Олар қорқынышты жеңуге, ғаламшардың ғажайып сұлулығын жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді
Иллюстрациялық сурет: ЖИ
Бүгінде жүздеген метр биіктікке шығып, жерге жоғарыдан қарау үшін әуе көлігіне отырудың не кәсіби альпинист болудың қажеті жоқ. Ол үшін шолу алаңдары бар.
Шолу алаңы – маңайға биіктен көз тастап, айналаның сұлулығын алақандағыдай көріп, ләззат алудың бірегей мүмкіндігі. Кейбірі зәулім ғимараттардың төбесінде орналасса, енді біреулері тік құздың жиегінде бой көтерген. Екі таудың ортасына сымша тартылған түрлері тіптен тамаша! Бір қарағанда, қорқынышты көрінеді, оған шыққанда жүрегің тоқтап қалардай үрей билейді. Соған қарамастан, көпшілік басқа еш жерден көре алмайтын сұлулыққа тамсану үшін қорқынышымен бетпе-бет келеді. Заманауи инженерлік шешімдердің арқасында адам өміріне ешқандай қауіп төнбейтіні түсінікті.
Егер сіз де саяхат кезінде адреналин мен ұмытылмас әсер іздесеңіз, назарларыңызға әлемдегі ең ерекше шолу алаңдарының тізімін ұсынамыз.
1. Бурдж-Халифа (Дубай, БАӘ)
Әлемдегі ең биік ғимарат — Бурдж-Халифаның 124 және 148-қабаттарында атақты «At The Top» шолу алаңы орналасқан. Бұл жерден Дубай қаласының, сағым ойнаған шексіз шөл дала мен Парсы шығанағының ауқымды панорамасы ашылады.
Келушілер жоғары жылдамдықты лифтпен санаулы минуттарда көтеріледі. Қауіпсіздік үшін алаң толықтай берік шыны қоршаулармен жабдықталған.
2. Данангтағы «Алтын көпір» (Вьетнам)
2018 жылдың маусым айында Вьетнамның Бана Хиллс (Bana Hills) таулы аймағында ашылған бұл нысан бірден туристердің сүйікті орнына айналды.
Архитектурасы өте креативті. Теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 150 метрлік ашық сары түсті көпірді екі алып сиқырлы қол ұстап тұрғандай әсер береді. Ол айналадағы тұсма табиғатпен тамаша үйлесім тапқан.
3. Лангкави аспан көпірі (Малайзия)
Ганунг тауларындағы 700 метрлік терең шатқалдың үстінде орналасқан бұл аспалы көпірдің ұзындығы 125 метрді құрайды. Көпірдің пішіні иілген доға тәрізді,
Орта тұсында жалғыз металл тірек (пилон) бар. Мұнда Малайзия табиғатын, тұманды тау шыңдарын, тіпті Тайландтың бір бөлігін тамашалауға болатын екі бұрылыс алаңы жасалған. Көпір аяқ астында сәл теңселіп, сықырлаған дыбыстар шығарады, сонымен қатар еденінде арнайы шыны «терезелер» бар. Адреналинге толы серуен іздегендер үшін таптырмас орын.
4. Ванкувердегі Cliff Walk (Канада)
Канаданың табиғи қорығында, ағаштардың ұшар басында орналасқан бұл соқпақ ағаш пен болаттан жасалған аспалы конструкция болып табылады.
Маршрут ұзындығы небәрі 230 метр, ал ені жарты метрден сәл ғана асады. Соқпақтың кейбір бөліктері толығымен шыныдан жасалғандықтан, мұнда серуендеуге кез келген адамның жүрегі дауалай бермейді.
5. Titlis Cliff Walk аспалы көпірі (Швейцария)
Titlis Cliff Walk – инженерлік керемет, Еуропадағы ең биік аспалы көпір. Титлис тауында екі жартастың арасында, теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте салынған. Энгельберг курортының қонақтары терең тұңғиықтың үстімен ешқандай қауіпсіз серуендей алады. Көпірдің ұзындығы – 100 метр, ені – небәрі 1 метр. Ол үнемі теңселіп тұрады, бірақ жоғары қоршаулары қауіпсіздікке кепілдік береді. Альпі тауларының ең керемет суреттерін түсіруді армандайтын экстремалдар үшін таптырмас бағыт.
