді. Орнынан самарқау көтерілген бұлбұл, айналасына нәштене бір қарап алды да, сәл бөгеліп барып сайрап кетті:
— Иә, құстар, бәріміз де қанатымызбен ұшып, құйрығымызбен қонамыз, тұмсығымызбен қоректенеміз. Бұл жағынан айырмашылығымыз жоқ сияқты.
Ал, қанатымен соғып, тұмсығымен бүріп жазықсыздарды жәбірлеудің мақтаныштығы жоқ. Оның аты — жыртқыштық.
Бағанадан үнсіз отырған қарақұс, қырғилар тұмсықтарын шақылдатып, өткір көздерін қадай, орындарынан ызалана қимылдап қойды. Бірақ, бұлбұл сасқан жоқ. Асқақ үні үдей түсті.
— Құстың ең ірі қасиеті — үнінде, әнінде. Дене тітіркендіретін, не ырғағы, не мәні жоқ барқыраған қарға даусы, көрінген жерде өсек айтып жағы талмайтын сауысқан шықылығы, мезгілсіз уақытта тыным таппайтын бөдене бытбылдығы, жылқы айдадым, деп өзін өзі жұбатып жүретін жылқышы ысқырығы — бәрі де тыңдаған сүйсінерлік, қалғыған сергіп, мүлгігеннің көңілі оянарлық әсем ән емес, тынышыңды алып, жиіркене тыжырынтарлық беймаза ғана. Бәріңе аян, менің атым әніммен әйгілі. Бұлбұл ән салды десе-ақ, жел уілін, аң жүгіруін, мал күйісін доғарады. Қалғыған тау, мүлгіген дала, тынған өзен, сылдырап аққан бұлақ, мәуелі ағаш — бәрі де сол әннің қошаметшісіне айналады. Сызыла тамылжып, шымырлай балқыған ән тыңдаушысының да бойын шымырлата балқытып, жанына ләззат құйып, ұйыта тебірентеді. Бүкіл ызыңсыз жапанда, керіле жатқан жазық дала, сай- салада ерке ән ғана еркін қанатын қағып, әдемі үнін шырқайды. Міне, бүкіл табиғатқа әніммен тіршілік себетін, рақатқа бөлейтін менің үніме ұқсас басқа үнді естіп қалса-ақ, адам баласы да: «Па, шіркін, бұлбұлша құйқылжытады екен, бұлбұлша тамылжытады!» деп маған теңейді. Олай болса, осы аймаққа қожа болуға жарамайсың деп, кәне, қайсысың айта аласыңдар?
Бағанадан тілінен май ағызып, нәшіне келтіріп әндете сөйлеген бұлбұлдың алдында ауыздарын ашып қалған құстар селк етісіп, өзін өзі ұмытып, ұйып қалғандықтарын аңғарды.
— Бірдеңе десеңдерші, — десіп, бір біріне дәрменсіз қарасты. Бірақ, жарылып шығып дәлел тауып, тоқтам айтатын ешкім табылмады. Бүкіл даланы бір сәт үнсіздік биледі. Алыста шырылдап ыршыған шегіртке үні ғана тыныштықты бұзып тұрды.
Әлден уақыттан соң, ауыр мінезді қоқыр үйрек ақырын барылдап орнынан тұрды да, басы қалтақтап ортаға беттеді. Барлық құс: «апырай, бұл не айтар екен!» деп таңырқап қарай қалысты.
Қоңыр үйрек, асықпастан, аптықпастан өзіне тән сабырлықпен сөйлеп кетті.
— Бұлбұлдың әншілігіне, оның тыңдағанды балқытар әсем үніне таласым жоқ, бәрі рас, — деді ол бірден.
— Бір-р-рақ, бір-р-ақ... Бұлбұл, сен осы жел гулеген жазық далада ән салып көрдің бе? Не болмаса қамыстан басқа панасы жоқ кемерін шылп-шылп толқын ұрған көң жағасында болып көрдің бе? Ондай жерде тыңдаушылар, сені білетіндер бар ма? Әрине, жоқ. Сен, қайда мәуелеген ағаш болса, қайда жел тимейтін, күн өтпейтін жасыл жапырақты, жұпар иісті сая болса, сонда жүресің. Сонда ғана сенің әнің құйқылжиды, сонда ғана сен құлпырасың. Олай болса, сенің жаның өзгелерден тым ардақты болғаны ма? Ендеше, қауыммен бірге бола алмайтын сенің әнің де көпшілікке арналмаған, көптік емес. Сен сияқты жаны ардақтылар бізге не әділдік, не жөн сілтемекші.
Отырғандар бас изесіп, «дұрыс айтады», десіп қалды біріне бірі. Үйрек әрі қарай сөзін жалғастыра берді.
— Осы біз жайлап жатқан ен далада құс іздегенде болса, сөз жоқ, тек қана көл аралайды. Көл — құстың мекен болса, құс — көлдің сәні. Ал енді осы көлдерде көп отырып көп мекендейтін, қар жауғанша жүретін құс кім? Ол — үйрек. Күндіз келсең де, түнде келсең де үйрек даусын естисің.
— Дұрыс емес! — деп шіңк ете қалды қос жұдырықтай қайда қоясың!
— Тыныштал! — дегендей қаз қаңқ етті.
Үйрек шәукілдек сөйледі-ау деп кәперіне де алған жоқ, тағы да сөйлей берді.
— Көлдің бетінде сыпылдай ұшып, тобымен көтерілетін шүрегейді, еркін қалқып, балдырды сүзіп, сабырлы бырылға салатын қоңыр үйрек — мені, су астында кең тыныстап, еркін сүңгитін қасқалдақты бағаламасаңдар, өздерін біліңдер. Онда, айтарым жоқ, — деп, қалтақтай басып барып, орнына отырды.
Үйрек орнынан жылжи бере-ақ «мен сөйлеймін, мен!» дегендер даланы басына көтерді. Келесі сөзді даусы бәрінен де басым, ащы дауысты қызғыш алды.
— Бәріңді қорғайтын, бәріннің қамқоршың мен, мен! — деп барынша айқай салды ол. — Көлдің көркі біз деп, үйрек, қателеспе! Біз болмасақ сенің күніңді көрер едім, — дегені тым ерсі болып кеткені сондай, отырғандар шыдай алмай ду күлісті. — Жоқ, күлетін ештеңесі жоқ, бүкіл көлдің қожасы мен. Олай болса, көлді мекендейтін бүкіл құсқа қалайша қожа бола алмайды дейсіңдер, — деді қызғыш, орнына кетіп бара жатып.
Бағанадан мойнын ішіне тығып, ұзын аяғын кезекпе-кезек ауыстырып тұрған тырна алды сөзді.
— Әй, қызғыш-ай, саған билік не керек еді. Сенсіз де еркін толқып, еркін сылдырап жататын айдын көлдің маңына біреу барып кетсе-ақ, «ой-ба-ай!» деп айқайлап көтерілесің. Көлді сенің ғана маңдайыңа басып қойғандай қызғана түрегелесің. Адам баласы өз қызғаншағын «көл қорыған қызғыштай!» деп тегін айтпаған-ау. Ал, мен болсам, артық сілтеп, артық мақтанудан аулақпын. Тек айтарым, осы отырған барлығыңнан мойным да ұзын, сирақтымын да, бәріңнен биік, сонау биік аспанға, бұлттан әрі ұшамын. Олай болса, бәріңнен биік, бәріңнен озық та орын менікі болуға лайықты шығар дегім келеді, — деп, айнала мойнын соза қарап барып тоқтады.
— Ей, тырна, мақтанбаймын деп тұрып, сен де мақтанып кеттің, — деп бастады сөзін қарақұс. — Сенің серейген бойыңа, ұзын сирағыңа, рабайсыз мойныңа, іліп аларға еті жоқ қу сүйек денеңе мақтанатын орның жоқ еді. Одан да, адам баласының еңбектеніп жер жыртып, тұқым сеуіп өсірген егінін отайтын жауымын десейші. Мына бізді айт, күніне екі тышқан болса да қиядан көріп, қиыннан қисынын келтіріп құртамыз. Егіннің жауына шабуыл жасап, адамға көмектесеміз. Олай болса менің мақтанышым орынды да бағалануға тиіс.
Анадайда отырған аққұйрық торғайға қарақұстың көзі түсіп кетіп еді.
— Иә, иә, дұрыс айтасыз! — деп құйрығын жыпың-жыпың еткізіп, қағып-қағып, басын изеп жағымпаздана қалды.
Мұны аңғарып қалған қырғи, отты көзін қадай, имек өткір тұмсығын тақылдатты. Аққұйрықтың зәресі ұшып кетті.
— Жоқ, сіз дұрыс айтасыз, сіз, сіз мәртебелі қырғи! — деп, ештеңе әлі сөйлемеген қырғиға қарап, одан сайын бәйек болып, сасқалақтап қалды. Орнынан жарбаң етіп, сүріне-қабына тұрған икемсіз жапалақ сөз алды.
— Ей, қарақұс, адам баласының досымын, қамқоршысымын, жауын жаралаушы жауынгермін деп несіне кеуде қағасың. Одан да жаңа көзін ашып, анасының соңы нан шиқылдап ерген жазықсыз тауықтық сары уыз балапанын ұрлайтын ұрымын деуге батылың жетпей тұрма? Қырағымын дейсің. Мына мені айт. Айсыз қараңғыда інінен көрініп қалған тышқандарды көз ілестірмей қағып әкетемін. Ешкімге залалым жоқ. Олай болса, адамзат сені емес, мені бағалайды. Ал, сендер не дейсіңдер? — деп алақандай көзін төңкеріп жіберіп құстарға қарады.
Орнынан сып етіп қырғи тұрды. Бұрын запыс болып қалған кішкентай құс атаулы тегіс селк етісіп, үрейленіп қалды.