6. Тяньмэнь тауындағы «Шыны аспан соқпағы» (Қытай)
Қытайлық инженерлер мен архитекторлар Тяньмэнь тау сілемінің ең биік шыңында, 1500 метр биіктікте жартасқа жабысып тұрған тар балкон іспетті шыны соқпақ салды.
Ұзындығы 60 метрлік бұл аттракцион сондай қорқынышты, тіпті ең батыл саяхатшылардың өзі жартас қабырғасына қысылып, кейде тіпті тізерлеп еңбектеп өтуге мәжбүр болады.
7. Гранд-Каньон Скайуок (Аризона, АҚШ)
Сәулетші Марк Росс Джонсонның жобасымен салынған бұл нысан — Гранд-Каньонның батыс бөлігінде, Колорадо өзенінен 1200 метр биіктікте орналасқан таға тәріздес шыны көпір.
Көпір құз жиегінен алға қарай 20 метрге шығып тұр. Едені де, тұтқалары да шыныдан жасалғандықтан, адам ауада қалқып жүргендей сезінеді. Мөлдір шыны жұқа, сынып кетердей көрінгенімен, конструкция 8 балдық жер сілкінісіне, сағатына 160 км жылдамдықпен соғатын желге және 70 тонна жүктемеге шыдай алады.
8. Tokyo Skytree (Токио, Жапония)
Биіктігі 634 метрді құрайтын бұл телемұнарада 350 және 450 метр биіктікте екі бірдей шолу деңгейі қарастырылған. Аспан ашық күндері бұл жерден бүкіл Токио мен әйгілі Фудзи тауы анық көрінеді. Мұнарада ұмытылмас сезім сыйлайтын арнайы шыны еденді аймақ бар.
9. Чжанцзяцзе шыны көпірі (Қытай)
Чжанцзяцзе ұлттық паркінде орналасқан бұл көпір – әлемдегі ең ұзын және ең биік шыны көпірлердің бірі. Ұзындығы – 430 метр, ал терең шатқалдан биіктігі – 400 метрді құрайды. Өзінің экстремалдылығына қарамастан, ол толық қауіпсіз екенін дәлелдеген. Дегенмен, қауіпсіздік үшін күніне келушілер санына шектеу қойылады.
10. SkyPoint шолу алаңы (Голд-Кост, Австралия)
Сәулетші Кент Эллиотт жобалаған Австралиядағы ең биік Q1 Tower ғимаратының 78-қабатында (230 метр биіктікте) орналасқан. Мұнда қалың шынының артында тұрып Байрон-бэй шығанағы мен Тынық мұхитының панорамасын көруге болады. Ал егер сізге адреналин жетіспесе және «шашыңызды жел тербегенін» сезгіңіз келсе, ашық аспан астында жаяу 270 метр биіктікке көтерілуге болады. Бұл экстремалды серуен 90 минутқа созылады және оған жас пен денсаулық жағдайына байланысты арнайы шектеулер қойылған.
Заманауи шолу алаңдары мен аспалы көпірлер – жай ғана туристік нысандар емес, адам баласының қиялы мен озық инженерлік ойдың шыңы. Олар қорқынышты жеңуге, үйреншікті шекаралардан шығуға және ғаламшардың ғажайып сұлулығын мүлдем жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді. Бұл орындардың әрқайсы өмір бойы естен кетпес ерекше әсер сыйлайтыны анық. Ең бастысы, биіктіктен қорықпай, әлемнің кеңдігін сезінуге жүрексінбеу.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
РЕТРИТ – рухани ем бе, әлде бос шығын ба?
Туристер үшін ең қауіпті 10 жағажай