— Ей, соқыр жапалақ, көзің бажырайып сен де билік айтқың келді-ау! Билік айтатын осы жерде қайсың барсыңдар, кәне! Бәрің ынжық, бәрің сорлысыңдар. Шетіңнен тиіссем, түгел қырып шығамын. Топшыларыңды қиып, допша түсіремін. Кәне, рас емес деңдерші! Адам баласы «қырғидайтиіп» дегенді тегін айтпаған шығар. Ендеше, билік те, қожалық та менікі емес пе! — деп өкім сөйлеп, батыл аяқтады сөзін қырғи.
Отырғандар бүрісе тыңдап, қорқа бұғып, үнсіз қалды. Тек ақ құйрық торғай ғана:
— Қырғи дұрыс айтады, дұрыс, дұрыс! — деп дамылсыз шық-шық етті. Оның құйрығы шолтаң-шолтаң етеді.
Орнынан қаз түрегелді.
— Уа, қырғи, сен озбырлығыңа, жыртқыштығыңа несіне мақтанасың. Адал еңбек, бейбіт өмір сүрдім деп мақтанамысың. Саған билікті береді екенбіз. Құлқының қан, ниетің өлтіру ғана болатын сен, кімді ондырасың. Қол астындағы құс атаулыны қырарсың да саларсың. Көре тұра сені біз бұл жердің иесі етіп сайлай алмаймыз. Қожамыз деп тани алмаймыз!
Адам баласы өз шешені, өз әділ сыншысы Қазбек дегеннің үнін менің үніме теңеп «қаз дауысты Қазбек» деп атаған. Олай болса, мен де сендерге билік айтуға жарармын деп ойлаймын.
Қаздан соң сылана басып, кіршіксіз аппақ аққу сымбатты мойнын сыпайы иіп түрегелді.
— Мен сендерді жамандап, не сынап ештеңе айтпаймын, — деп бастады ол сөзін. — Тек айтарым, адамзат мені «құстың патшасы» депті ғой, осыны ойларыңнан шығармасаңдар болады, — деп, сөзін доғара салды.
Отырған құстар бір-біріне жалтақтап қарасып, не дерін білмей қалды. Аққудың сөзі, бір ауыз болса да, бәрінікінен салмақты болып кетті. Билік те, қожалық та соған лайық сияқты. Бірақ, иеліктен дәмесі болып отырған әрқайсысы-ақ аққу қожамыз болсын, жер-судық иесі сол болсын, дегенді айта қойған жоқ. Дала тағы да бір сәл жым-жырт бола қалды. Көл қамысы ғана, ақырғы шешімді асыға күткендей сыбыр-сыбыр етеді. Осы тыныштықты қалың шөп арасында бұғып отырған суық торғайдың даусы бөліп жіберді.
— Менің бір айтар сөзім бар, рұқсат болса, — деп шырылдай көтеріліп, айнала шолып, көз тастады. Оған күле қараған басқа құстар: «Бұл байғұстың не айтатыны бар екен, сөйлесін, тыңдайық» десіп, бірі қызыға рұқсат етсе, бірі кекете ажуалайды.
— Жарайды, сөйле. Бірақ қысқа сөйле! — деді қаз, қасына жақындаған суық торғайға мойнын да бұрмастан. Жаңа түлеп келе жатқан мойын жүндері үрпие, мөлдіреген кішкентай көздері жасаурап, суық торғай сөйлеп кетті.
— Мен билік үшін, қожалық үшін таласпаймын. Бірақ жаңағы сөйлеп кеткен құстардың кеуде қағып мақтануларына шыдай алмадым. Бәрің де тамылжыған жаз айында, кең далада еркін жүріп мақтанасыңдар. Ертең-ақ жапырақ сарғайып, көл тартылып, шөп қурап, қара суықты күз келіп, қаңтар жақындағанда көрер едім, қалай паңданғандарыңды. Жылы жақ қайдасың, деп тізіліп алып қаша бастайсыңдар. Жем сауларың мен бөтегелеріңе қайда жем көп түседі, сонда боласыңдар. Сөйте тұрып, бұл жерге кожа болғыларың келеді.
Ал, мен болсам, осы араның ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыжыған жаз айларында да, қақаған қыс айларында да еңбегіммен нәр тауып, баспаналап, өз жерімді ешқайда тастап кетпеймін. Сондықтан да, адам баласы мені «суық торғай» деп атапты. Олай болса, бұл жердің негізгі құсы сендер емес, мен екенмін. Мен тұрғанда сендердің билік пен қожалыққа таласуларың ерсі-ақ.
Сөзден тосылған құстар титімдей суық торғайға жауап бере алмай, салы суға кетіп мүдірісіп қалды. Билік торғайларға тиді, деп куанып кеткен бозторғай, атылған оқтай тік көтерілді де, аспан өріне шырқай ұшып, әндете берді. Бірақ, қыстан жүдеп шыққан ұсқынсыздау кішкентай торғайға менсінбей қараған басқа құстар, бет-бетімен тарай бастады. Бірі көлге түсіп, бірі көкке ұшып, лезде жоқ болды.
Содан бері құстар билік үшін айтысуға жиналмайтын болыпты.
Сәкен Жүнісов (1934–2006) - 1 ақпанда Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы (1996). Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1957).
1957–1959 жж. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960–1964 жж. Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған.
Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты. Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде – 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде – М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды.
Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. «Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.
Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.